Перейти к содержимому

ҰШАР ИТТІҢ СЫРТТАНЫ ЕДІ

59 қаралым

Әлемде сантүрлі ит тұқымдары бар. Солардың ішінде тазы өзге иттерге қарағанда ерекше бағаланады. Ал қазақ халқының ұлттық болмысында құмай тазыны жетіқазынаның бірі ретінде дәріптеген.

Байырғы заманда ата-бабаларымыз төрт түлікті ит-құстан қорғау үшін төбет итін асыраса, тазыны аң-құс аулау үшін ұстаған екен. Оның бабын тапқан адамдар саятшылық жасағанда қанжығасы майланып, үнемі олжалы болған.

Қазақ халқының ықылым замандардан-ақ тазы жүгіртіп, құс салып, аң аулап, серуен құрғаны белгілі. Тіпті қиын-қыстау замандарда біраз ауылдың аштықтан аман қалуына тазылардың ықпалы көп тиген деседі. Сондықтан да осы бір ит тұқымын сақтап, оны қаз-қалпында бүгінгі күнге жеткізу үшін ата-бабаларымыз орасан зор күш жұмсаған.

Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде 2022 жылдан бастап қазақы ит тұқымдарын сақтау, сондай-ақ оларды халықаралық деңгейде таныту мәселесі қолға алынды. Сол жылдар бедерінде  тиісті заңдарға өзгерістер енгізіліп, тазы стандарты бекітілді. Ал Халықаралық кинология  федерациясы тазы итін ресми түрде мойындап, Қазақстанға тазы тұқымының иесі деген мәртебе берді. Бұл – біздің ата-бабаларымыздың ұзақ жылдар бойы жасаған жұмысының нәтижесі.

Тарихи деректерге сүйенсек, «Тазы» сөзі парсы тілінде «епті», «шапшаң» деген мағынаны білдіреді . Ал кейбір деректерде халқымыз «тазы» сөзін «таза» деген сөзбен үйлестіріп айтқан деген ұғым бар.

Мен бүгінгі әңгімемді тазы иттердің тұқымына зерттеу жүргізу мақсатында жазып отырған жоқпын. Біздің әулетке ерекше еңбегі сіңген, отбасымызда ойып алар орны болған  тазы тұқымды Ұшар деген итіміз жайында кеңінен әңгіме өрбітсем деймін.  

Тазы тұқымдас иттердің шапшаң қозғалатынын және оның азулы болатынын бала кезімнен көріп өскенім бар. Олай дейтінім, Дәуітбай атамның Ұшар атты тазы иті болды. Менің ес білген шағымда Ұшар да біраз жасқа келіп қалған. Оның күшік болған шағы менен үлкен аға-әпкелерімнің де естерінде жоқ. Соған қарағанда ол ит менің әкем шаңырақ көтермей тұрғанда туған күшік тәрізді. Өйткені, мен бастауышта сыныпта оқып жүргенде,Ұшар біршама жасты еңсерген. Әсіресе ол қыстың күндері шөп жиналған жабық қораның үстіне шығып,  үнемі күншуақта жататын. Кешке қарай көрші-қолаң, ауыл-аймақтың иттері шулап үріп жатқанда, біздің Ұшар үнсіз жата беретін. Дәл сол Ұшар төбе асып үрген түннің ертесіне үлкен кісілер: «Кеше түнде ауылды айналып қасқырлар өтіпті», – деп әңгіме айтып, Ұшардың тектен-тек үрмейтініне қайран қалып отыратын.

Сол кездері Ұшар бізге аса қатты ұнамайтын. Өйткені ол өзге иттер сияқты адамға еркелеп, қозы-лақ баққанда бізбен бірге ілесіп, өріске бармайтын. Бір риза болатынымыз, малды ауылға атты кісілермен ілесіп келген бөтен иттерді талап тастайтын. Оған ешбір ит шақ келмейтін. Ал атам атқа мініп, Ұшар деп дауыстаса болғаны, орнынан атып тұрып, атама ілесіп кете беретін.

Ұшардың мен ерекше ерлігін көріп таңдай қаққаным бар. Ол кезде мен 3-сыныпты аяқтаған бала едім. Әкем «Ақкөл» кеңшарына қарасты жылқы фермасында жылқышы болды. Жаз жайлауды жайлаған жылқышылар қатар-қатар киіз үй тігіп, бірге қоныстанатын. Біздің үйдің оңтүстік жағын Кеңесхан жездем мен Жәміш әпкем қоныстанса, күнбатыс жағында әкемнің бірге туған баурындай жақсы көретін інісі Серікбай аға мен Бағила жеңгемнің киіз үйлері тұратын. Үй арасы өте жақын, күнделікті араласып тұрдық.

