Перейти к содержимому
Басты бет / Әдебиет / Түркі әлемі композиторларының одағы құрылады

Түркі әлемі композиторларының одағы құрылады

67 қаралым

2026 жылғы 18-20 қыркүйекте Баку қаласында XVIII Халықаралық Үзейір Гаджибейлі музыка фестивалі аясында Түркі әлемі композиторларының I Құрылтайы өтеді. Жоба Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры тарапынан ИСЕСКО-ның Баку өңірлік кеңесі, Әзербайжан Композиторлар одағы және Әзербайжан ұлттық консерваториясымен бірлесіп жүзеге асырылады.Құрылтай Бірінші Баку түркологиялық конгресінің 100 жылдығына, Низами Гәнжауидің 885 жылдығына және Әлішер Науаидың 585 жылдығына арналады. Ауқымды мәдени шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан және Венгрияның музыка саласындағы көрнекті өкілдері қатысады. Құрылтайдың ауқымды бағдарламасы институционалдық, ғылыми және концерттік бағыттарды қамтиды. Үш күн ішінде пленарлық және құрылтай отырыстары, халықаралық дөңгелек үстел, тақырыптық көрмелер, сондай-ақ симфониялық, камералық және дәстүрлі музыка концерттері өтеді. Құрылтайдың басты оқиғасы Түркі әлемі композиторларының одағы – Turkic Union of Composers (TUC) құрылуы болмақ. Жаңа Одақ түркі мемлекеттерінің жетекші композиторларын, музыкатанушыларын, орындаушыларын және ірі музыкалық ұйымдарының өкілдерін біріктіруді көздейді.19 қыркүйекте Түркі мәдениеті және мұрасы қорының штаб-пәтерінде Түркі әлемі композиторлары одағының құрылтай отырысы өтеді. Отырыс барысында TUC құру туралы Баку декларациясына қол қою, сондай-ақ жаңа халықаралық кәсіби платформаның Жарғы жобасын талқылау жоспарлануда. Одақтың құрылуы түркі әлемі елдерінің музыкалық қауымдастықтары арасындағы кәсіби байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болмақ. Ортақ музыкалық мұраны сақтау мен дамытуға, заманауи композиторлық мектептерді қолдауға, шығармашылық алмасуға және түркі әлемінің музыкасын халықаралық сахнада кеңінен танытуға ерекше назар аударылады. Ал 2026 жылғы 19 қыркүйекте сағат 16:00-де Түркі мәдениеті және мұрасы қорының штаб-пәтерінде Түркі әлемі композиторларының I Құрылтайының қорытындыларына, Turkic Union of Composers (TUC) құрылуына, Баку декларациясына қол қойылуына және жаңа кәсіби бірлестік қызметінің келешегіне арналған баспасөз конференциясы өтеді.

«Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

↑