Перейти к содержимому

Қолына қыран қондырған

246 қаралым

Райымбек ауданы  Сарыжаз ауылында тұратын Қонысбай қарияның есімі ауданға жақсы таныс. Ауыл шаруашылығында екпінді еңбек етіп төрт түліктің қыр-сырына қаныққан, бүркіт баптап, жүйрік атты сан бәйгеде сынаған қазыналы қарттың өмір жолы – ұрпаққа өнеге.   

Аспантаулар өңірінде Қонысбай Рамазанов секілді ат жаратып, бүркіттің бабын тапқандар саусақпен санарлық. Құсбегінің «Ақиық», «Қарайық» атты қырандары болған. Қария аңшылық кезінде ұстаған 4 қасқырдың екеуі дәл осы бүркіттердің олжасы екенін айтады. Бабы келіскен бүркіт пен сәйгүліктің арқасында алған түлкіде де есеп жоқ. Атамыздың қасқыр терісінен тігілген ішік пен бөрігін де көрдік. Қонысбай қартта екі ғасыр болған, салмағы 20 келіге жуықтайтын ат әбзелдері бар. Ата-бабасынан қалған мұраны қария көзінің қарашығындай сақтап, ұқыпты пайдаланып келеді. 
Қазыналы қарттың баптаған сәйгүліктері әркез топ жарып, жүлдеге ие болуға машық­танған. Атбегі мықты болса, аттың бәйге алаңында қыран құстай самғайтынына күмән бар ма?! Сәйгүліктерінің арқасында бәйгеден 4 темір тұлпар ұтып, мерейі үстем болған. «Қарагер», «Мақпал қара » атты жүйріктері бәйгесүйер қауымның аузынан түспейді. 
Бүгінде құсбегінің «Қарайық» атты бүркітінің қаңқасы мектеп мұрағатынан орын алған. Қарайық 2003 жылы Көкшетауда өткен  халықаралық құсбегілер  байқауында  бас жүлдені иеленді. Көкшенің төріндегі осынау жеңісі Қонысбай қарттың абыройын күллі қазақ даласына паш етті. Саятшылық жарыстарда жерге қаратпаған бүркіттерінің бірі – «Шешкіл». 2007 жылы ол да бас жүлдені еншілеп, Қонысбай қарт «Дала спорт шебері» атағын алған. Бүгінде атаның ізін жалғаған ұлы Болат та «Мұзбалақ» атты бүркітімен сан жарыста топ жарып жүр.   
Ұлттық өнерді ұлықтаған қария шежіре мен бата-тілекке де жүйрік. Өмірден түйген нақыл сөздері ауылдастарының аузында жүр. 
Қонысбай атамыз он бала тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере, шөбере сүйіп отыр. Ұрпақтары да ұлттық құндылықтарға жақын, салт-дәстүрді жақсы білетін жандар.
Ерен еңбегі елеусіз қалмаған атамыз 1979 жылы еңбек жарысының жеңімпазы болып, арнайы медальдармен марапатталған. Райымбек ауданының Құрметті азаматы. Сарыжаздан шыққан белгілі қаламгер Нұртан Төлепбергенұлы Қонысбай атамыздың осынау өнері туралы «Бапкер» атты кітабын жарыққа шығарған. Сонымен қатар жазушы Данияр Әл-Бозымның «Қазақтың саңлақ бүркітшілері» атты кітабында Қонысбай Рамазанов туралы кеңінен баяндалған.      

Ақерке БИЖАН

Райымбек ауданы

↑