Кеген аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресінен жасөспірімдер арасында әлемнің екі дүркін, Азияның үш дүркін жеңімпазы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бауыржан Тәліптің жүлдесіне арналған республикалық турнир өтті. Жарыстың мақсаты – ұлттық спорт түрін балалар арасында кеңінен насихаттау және жас балуандардың тәжірибесін арттыру.
Таулы өлкеде бастау алған турнирдің республикалық деңгейге көтерілуі өңірде қазақ күресінің дамуына серпін беріп, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті. Аталған жарыста еліміздің әр аймағынан келген 250 жас балуан 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады.
Турнирдің ашылу салтанатында Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, спортшының алғашқы жаттықтырушысы, ақын Шеризат Мекебаев, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қапар Тоқтарбайұлы, жарыстың бас төрешісі Қуанжан Қубекұлы, қазақ күресінен спорт шебері Азамат Қабденұлы, Кеген ауылдық округінің әкімі Ернат Ысқақ, ардагер- спортшы Дүйсен Бозбашаев Бауыржан Таубалдыұлының спорттағы жетістігіне жан-жақты тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсынов жас балуандарға ақ батасын берді.
Жарыс қорытындысы бойынша әр салмақта жеңімпаздар анықталып, І орынды Алматы облысы, ІІ орынды Алматы қаласы, ІІІ орынды Қостанай облысының балуандары иеленді. Жеңіс тұғырына жайғасқан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубок, медаль, диплом және ақшалай сыйлықтар табысталды. Осындай турнирлер жас балуандардың мол тәжірибе жинақтап, дүбірлі додаларда топ жарып, ел мерейін үстем етуге септігін тигізетіні анық.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
