Перейти к содержимому

Сазгерлер саябағы

14 қаралым

Райымбек ауданының 90 жылдығына орай Еркін Ібітанов атындағы Қарасаз ауылдық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Сазгерлер саябағы» атты музыкалық кеш өтті. Шараның мақсаты – туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, өңірден шыққан композиторлардың туындыларын жас ұрпаққа насихаттау, әсем саз арқылы көрерменге рухани-эстетикалық тәрбие беру.

Тұзкөл жағасында өткен шараға Райымбек аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы Азат Есболатұлы, Баққожа Мұқай атындағы аудандық Мәдениет үйінің директоры Медет Серікұлы, Қарасаз ауылдық округінің әкімі Ұлан Сәрсенбаев, ауылдық Мәдениет үйлерінің директорлары, ауыл тұрғындары қатысты.
– Армысыздар, өнерсүйер қауым! Әсем ән мен сырлы саз тоғысқан өнер кешіне қош келдіңіздер! – деген Еркін Ібітанов атындағы Қарасаз ауылдық Мәдениет үйінің директоры Нартай Шымырбаев іс-шараны жүргізіп отырды.
«Анау – Тянь-Шань, ал анау – Хантәңірі,
Байырғы бұл өлкенің ғұламасы…» – деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, шараның шымылдығы ақын Бақыт Бұқарбековтің сөзіне жазылған, композитор Еркін Төлепбергеновтің «Хантәңірі» әнімен түрілді. Әсем әнді орындаған Нұрбақыт Мамытханов кештің мазмұнын айшықтай түсті. Бұдан кейін қазақтың ұлттық әуезімен астасқан көркем шығармалардың бірі «Ерке сылқым» күйін Қонақбай Серік пен Тұрдәлі Талғат домбыра шанағынан төгілтсе, ауыл өнерпаздары – Дархан Қырықбаев, Әлеш Нұркелді, Алмас Қияс, Рамазан Құралбайұлы, Мейрамбек Ерболатұлы және «Үміт» тобы өнер көрсетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 
Райымбек аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы Азат Есболатұлы, ауыл әкімі Ұлан Сәрсенбаев шараға атсалысқан ауыл өнерпаздарына алғысын білдірді. Қарасаз ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Көшербай Қазыбаев көпшілікке ақ батасын берді.
– Біздің ауданда өнердің қайнаған құтты мекені екенін тағы бір мәрте дәлелдеген тағылымды кеш болды. Осындай игі шаралар арқылы өскелең ұрпақ туған жердің таланттарын танып, олардың шығармашылығынан рухани нәр алады, – деген аудандық Мәдениет үйінің директоры Медет Серікұлы шараны қорытындылап, өнер иелеріне ризашылығын білдірді.
Осылайша, Тұзкөл жағасында өнердің ғажайып әлеміне саяхат жасап қайттық. Кеште орындалған әрбір ән туған жерді, елді, ұлттық өнерді, адам жүрегіндегі нәзік сезімді дәріптеді.
Алдағы уақытта мәдени шараларды жоғары деңгейде  ұйымдастырған ауылдық Мәдениет үйлері комиссия шешімен анықталып, үздіктер ақшалай және заттай сыйлықтармен марапатталатын болады.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Райымбек ауданы