Перейти к содержимому

Жусанның жұпар иісі

27 қаралым

Туған жердің бір түп жусанын қадірлеп, қастерлеген қазақ – дана халық. Сайын даланың ерекше қасиетін сезініп, оны аялап өткен, қаламына серік еткен жанның бірі – журналист Сәдуақас Бигелдиев. Көзі тірі болса қаламгер биыл 90 жасқа толар еді. Ол кісінің қамқорлығын көріп, мейіріміне бөленгендер­дің қатарында мен де бармын. Ағамен 1973 жылдан бастап кәсіби қызмет барысында тығыз араластық. Сырттай қатал, ешкімге құрақ ұшып, иіле бермейтін ағатайым менің есімімді атамаған екен. Қоңыр дауысымен «Қыз» дейтін. Ал жеңгем Айсұлу кішіпейіл, ашық-жарқын, қалжың сүйетін жан болатын. Кездесе қалсаң қайын сіңлі ретінде еркелететін. Екеуі бірін-бірі толықтырып, отбасындағы мейірім-шуағының сәулесін үрлеп, мерейлендіретін қарапайым адамдар еді.

Жаңа құрылған аудан Күрті өңіріне жан-жақтан жоғары оқу орнын бітіріп, жолдамамен ағылған жастар қызметке тұрып жатты. Солардың қатарында мен де бар едім. Әрі КПСС мүшесімін. Сол кезде Коммунистік партияның беделі мен темірдей тәртібіне бас иіп, бағынатын едік. Ол адами қасиеттерден аттатпайтын тәртіпке үйретті. Аудандық «Шұғыла» газеті бастауыш партия ұйымының хатшысы болдым. Аға қызметке келген соң партия мүшелерінің қатары бір адамға толықты. Ол кезде міндетті түрде ай сайын бастауыш ұйымның жиналысы өтеді. Күн тәртібінде коммунистердің жеке жауапкершілігі мен есебін тыңдау, қоғамдық пікірді қалыптастыру, мінездеме бекіту, тағы басқа мәселелер қаралады. Бұл жай емес. Жиналысқа аудандық партия комитетінен міндетті түрде жауапты қызметкер қатысады. Өзара сын өріс алатын. Бұл тәртіп пен жауапкершілікті нығайтуға, жандандыруға көп көмек болды. Біз сияқты жастардың кәсіби жағынан шыңдалуына аға буынның ықпалы зор болғанын қазір пайымдаймын.
Алғашқы жиналыста-ақ аға өзінің тың ой-пікірін ортаға салды. Мақалаларды талдап, журналистердің кәсіби шеберлігі мен материал берудегі, газетті безендірудегі кейбір кемшін тұстарға тоқталды. Сөзі қысқа әрі нұсқа, ұжымға жаңа леп келгенін жас болсам да бірден сезіндім.
Көп сөйлеп, көлгірсуді ұнатпайтыны тағы бар. Жаңа аудан болғандықтан байланыс жүйесі қажетті мекемелермен коммутатор арқылы қосылатын.
– Қызым, тәжірибе шаруашылығын қосшы, – дейді гүрілдеген даусымен. Сосын ар жақтағы маманға алдын ала дайындаған сауалдарын қояды. Шаруашылықтың бас бухгалтері Матан Қосбармақов ағамен ауылдас әрі құрдас екенін кейіннен білдім.
– Матан Иванович, қал қалай? Шаруашылықтан мәлімет керек еді, – дейтін.
«Иванович» дегені құрдастардың бір-бірін еркелеткеніндей көрінетін. Ағаның үстелінде ақ қағаз бен қалам ғана жататын. Хабарды алысымен машбюроға қарай нық басып бара жатады. Содан алынған мәлімет бас мақала немесе репортаж болып, цифрға жан бітіп, ертеңіне оқырманға жол тартатын. Іркілмей, көсіле сөйлейтін ағаның шеберлігіне тәнті болып, «біз қашан осы дәрежеге жетер екенбіз» дейтін едік.
Ағаның маған рулық жағынан келгенде нағашылығы бар. Анам Рысбала екей руынан тарайтын Қосайдың қызы. Әкем Құдайберген Түктібай бақсы бабаның ұрпағы. Әңгіме арасында «Сен қыз, қызыл екейдің қызысың» деп қоятын менің өзгелердің алдындағы бағымды өсіргісі келгендей.
Сәду ағаның өзгелерге үлгі болатын тұстары көп еді. Жұмыстан әсте кешікпейтін. Түс әлетінде Тоқаш Бокин атындағы орталық көшенің оң жақ жиегімен бойын тік ұстап, жан-жағына алаңдамай үйіне беттейтіні әлі күнге көз алдымда. Түс ауа сол жолмен қайта жұмысқа тартатын.
Журналистердің айлығы қай кезде жоғары болмаған. Айлық пен қаламақыны қосқанда 180 сомды құрайды. Аз ғана табысты қанағат тұтатынбыз. Бір қарағанда қажетімізге жарайтындай еді. Өзгелер айлыққа дейін жаратып, қарыз сұрап жүргенде көп балалы ағаның қаражаттан қинал­ғанын көрмеппін.
Айсұлу жеңгемнің қол кеспесінің дәмін айтсаңшы! Асты қара қазанға пісіретін. Қолдан кескен кеспесі жіп-жіңішке болатын. Ылдым-жылдым қимылдайтын тәтемнің сабырлы, тақуа мінезі, көпшілдігі, кеңдігі бүгінгі қыз-келіндерге үлгі болғандай еді-ау!
Жамбыл ауданынан мұнда келгендер жақын туыстай едік. Жолдасым Саламат екеуміз үй салдық. Сонда Сәду, Қыдырма тәрізді марқұм бауырларым қол күшін беріп, тірлігімізге туғанымыздай бірге қуанғанын ұмытуға болмас.
Үркердей ұжымдағы ынтымақ-бірліктің беріктігі ерекше болатын. Туған күн, мерекелерде дастарқан жайып, бір-бірімізге ыстық лебізімізді айтатынбыз. Ағаның алдынан қия өтпей сыйлайтынбыз. Аға мен іні, қарындастық қасиет өз орнымен еді. Соның өзі бір ғанибет екен-ау!
Аға балаларының тиянақты білім алуына ерекше көңіл бөлді. Бұл жағынан ұтпаса, ұтылмағанына ұрпағының бүгінгі шыққан биігі дәлел. Мұның тағы бір себебі адал еңбек пен қалам құдіретімен келген игілік екені сөзсіз.
Газет редакторының орынбасары қызметінен 1986 жылдың маусым айында Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетіне (кейін «Атамекен» болып өзгерді) бас редактор болып ауыстым. Уақыт тапшы, әрі балаларым жас болғандықтан көп араласа алмадық. Айсұлу тәтем дүние салды. Бұл қайғыны көтере алмаған аға науқастанып, Талғар қаласындағы ауруханаға түсіпті. Ести сала көп жыл ағамен қызметтес болған Жұматай Қалықұловты алып, іздеп бардым. Марқұм Абай ол кезде аудандық әкімшілікте қызметте. Әуелі Абайға жолықтық. Сосын ауруханаға келдік. Аға төсекте жатыр екен. Хал-жағдай сұрастық, жиендігіме салып, ағаның көңілін көтерейін деген оймен:
– Нағашы, жеңгемді ойлап, жабырқап жатырсың ба? Жатқан жері пейіш болсын! Уайымдама, өзің қалаған «сұлуыңа» үйлендіремін, деп қалжыңдадым. Жаны жабырқап жатса да «мырс» етіп күліп жіберді. Жұматай аға мен Абай інім де нағашымның көңілі көтерілгеніне қуанғандай болды. Осы жолдарды жазғанда екеуінің де өмірден өткеніне біраз жылдардың жүзі болған екен-ау. Жақсылар жанымызда мәңгі жүрмейді екен.
– Нағашым ауру-сырқауға беріл­мейді, ертең-ақ тұрып кетеді, – деп жігерлендірдім, біраз отырдық, өткен-кеткенді ортаға салдық.
– Аға, расында қалыңдық іздеймін, деп нақтылап қоямын. Нағашыммен осылай қоштастық.
Бірер айдан кейін аға редакцияға келді. Денсаулығы жақсарған. Ұлы Махаббат сыйға тартқан көлігін өзі жүргізеді екен.
Сол жылы Алатаудың етегіндегі табиғаты тұнған Бұрған ауылынан Махаббат үй салып берді. Көрген қиындығы ұмытылып, ағайын-туыс, жекжаттарын, құдаларын аралап, әдемі қартайғанын көрдік, жиі араластық. Тек Айсұлу жеңгемнің орны ғана ойсырап тұрды. Дастарқан басында талай әңгіме айтылатын. Сондай кезде жан жары Айсұлуды жиі еске алатын. «Балаларының бүгінгі шыққан биігін Айсұлуым көре алмай кетті. Өміріміздің жалғасы Балқия, Ғабиден, Махаббат, Абай, Гауһар, Ләззат, Майраның өсіп-өнгенін көріп, жақсылық-шапағатына бөленбеді. Айсұлуым ақылды, төзімді, еңбекқор екенін білесің. Балалары үшін қандай қиындық, машақат болса дa бірге көтерісті. Қайтсек, ұрпағымызды аман етеміз, адам етеміз деп ойладық. Осы ғұмырымда біреудің ала жібін аттамаппын. Бар болса тасымадық, жоқ болса жасымадық. Оны Саламат екеуің көрдіңдер.
«Ер көңілін кім ашар, жарқылдаған жар ашар» демекші, Айсұлуым – Алланың маған жолықтырған сыйы. Бейсенбі, жұма сайын ана биікте жатқан жарымның басына барып, рухына тағзым етемін. Өйткені адамның тәні өлгенімен, рухы өлмейді. Аналарының рухы ұрпағын желеп-жебеп жүр. Түсіме жиі кіреді», – дегені бүгінгідей құлағымда қалды.
Иә, «Алла, Алла» деп тарам-тарам саусақтарымен бетін сипап, сонау көкжиекке көз салған нағашым жарымен бірге өткізген күндерін есіне осылай алатын. Батыр тұлғалы ағаның жүрегі мұншама нәзік деп ойламаппын.
«Бақыт та, бақытсыздық та алдын ала маңдайға жазылады. Адам өз пейілінен осы екеуінің біріне тап болады» деген екен бір данышпан. Осы тәмсілдің жаны бар. Өйткені аға алдына қойған мақсат-мүддесіне жетудің дара жолын дұрыс таңдаған. Ұл-қыздарының жоғары білім алуына, өмірден адаспауына ден қойды, екінші ұстазы болды. Ата мен ана өз міндетіне ұстаздықты қосқанда оң нәтиже беретініне осы отбасының өсіп-өркендеуі дәлел.
Бүгінгі талап пен талғам жоғары. Десек те елге, жерге деген жанашырлық, адамгершілік, бауырмалдық қасиеттер бәрінен жоғары болуы керек-ақ. Осы тұрғыдан алғанда Махаббат өзгелерге өнеге болатындай азамат. Бұрған ауылындағы орталық көшеге 100 балаға арналған бастауыш мектеп, 50 бүлдіршін тәрбие алатын балабақша салды. Кең, әрі жарық кабинеттерде ұстаздар шәкірттерді білім нәрімен сусындатып келеді. Қаншама адам жұмыспен қамтылды. Бұл екінің бірінің қолынан келмейтін игілікті іс екені анық.
Мектептің алдына ағаның бюстін қойды. Бұл қаламгер ағаға ғана емес, барша журналиске жасалған құрмет. Оған қосымша бір кабинет музейге арналды. Мұражайда Сәду ағаның жеке заттары, өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін құжаттар, туған-туыс, әріптестерінің суреттері жинақталды. Салтанатты ашылу рәсімінде алыс-жақыннан қоғам қайраткерлері, ақын, жазушылар келді, тебірене сөйледі.
Ата-баба сөзі – үлгі-өнегенің көзі. Өкініштісі сол, көбіне оны ұстана бермейміз. Мәселен, Қадыр Мырза-Әлі: «Адам болып туу-тумауың табиғатқа байланысты. Тудың екен, адам болып қалу-қалмауың тек өзіңге байланысты», – деген. Осы сөзге қосылмайтын жан жоқ болар, сірә. Баланың жақсысы – ата-анасын қуантқаны. Осы тұрғыдан алғанда, Бигелдиевтер ата-анасының үмітін ақтады. Аға мен тәтемнің есімдерін қадірлеп, рухы алдындағы перзенттік парыздарын өтеп келеді. Бұл әулеттің алғашқы қуанышы, табалдырықты оң аяғымен аттаған Зинаның қадамы құтты болғанын айтпай кетсек әбестік болады. Шаңырақтағы ыстық пен суықты, жақсы мен жаманды бәрімен бірге көтерді. Сондықтан Зина келінге ата-енесі өмірден риза болып кеткені анық.
Бұрған ауылының биігін аға мен тәтем мәңгілікке мекен етіп, ұрпақтарын рухымен желеп-жебеп жатыр. Бір-бірін шынайы сүйген, тіреу болған жандар ұрпағына өнегелі тәрбие берді. Сәдуақас Бигелдіұлы атындағы білім ордасындағы бүлдіршіндер белгілі қаламгер аталарының бейнесін мәңгі есте қалдыратыны анық.
Дүние, байлық – мәңгілік емес. Ол – көзі тоймайтын қомағайлардың аз күндік көзінің құрты ғана. Мәңгі өлмейтін ғалымның хаты демеуші ме еді, данышпан Абай?! Демек, ұстаз-ағаның еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа жете бермек.
Аға туған жеріндегі жусанды ерекше қадірлейтін, оның жұпар иісін құшыр­лана жұтатын. Бейіт басына жусан биыл да көп шығыпты. Жусанның жұпар иісі атамекеннің қадір-қасиетін танытып қана қоймай, аға рухымен табыстырғандай. Мұны тылсым табиғаттың біз біле бермейтін бір сыры деп қабылдадым…
Жатқан жерің пейіш болсын, жан аға!

Күмісжан БАЙЖАН,
жазушы
Жамбыл ауданы

↑