Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ұйғыр ауданында Кәсіподақтар күні аталып өтті

Ұйғыр ауданында Кәсіподақтар күні аталып өтті

178 қаралым

10 қазан – Қазақстанның Кәсіподақтар күні. Мереке қарсаңында, 8 қазан күні Ұйғыр ауданында қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік жиынға аудандық білім бөлімінің басшысы Ж. Жантөреұлы қатысып, жиналған қауымды айтулы күнмен құттықтады. Ол өз сөзінде кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлердің құқықтарын қорғаудағы, олардың әлеуметтік мүдделерін қолдаудағы және еңбек ұжымдарындағы бірлік пен ынтымақты нығайтудағы маңызын атап өтті.

Іс-шара барысында Алматы облысының оқу-ағарту және бюджеттік ұйымдары қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Ұйғыр аудандық филиалының төрағасы, Ы. Алтынсарин төсбелгісінің иегері, құрметті ардагер ұстаз Кәрібай Қожағұлұлы ауданның кәсіподақ мүшелерін, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен төрайымдарын марапаттады.

Атап айтқанда, бірқатар азаматқа «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қайраткері» төсбелгісі, «Құрметті ардагер» және «Құрметті ұстаз» медальдары табысталып, еңбегімен ерекшеленген қызметкерлерге алғыс хаттар берілді.

Марапаттау рәсімі кәсіподақ мүшелерінің еңбегін бағалап қана қоймай, олардың қоғамдық қызметке деген ынтасын арттыруға, кәсіподақ ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

Мерекелік іс-шараның соңы бүлдіршіндердің ән мен биден шашу шашқан концерттік бағдарламасына ұласты.

Кәсіподақтар күніне арналған бұл басқосу еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, ұжымдық бірлік пен өзара қолдаудың маңызын тағы бір мәрте айшықтады.

↑