Жаз мезгілінің аптап ыстық күндерінің бірі еді. Ұшар отын тиелген арбаның астында еш қамсыз жатты. Бір кезде ауылға жарыса шапқан атты кісілер келді. Атқа мінген ағалардың соңына сегіз ит ілесіп жүр. Әлгі иттер арба астында жатқан Ұшарға бірден тап берді. Сол сәтте Ұшар орнынан тұрып үлгермесе де, өзіне тап берген иттерді азулы тістерімен желкеден, алқымынан алып, жан-жаққа  лақтыра бастады. Ұшардың тісі батқан иттер қыңсылап, екінші рет беттеуге батылы жетпей шабаланып, үріп бір орнында тұрып қалды. Тып-тыныш тұрған ауыл лезде азан-қазан болып, қазан-ошақтың маңайы астан-кестені шықты.  Атқа мінген әлгі ағалар да Ұшардың мықтылығына қайран қалып, оның шапшаң қозғалғанын көріп таңдай қағып, алғырлығына сүйсініп тұрды. Сол сәтте атам қолындағы таянып жүретін ағашын Ұшарға жабылып жатқан иттерге лақтырып жіберді де, қатты ашуға булығып иттер төбелесіп жатқан жерге жетіп барды. «Не, қызық көріп тұрсындар ма?» – деп, дауыс екпінін көтере сөйледі. Атамның көмекке келгенін көрген Ұшар одан әрмен ызаланып, тістерін ақситып, желке жүні тікірейіп, әлгі иттерді қуып жүріп талады. Ал жолаушы ағалар өздерін кінәлі сезініп, атамнан кешірім сұрап, «қарияны ренжітіп алдық-ау» деп өзара күнкілдесіп жатты. Бұл сол кездегі аға буын өкілдерінің үлкен кісілерге деген сый-құрметінің бір парасы деп ойлаймын.

Ұшардың жасаған тағы бір ерлігін әңгімеге тұздық ретінде қолданып,  әрмен қарай жалғастырайын.

Бір күні шартақтың астында атам қасқырдың терісін кергішке салып, тартқылып отырды. Атамның қасына Кеңесхан жездемнің ағасы Қайым ата келді.  Екі қария аман-саулық сұрасып алған соң, Қайым ата: «Пах, шіркін мынау нағыз көкжал қасқырдың терісі ғой. Қашан ұстағансың?» – деп сұрақ қойды. Сонда атам: «Иә, дұрыс айтасың, бұл – нағыз көкжалдың өзі. Осыдан екі күн бұрын тырнауына қақпан құрғам, кеше түнде түсіпті. Бұл мені өлтіріп кете жаздады ғой» – деп Қайым атаға өзінің басынан өткен бір сұмдық оқиғаны баяндай бастады.

Атамның әңгімесінен түсінгенім, қақпанға түскен қасқыр бой жасыруға тырысқан. Қақпанды сүйретіп, күнбатысқа қарай жорыта жөнелген. Ал атам оның ізімен барып, жасырынған жерін тауып алған.

Әңгіме барысында атам былай деді: «Таңертең сол әдеттегідей сауын сиырларды өріске айдап, қайтар жолда қақпанды көре салайын дедім. Қақпан салынған жердің шұңқырын көрген бетте айналаны шолып, із шалдым. Біраз жерге қақпанды сүйретіп барған. Сонан соң тоқпақты тістеп алса керек, сүйретінді ізім-ғайым жоқ болды. Қалың мия өскен шабырға кіріп кеткендей көрінді. Итте сол мияның ішінде жатқанын сезді ме, танауын көтеріп қарап тұрды. Содан қойшы, ақырындап мен де солай беттедім. Бір кезде астымдағы есек екі құлағын елеңдетіп тоқтай қалды. Ақырын тебініп, қамшы басып көріп ем, орнынан тапжылмады. Ұшар да қалың шөптің арасына мойнын созып үрді де, ақырындап оңға қарай бауырлап жылжып барып, жата қалды. Сөйтсем ол пәле тура қарсы алдымда жатыр екен. Орнынан атып тұрғанда есегім жалт бұрылды десеңші. Есектен құлап бара жатқанда үзенгіден аяғымды алып үлгердім. Жалма-жан басымды көтеріп, қасқыр қайда тұр деп жан-жағыма қарасам, ол жыртқыш пен Ұшар алысып жатыр екен. Тура алқымынан алыпты. Сонда да ол бой бермей артқы аяқтарымен Ұшардың бөксесін итеріп, алдыңғы бір аяғымен желкесінен басып алыпты. Ал бір аяғында қақпан. Тазы иттердің бір жақсы қасиеті алқымнан тістесе, ол жерден оңайлықпен айырылмайды. Итімнің мықтап ұстап тұрғанына көз жеткізіп, ағашымды алып, асықпай тізерлеп отырып, қара тұмсықтан екі рет ұрдым. Екінші соққы дәл тиді. Бірден сылқ етіп, сол сәтте жан тапсырды.

Ал сол жерде ит болмағанда ендігі менің ыстық бауырсағымды жеп, сорпамды ішіп, жоқтау айтып отыратын едің», – деп атам мыжырая күлді. 

Бұл оқиғаны естіп отырған Қайым ата: «Ойпырым-ай, сені құдай молынан сақтаған. Ал сол жерде ит болмай қалса не болар еді?» – деп басын шайқап, таңданып отырды.

Сонда атам:  «Мен есектен құлап, қасқырдың назарын аудардым, сол сәтті ұтымды пайдаланған Ұшар оның алқымынан алып үлгерген. Әйтпесе кез — келген қасқыр итке алқымынан оңай алдырмайды», – деп атам итінің алғырлығын айтып, мақтай жөнелді.

Қыс айларында жылқышылар Елтай деген қыстауға қоныстанады. Ол жерде екі пәтерлі бір тұрғын үй және бір пәтерлі бір тұрғын үй бар. Бір пәтерлі бір тұрғын үйде  Кеңесхан жездем мен Жәміш әпкем тұрды. Ал Серікбай ағалармен біздің үй бір шатырдың астында орналасқан жапсар үй болды.

Сол жылы қыста Ұшар қатты ауырды. Денсаулығы сыр берген адал итіміз үй алдында тігулі тұрған киіз үйдің іргесіне келіп, тұмсығын бауырына тығып, күн көзіне қыздырынып жатуды әдетке айналдырды. Ұшардың арқасында бармақтай жарақаты болды. Оның қалай жарақаттанып қалғанынан бейхабармын.

Күншуақта жатқан Ұшардың арқасындағы жарақатқа атам  жақпамай жағып жүрді. Ары-бері өткенде басынан сипап қоятын.

Ұшардың сырқаттанғанын естіген атамның күйеубаласы Мұздыбай ата тазы иттің күшіктері деп, жеті бірдей  күшік беріп жіберіпті. Күшіктердің біреуі еркек, ал қалғаны ұрғашы болды. Еркек күшік Ұшарға ұқсайтын ақ сары түсті, ұрғашы күшіктің біреуі көк ала, қалғаны аппақ еді.

Әкем күшіктерді көріп: «Еркек күшікті асыраймыз, қалғанын елге таратып жібереміз», – деді. Арада екі күн өткеннен кейін үйге атамның замандасы Әбдірахман Арыстанбаев атамыз келді. Қария үйден дәм ауыз тиіп, күшік алуға келгенін айтты. Әкем қарияға: «Еркек күшік берілмейді. Басқасын ала беріңіз. Күшіктердің қайда жатқанын балалар сізге көрсетеді», – деп Әбдірахман атаны риза қып қайтарды. Шөп қорада жатқан күшіктерді ат үстінде тұрып көрген Әбдірахман ата: «Анау тұрған көк ала күшікті аламын», –  деп дауыстады. Біз қарияның айтқанын бұлжытпай көк ала күшікті бердік. Кешкітұрым Әбдірахман ата келіп, күшіктің біреуін алып кеткенін атама айттық. Сонда атам: «Қай күшікті алды?» – деп сұрады. Бәріміз көк ала күшікті деп жауап бердік. Көк ала күшіктің кетіп қалғанын естіген атам ашуланып: «Күшіктердің бәрін таратыңдар. Керек емес басқасы», – деп айғай салды. Әкем атама басу айтқасы келіп: «Еркек күшік қалса болды ғой, оның бәрін не қыласыз?» дегені сол-ақ еді, атам: «Басқасы құрып кетсін, бұлардың бәрі тазы емес, дүбәрә» – деп, қолын бір сілтегендей болды. Мен сол кезде  дүбәрә сөзінің мағынасын түсінбей ол да тазы секілді  иттің бір тұқымы деп ойладым.

