Перейти к содержимому

Кәсіп пен қамқорлық

233 қаралым

Мемлекеттік қолдау – кәсіп бастауға ниетті азаматтарға жаңа мүмкіндік беріп, өз ісін дөңгелетуге жол ашып келеді. Соның бір дәлелі – Алатау қаласының тұрғыны Гүлсина Оңғарбаеваның кәсібі. Ол мемлекеттік гранттың көмегімен ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған «Айша» сөйлеу орталығын жабдықтап, өз кәсібін әлеуметтік бағыттағы маңызды іспен ұштастырып отыр.

Кәсіпкер 2022 жылы аталған орта­лықты өз қаражатына ашып, кейіннен мемлекеттік грант ұтып алып, 2025 жылы кәсібін жетілдіруге мүмкіндік алған. Бүгінгі таңда онда 1,5 жастан 15 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Орталықта дефектолог және психолог мамандар көмек көрсетеді. Негізгі қызмет түрлері диагностика, жеке жоспар, түзету-дамыту сабақтары, ата-анамен кеңес, баланың динамикасын дамытуға бағытталған.
Гүлсина Оңғарбаева кәсіп бастау туралы шешім қабыл­даған кезде ең алдымен халыққа қажетті әрі балалардың дамуына пайдасы тиетін бағытты таңдауды көздеген. Осы мақсатта ол Мансап орталығына жүгініп, бизнес идеясын жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарын тапсырған. Нәтижесінде «Бастау-бизнес» жобасы аясында 400 АЕК көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болып, орталықтың жұмысын жандандыра түсті. Бүгінде мұнда ерекше білім беруді қажет ететін бүлдіршіндерге логопедиялық бағытта көмек көрсетіліп, олардың сөйлеу қабілетін дамытуға басымдық беріледі. Орталық мамандары балалардың жас ерекшелігі мен жеке қабілеттерін ескере отырып, әрқайсысымен жеке жұмыс істеуге тырысады.
«Айша» орталығында бүлдіршін­дердің сөйлеу тілін қалыптастыруға, дыбыстарды дұрыс айтуына және тілдік дағдыларын жетілдіруге бағытталған арнайы жұмыстар жүргізіледі. Сабақ барысында балалардың қызығу­шылығын арттыру үшін ойын элемент­тері мен түрлі жаттығуларды тиімді пайдалану көзделген. Мұндай тәсіл баланың сабаққа белсенді қатысуына, тапсырмаларды еркін орындауына және жаңа дағдыларды біртіндеп меңгеруіне мүмкіндік береді.
Кәсіпкер үшін орталықтың жұмысы – тек табыс көзі емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Себебі мұнда ата-аналар баласының дамуына қолдау көрсететін орта іздеп келеді.
«Өзімнің жеке кәсібімді ашқаныма қуаныштымын. Ең бастысы – еңбегім­нің бүлдіршіндерге пайдасы тиіп жатқаны. Әр баланың өз ерекшелігі бар. Сондықтан олармен жұмыс істеуде шыдамдылық пен жауапкершіліктің маңызы зор», – дейді Гүлсина Оңғарбаева.
Алдағы уақытта кәсіпкер орталық­тың жұмысын одан әрі жетілдіріп, қызмет түрлерін кеңейтуді мақсат етіп отыр. Ең бастысы – балалардың дамуына қолайлы жағдай жасап, олардың әрқайсысының мүмкіндігін ашуға үлес қосу.
Мемлекеттік грантпен басталған «Айша» сөйлеу орталығы – кәсіпкерлік пен әлеуметтік жауапкершілікті ұштастырған игі бастамалардың бірі. Мұндай жобалар өз ісін бастауға ниетті азаматтарға жігер беріп қана қоймай, қоғам үшін маңызды мәселелерді шешуге де ықпал етеді. Еңбектің нәтижесі балалардың әрбір жетістігінен көрініс тапса, кәсіптің де ең үлкен қайтарымы – осы.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Алатау қаласы

↑