Есірткі заттарының заңсыз айналымы – қоғамның қауіпсіздігіне, жастардың болашағына және қоғамдық денсаулыққа қатер төндіретін күрделі мәселе. Есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу үшін құқықтық шаралармен қатар түсіндіру, тәрбиелеу және әлеуметтік қолдау жұмыстары да маңызды.
Есірткі заттарын заңсыз сақтау, өткізу және тарату заңмен жауаптылыққа әкелуі мүмкін. Әсіресе, интернет арқылы заңсыз заттарды таратуға немесе күмәнді тапсырмаларды орындауға тартатын ұсыныстардан сақ болу қажет.
Жастар кейде жеңіл табыс табу мақсатында заңсыз әрекеттерге араласып кетуі мүмкін. Бейтаныс адамдардың ақшаға қызықтырып, белгісіз сәлемдемелерді жеткізуге немесе күмәнді тапсырмаларды орындауға шақыруы үлкен қауіп төндіреді. Мұндай ұсыныстарға келіспей, заңсыз әрекеттер туралы тиісті органдарға хабарлау керек.
Есірткінің алдын алуда салауатты өмір салтын ұстану, спортпен шұғылдану, бос уақытты тиімді пайдалану және сенімді әлеуметтік орта қалыптастырудың маңызы зор. Ата-аналар мен педагогтер жастармен ашық сөйлесіп, олардың мәселелеріне бейжай қарамауы қажет.
Құқық бұзушылықтың алдын алу – тек жазалау емес, адамға дұрыс таңдау жасауға көмектесу. Жастардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Есірткісіз өмір – денсаулыққа, еркіндікке және жарқын болашаққа бастар жол.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ
