Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар Ұйғыр ауданында тұрақты жүргізіліп келеді. Осы мақсатта аудан прокуратурасы мен полиция бөлімі бірлесіп профилактикалық рейдтік шаралар ұйымдастырда.
«Саналы ұрпақ» және «Қауіпсіз демалыс» жобалары аясында өткен түнгі рейдтер кезінде ойын-сауық орындары, дәмханалар және тұрғындар көп жиналатын басқа да нысандар тексерілді.
Тексеру барысында түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген жасөспірімдер анықталды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың заң талаптарына сәйкес түнгі уақытта болуына рұқсат етілмейтін орындарға барған жағдайлары да тіркелді. Анықталған құқықбұзушылықтар бойынша жасөспірімдердің заңды өкілдеріне және талаптарды сақтамаған нысандардың иелері мен жауапты тұлғаларына қатысты заңда белгіленген әкімшілік шаралар қолданылды.
Мұндай рейдтердің мақсаты – ата-анаға жаза қолдану немесе кәсіпкерлерді тексерумен шектелу емес, ең алдымен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жасөспірімнің қайда жүргеніне мән беру, түнгі уақытта бақылаусыз қалдырмау және заң талаптарын сақтау – ортақ жауапкершілік.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы