Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Заң мен тәртіп жеке жауапкершіліктен басталады

Заң мен тәртіп жеке жауапкершіліктен басталады

22 қаралым

Жаңа оқу жылының басталуы – бала үшін жаңа ортаға бейімделіп, біліммен бірге жауапкершілікті де арттыратын кезең. Осыған орай Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері оқушылармен профилактикалық кездесу өткізді. Кездесуге Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің КПБ бастығы, полиция майоры Дамир Маратұлы және ҚҚБ ЮПТ аға инспекторы, полиция майоры Елдар Болатұлы қатысты.

Кездесуде жасөспірімдер арасында жиі кездесетін интернет алаяқтығынан сақтану, әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану, бейтаныс адамдардың күмәнді ұсыныстарына ермеу және жеке мәліметтерді бөгде адамға бермеу жөнінде нақты кеңестер айтылды. Сонымен қатар есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты жауапкершіліктер жайы да түсіндірілді. Полиция қызметкерлері жасөспірімдерге біреудің өтінішімен күмәнді затты сақтап беру, алып жүру немесе тарату сияқты әрекеттердің соңы құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті. Сонымен қатар кездесуде буллинг, бопсалау, төбелес, ұрлық сияқты құқық бұзушылықтардың да алдын алу мәселесі сөз болды. Оқушыларға жанжалға араласпау, қиын жағдайға тап болғанда мәселені өз бетімен шешуге тырыспай, ата-анаға, мұғалімге немесе полиция қызметкерлеріне хабарласу қажеттігі айтылды.

Мұндай кездесудің мақсаты – балаларды қорқыту емес, қауіптің қайдан шығатынын түсіндіріп, дұрыс шешім қабылдауға үйрету. Өйткені кейде ойланбай жасалған бір әрекет үлкен жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұйғыр ауданы