Қоғамдағы тәртіпті тек полицияның бақылауы немесе заң талаптарының орындалуымен байланыстыру жеткіліксіз. Шын мәнінде, заң мен тәртіп – әр адамның күнделікті әрекетінен көрінетін қоғамдық мәдениеттің бір бөлігі. Көшеде қоқыс тастамау, қоғамдық орында өзгенің тыныштығын бұзбау, жол ережесін сақтау, кезекте тәртіппен тұру сияқты қарапайым әрекеттердің өзі құқықтық мәдениеттің көрінісі.
Заңның қоғамдағы басты міндеті – азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау, адамдар арасындағы қарым-қатынастың ортақ тәртібін қалыптастыру. Ал осы талаптардың орындалуы әр адамның өз жауапкершілігін сезінуіне тікелей байланысты.
Кейде «менің бір әрекетімнен не өзгереді?» деген түсінік кездеседі. Алайда қоғамдық тәртіпке кері әсер ететін көптеген жағдай дәл осындай немқұрайлылықтан басталады. Бір адамның ережені елемеуі екінші адамға үлгі болуы мүмкін. Сондықтан тәртіпті сақтау – өзгеден талап ететін міндет емес, ең алдымен өзіңнен басталатын жауапкершілік.
Бұл ретте отбасы мен мектептің де рөлі ерекше. Бала заңды тек оқулықтан емес, ересектердің күнделікті ісінен үйренеді. Үлкендердің қоғамдық орындардағы мәдениеті, жолдағы тәртібі, өзгенің құқығына деген құрметі – жас ұрпаққа берілетін маңызды тәрбие.
Заң мен тәртіп орнаған қоғамда азамат өз құқығын ғана емес, өз міндетін де жақсы түсінеді. Өзгенің құқығын құрметтеу, белгіленген ережені сақтау және қоғамдық ортаға жауапкершілікпен қарау – құқықтық мәдениеттің негізгі белгілері.
Сондықтан тәртіпті тек заң бұзылғаннан кейін талап етпей, оны күнделікті өмір салтына айналдыру маңызды. Себебі қауіпсіз әрі әділетті қоғам үлкен ұрандардан емес, әр адамның қарапайым жауапты әрекетінен қалыптасады.
Заң – қоғамның ортақ ережесі болса, тәртіп – сол ережеге деген ортақ құрмет.
Бағила ТАЙЖЕНБЕТОВА,
Т.Жанұзақов атындағы орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі
Нарынқол ауылы, Райымбек ауданы