Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / «Қауіпсіз үй»: Алатауда «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында профилактикалық іс-шара өтуде

«Қауіпсіз үй»: Алатауда «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында профилактикалық іс-шара өтуде

70 қаралым

Алатау қаласында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара 2026 жылғы 5 қазаннан 5 қарашаға дейін жалғасады. Оның басты мақсаты – тұрғын үйлердегі қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, пәтер ұрлығы мен өзге де мүліктік қылмыстардың алдын алу, құқықбұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында учаскелік полиция инспекторлары көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке секторларды аралап, тұрғындармен профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар тұрғын үйлердің аулалары мен кіреберістеріндегі қауіпсіздік жағдайына ерекше назар аударылуда. Бейнебақылау камераларының болуы мен техникалық жай-күйі, кіреберістердің жарықтандырылуы, домофондардың жұмыс істеуі және тұрғындардың мүлкін қорғауға бағытталған өзге де қауіпсіздік шаралары зерделенеді.
Полиция қызметкерлері азаматтарға пәтерлер мен жеке үйлердің есік-терезелерін сенімді құлыптармен жабдықтау, қажет болған жағдайда бейнебақылау жүйелерін орнату, бейтаныс адамдарды тұрғын үйге кіргізбеу және күмәнді жағдайлар байқалған кезде полицияға дереу хабарлау жөнінде кеңес беруде.
Бұдан бөлек, профилактикалық есепте тұрған тұлғалардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, олардың белгіленген талаптарды сақтауына бақылау күшейтіледі.
«Қауіпсіз үй» іс-шарасы – «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі саналатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтық жауапкершілігін арттыру және қауіпсіз қоғамдық ортаны қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы.
Қоғамдық қауіпсіздік тек полиция қызметіне ғана емес, әрбір тұрғынның жауапкершілігіне де байланысты. Сондықтан Алатау қаласының полиция басқармасы тұрғындарды өз үйі мен мүлкінің қауіпсіздігіне мұқият қарап, құқықбұзушылық немесе күдікті жағдайлар байқалған жағдайда полицияға уақтылы хабарлауға шақырады.
Әділхан БАЗАРБАЕВ,
Алатау қаласы ПБ қоғамдық қауіпсіздік
бөлімінің аға учаскелік полиция инспекторы

↑