Перейти к содержимому

Саналы ұрпақ – жарқын болашақ

21 қаралым

Алматы облысының мектептері жаңа оқу жылына сақадай-сай. Биыл өңірде оқушы санының өсуіне байланысты жаңа мектептерді іске қосу, үш ауысымда оқытуды қысқарту, білім сапасын арттыру және әлеуметтік қолдауды күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. 2026-2027 оқу жылында облыстағы 497 жалпы білім беретін мектепте 384 786 оқушы білім алады деп жоспарлануда. Оның 447-сі – мемлекеттік, 50-і – жекеменшік. Өткен оқу жылымен салыстырғанда 5 262 оқушыға көп. Бірінші сыныпқа биыл 35 694 бала қабылданса, былтыр бұл көрсеткіш 34 977 болған. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбырбаева айтты.

Диана Тетенқызы оқушы саны­ның жыл сайын артуы мектеп инфра­құрылымын жаңарту мен жаңа орындар ашуды қажет ететінін жеткізді. Оның сөзіне сүйенсек, биыл бірінші сыныпқа қабылданған балалар саны өткен жылмен салыстырғанда 717 балаға артқан. Сондықтан мектептердегі орын тапшылығын азайту, үш ауысымды оқыту мәселесін шешу басты міндеттердің бірі саналады. Осы бағытта биыл жалпы сыйымдылығы 4 200 орын болатын бес «Келешек мектебін» 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жаңа мектептер Еңбекшіқазақ ауданының Ащысай және Сатай ауылдарында, Іле ауданының Тілендиев ауылында, Қарасай ауданының Бұлақты ауылында және Алатау қаласының Қоянқұс ықшамауданында бой көтерді. Бұл мектептердің іске қосылуы үш мектептегі үш ауысымды оқыту мен тағы екі мектептегі оқушы орындарының тапшылығын шешуге мүмкіндік бермек. Мәселен, Алатау қаласының Қоянқұс ауылындағы №13 мектеп 240 орынға есептелгенімен, онда 654 оқушы білім алған. Іле ауданы Тілендиев ауылындағы 600 орынды №26 орта мектепте 1 805 оқушы оқыған. Ал Қарасай ауданындағы Бұлақты ауылындағы бастауыш мектеп 60 орынға арналғанымен, оқушы саны 172-ге жеткен. Жаңа мектептердің есебінен осы нысандардағы жүктеме азайып, үш ауысымда оқыту мәселесі шешіледі.
Облыстық білім басқармасының өкілі білім беру инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары мұнымен тоқтамайтынын айтып, ағымдағы жылы «EPC+F» механизмі бойынша жалпы сыйымдылығы 5 100 орын болатын тағы бес мектептің құрылысы жоспарланғанын сөзіне қосты. Сонымен қатар Алматы агломерациясына кіретін ауылдарда Алматы қаласының бюджеті есебінен құны 41,8 млрд теңге болатын бес мектеп салу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Шағын жинақты мектептер саны да өзгерді. 2025-2026 оқу жылында облыста 76 шағын жинақты мектеп болса, жаңа оқу жылында оқушы контингенті 5871 болатын 73 мектеп жұмыс істейді. Облыс әкімдігінің 2026 жылғы 30 шілдедегі №184 қаулысына сәйкес Кеген ауданындағы Кеңсу бастауыш мектебі, Жамбыл ауданындағы Бұлақ және Үшбұлақ бастауыш мектептерінің қызметі тоқтатылды. Бұл мектептердегі оқушылар басқа білім беру ұйымдарында оқуын жалғастырмақ.
Мектеп саны мен оқушы орындары маңызды болғанымен, білім беру жүйесінің негізгі көрсеткіші – білім сапасы. 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша облыстағы білім сапасы 69,5 пайызға жетті. Білім сапасын арттыру – жаңа оқу жылындағы негізгі міндеттердің бірі. Сонымен бірге биыл күрделі жөндеу жоспарланған 12 мектептің 10-ында жұмыстар аяқталды. Қалған екі нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген.
Жаңа оқу жылына дайындық тек мектеп ғимараттарын әзірлеумен шек­телмейді. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалардың мектепке толық дайын болып баруына да жағдай жасалуда. Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларды қолдауға 7 млрд 053 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде мектеп формасы, тамақтану және лагерь шығындары қамтылған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес 60 049 балаға мектеп формасын сатып алуға 3 млрд 053,6 млн теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көмек алатын балалар санының 1 931-ге артқанын көрсетеді. Ал «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында 10 мыңға жуық балаға жалпы 213 млн теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетілді. Осы орайда Диана Тетенқызы:
– Балалардың әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алуына тең мүм­кіндік жасау – біздің басты міндетіміз. Сондықтан жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік қолдау шараларына ерекше мән беріліп отыр. Балалардың дұрыс тамақтануы да назардан тыс қалған жоқ. 2026-2027 оқу жылында облыстық бюджеттен 185 012 оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 16 млрд 993 млн теңге қарастырылды. Өткен оқу жылында облыстағы 447 жалпы білім беретін мектептің 390-ында, яғни 87,1 пайызында типтік асханалар жұмыс істеп, 181 986 оқушы ыстық тамақпен қамтылған болатын, – деді.
Білім саласының маманы ауылдық жерлердегі оқушыларды мектепке тасымалдауда білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ететін маңызды бағыт екенін айтты. 2025-2026 оқу жылында 281 елдімекеннен 136 мектепке шамамен 31 мың оқушы 256 автобуспен тасымалданды. Жаңа оқу жылында 29 мың оқушыны тасымалдау жоспарланып отыр. Автопаркті жаңарту үшін лизинг арқылы 2027-2029 жылдары 52 автобус сатып алу көзделгенін сөзіне қосты. Диана Тетенқызы жаңа оқу жылындағы тәрбие жұмысы «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы, сондай-ақ «Заң және тәртіп» пен «Адал еңбек» қағидаттары негізінде жүргізілетінін тілге тиек етіп, 1 қыркүйек – Білім күні «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізілетінін жеткізді.
– Білім күні – ең алдымен баланың мерекесі. Сондықтан оның мазмұны баланың білімге деген қызығушылығын арттыруға, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерін қалып­тас­тыруға бағытталуы керек. Салтанаттан бұрын балаға қолайлы әрі қауіпсіз орта маңызды, – деді ол.
Жалпы, Алматы облысында жаңа оқу жылына дайындықтың негізгі бағыты – мектеп санын көбейтумен ғана шектелмей, білім алуға қолайлы орта қалыптастыру. Үш ауысымды мектептер санын азайту, білім сапасын көтеру, әлеуметтік қолдауды күшейту және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету барлығы бір мақсатқа тоғысады.

Құралбек СӘБИТОВ