Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Тазы тұқымын сақтауға үлес қосып жүр

Тазы тұқымын сақтауға үлес қосып жүр

50 қаралым

Әлімсақтан  табиғатпен үйлесімде өмір сүріп, иен далада мал өсіріп, көшпенді өмір сүрген ата-бабаларымыз тазыны жетіқазынаның біріне балаған, адамның адал серігі әрі көмекшісі ретінде ерекше қадірлеген.

  Нестер Курджиди – грек ұлтының өкілі. Талғар ауданы Панфилов ауылында тұратын ол бала күнінен тазы өсіріп, әртүрлі жарыстарға қатысып келе жатқан саятшыл азамат. Қазір оның күтімінде бірнеше тазы бар. Олардың бәрін әбден баптап, облыс, республика деңгейінде өтетін түрлі жарыстарға жиі қатысады. Бірнеше рет жүлделі орындарды алып, тіпті, жеңімпаз болған кезі де бар.

– Менің әкем Павел Петрович тазы өсіретін.  Кішкентайымнан әкемнің қасында жүріп, тазыны қалай күтуді, қалай баптауды, бәрін-бәрін  сол кісіден үйрендім. Мен тазыны өте жақсы көремін, тіпті онымен ауырамын десем де болады. Өйткені тазы ерекше тұқым, өте ақылды, мейрімді және көрікті.  Отбасында әкемнің ізін қуған тек мен ғана. Алдағы басты мақсатым – қолдағы тазыларымның тұқымын таза ұстап, күтіп-баптап әрі қарай дамыту. Осы мақсатта әртүрлі байқауларға, саятшылық жарыстарға тұрақты түрде қатысып келемін. Тазыларым жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр, – дейді Нестер.

Менің «Қазақша тәп-тәуір сөйлейді екенсің, оны қалай үйрендің?»  деген сұрағыма ол ойланбастан:

–Қазақстан – менің Отаным! Сондықтан қазақ тілін білуді азаматтық парызым деп санаймын – деді.

2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазының ұлттық құндылық екенін айтты және оған айрықша көңіл бөлу жөнінде тапсырма берді. Тазы мен төбет сияқты қазақы ит тұқымдарын сақтау және қалпына келтіру мәселелері жөнінде арнайы жиын  өтті. Ал 2023 жылдың қаңтар айында заң қабылданды. Президент ол жөнінде: «Құмай тазы – ерекше жануар, қазақтың жеті қазынасының бірі. Біз тазы мен төбетті халықаралық деңгейде кеңірек дәріптеуіміз керек. Сыртқы істер министрлігі де міндетті түрде атсалысуы қажет. Тазыға ерекше күтім, қамқорлық, кәсіби көзқарас қажет. Сол үшін арнайы заң қабылдадық», – деді.

Әрине, қазір кең-байтақ еліміздің барлық өңірінде қазақы тазы бар деп айту қиын. Бірақ Нестер сияқты туған жерін, елін, оның тілі мен бүкіл ұлттық құндылықтарын жан-тәнімен сүйетін, оларды дамытуға өзіндік үлес қосқысы келетін азаматтар барда бұл ғажап қазынамыз да молаймаса, азаймайтыны анық!

 Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы