Перейти к содержимому

Зорлықсыз отбасы – берекелі шаңырақ

18 қаралым

Отбасындағы кез келген мәселе сырт көзге байқала бермейді. Кейде үйдегі жанжал, түсініспеушілік уақыт өте келе күрделі жағдайға ұласуы мүмкін. Сондықтан оның алдын алу үшін отбасының жағдайын дер кезінде біліп, қажет кезде көмек қолын созудың маңызы зор.

Осы бағытта Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөліміне қарасты отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобы профилактикалық жұмыстар жүргізді. Полиция қызметкерлері учаскелік инспекторлармен бірлесіп, бірқатар отбасын аралап, олардың тұрмыс жағдайымен танысты.

Аралау кезінде отбасы мүшелерімен жеке сөйлесіп, үйдегі ахуал, әлеуметтік жағдай және туындауы мүмкін мәселелер туралы пікір алмасты. Құқық бұзушылық пен отбасылық жанжалдың алдын алу, бір-бірінің құқығын құрметтеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Мұндай кездесулердің тағы бір маңызды тұсы – азаматтардың өз мәселесін ашық айтуына мүмкіндік берілуі. Қажет жағдайда оларға құқықтық және психологиялық көмек көрсетілетінін, сондай-ақ Отбасын қолдау орталығы арқылы әлеуметтік қолдауға жүгінуге болатынын да түсіндірді. Отбасылардың қажеттіліктерін анықтау үшін сауалнама да жүргізілді.

Зорлық-зомбылықтың алдын алу тек құқық бұзушыға шара қолданумен шектелмейді. Оның себептерін анықтап, қиын жағдайға тап болған отбасыға дер кезінде көмек көрсету де маңызды. Осы ретте полиция, әлеуметтік және медициналық қызметтердің бірлескен жұмысы мәселені жан-жақты қарауға мүмкіндік береді.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұйғыр ауданы