 Біз мектеп жасында болғандықтан, көп ұзамай  оқуға кеттік. Көктемгі демалыс жеткенде тағы да малды ауылға бардық. Өкініштісі әлгі күшіктердің бәріне жұқпалы кесел тиіп, олардың бірі де қалмапты. Ал Ұшар сол жатқаннан мол жатыпты.

Атам онан кейін де бірнеше итті аңшылыққа баулыды. Бірақ олар Ұшардай алғыр, азулы болған жоқ. Ұшар иттің сырттаны, нағыз жеті қазынаның бірі деген теңеуге лайық болды. 

Арада қаншама жылдар өтсе де мен Ұшарды әлі ұм-ытқан жоқпын. Ол иттің сыртқы келбеті, қас-қабағының үнемі қатулы жүретіні әлі көз алдымда.  Оның  қараңғы түндерде төбе асып үрген дауысы өзге иттерге ұсқамайтын. 

Кейінгі жылдары елімізде ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртып, саятшылық өнерін дәріптеу мақсатында көрмелер  ұйымдастырылып жүр. Ондай іс-шараларда Ұшарға ұқсайтын тазы иттерді көрсем, бірден ит иесінің қасына барып: «Бұл иттің аты Ұшар ма?» – деп сұраймын. Бірақ олардың аты көбінде Ақтұйғын, Ақборан, Тарзан, Арлан болып келеді. 2017  жылы Қаскелең қаласының маңындағы тау шатқалында біздің ауданмен тағы екі  ауданның мәдени күндері өтті. Іс-шарада саятшылар көрмесі ұйымдастырылды. Сол жерде Ұшарға ұқсайтын тазы итті көріп, әлгі ит иесінен иттің атын сұрадым. Ит иесі: «Бұл иттің аты Ұшар», – деп жауап бергенде қатты қуанып кеттім. Менің бала кезімде шаңырағымыздың қазынасы болған  Ұшар есіме түсіп, атамды ойлап, көңілім босап, көз жанарыма жас толды.

Бір өкініштісі ит иесінің аты-жөнін сұрап, естелік суретке түсіп, телефон нөмірін де алмаппын. Біздің Ұшарға ұқсайтын Ұшар есімді итті көргеніме мәз болып тұра беріппін ғой.

Иә, Ұшар атамның сенімді серігі, ең адал досы еді. Олай дейтінім атам аңға шыққанда үнемі қасында жүрді. Алысқа сапар шегіп, үйге жете алмай далада түнеген кездерінде атама серік болды. Атам аңшылықтан өте кеш қайтқан күндері әкем атамның ауылды тауып келуіне бағыт-бағдар беру мақсатында төбенің басына от жағып, анам екеуі тағатсыздана күтетін. Ал кей күндері атам аңшылықтан ерте оралатын. Ондай күндері ауылға жақын қалғанда Ұшар үйге атамнан бұрын келетін. Ұшардың ошақ қасында жүргенін көрген анам: «О атам келе жатыр», – деп шайын қойып, дастарқанды әзірлей жөнелетін.

Атам мен Ұшар аңға шыққанда үнемі олжалы оралатын. Олар біздің әулеттің баға жетпес қазынасы болғанын енді түсінгендеймін. Ер жігіт, Құмай тазы және тағы басқа жеті қазынамыздың аты аталғанда үнемі ит жүгіртіп, аңшылық жасап, саятшылықта қаншама қатерден Ұшармен бірге өткен атамның асыл қазыналы қариямыз болғанын ойлап, іштей атама деген сағынышым үдей түседі екен. Ол кезде бала болсам да, Ұшар мен атамның арасындағы ерекше байланысты мен де байқайтын едім.

Ит жүгіртіп, құс салу екінің бірі айналыса беретін кәсіп емес. Бұл кәсіппен тұрақты айналысатын адамдардың қанжығасының майлы болуы оның несібесіне байланысты.  Менің атам аңшылықтың қандай түріне барса да, әрдайым олжалы оралатын. Ал енді осыған қарап, атамның несібесін өздерің бағамдай беріңіздер, құрметті оқырман.

Бақтығали ДӘУІТБАЙ

Балқаш ауданы