Қонаевта «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыз су және кәріз желілерін жаңғыртуға бағытталған екі ірі жоба жүзеге асырылады. Жобаларға Үкімет резервінен жалпы 1 млрд 689 млн теңге бөлінді.
Құрылыс жұмыстарын 10 қыркүйекке дейін бастау жоспарлануда. Жобаларды жыл соңына дейін аяқтау көзделген.
Алғашқы жоба С.Нұрмағанбетов көшесіндегі құдықтан Шошқалы сай арқылы №4 кәріз-сорғы станциясына дейінгі кәріз желісін жаңғыртуды қамтиды. Жобаның құны – 1 млрд 246 млн теңге. Жұмыстарды «Байсын-А» ЖШС жүргізеді. Жаңғырту барысында жалпы ұзындығы 4 068 метр кәріз желісі ауыстырылып, диаметрі 150-ден 400 мм-ге дейінгі құбырлар жаңартылады. Сонымен қатар 157 кәріз құдығын жаңарту жоспарланған.
Аталған желі арқылы бүгінде 7 мың жеке тұрғын үй, 21 көпқабатты үй және 10 мекеме қызмет көрсетіледі.
Екінші жоба Алматы және С.Сейфуллин көшелеріндегі ауыз су желілерін жаңғыртуға бағытталған. Құрылысқа 443 млн теңге қарастырылған. Мердігер ұйым – «АГС-ПЛАСТ» ЖШС. Жоспар бойынша диаметрі 500 мм болатын 4 477 метр ауыз су желісі ауыстырылады. Қазіргі таңда бұл желі арқылы 9 мың жеке тұрғын үй, 22 көппәтерлі үй және 20 мекеме ауыз сумен қамтылып отыр.
«Желілердің пайдалану мерзімі 58-60 жылға жетті. Олардың тозуы апаттық жағдайлардың туындау қаупін арттырып отыр. Сондықтан Ұлттық жоба аясындағы бұл жұмыстар қала үшін өте маңызды. Желілердің жаңартылуы коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді ШЖҚ «Қонаев Су Арнасы» МКК директоры Берік Жамбылов.
Айта кетейік, бүгінде Қонаевта Ұлттық жоба аясында 2 шақырымнан астам жылу желісін жаңғырту жұмыстары да жүргізіліп жатыр.