Перейти к содержимому

Қуаныштан басталған қақпан

140 қаралым

Шыр ете қалған дауысты естіген Айман апа асүйдегі самаурынның қасына жаңа ғана қойған кесесін қолына алмай жатып телефонына үңілді. Бейтаныс нөмір. Әдетте мұндай қоңырауларға жауап бере бермейтін. Бірақ бұл жолы әлденеге алаңдағандай, тұтқаны бірден көтерді. «Сәлеметсіз бе, Айман апа. Сізге өте жақсы жаңалығымыз бар. Құттықтаймыз! Сіз бағалы сыйлықтың иегері атандыңыз!» Әбігерге түсіп жатқан әйелдің қабағы жазылып, жүзіне күлкі үйірілді. Қызығушылығы арта түскен ол тұтқаның ар жағындағы адамнан қандай сыйлық екенін сұрап, қуана берді. Ойламаған олжаға жолықтырып, жайдарман жаңалық жеткізуші Айман апаның ірі сауда желісінің арнайы акциясына қатысушылар қатарынан таңдалып, 500 мың теңгелік сертификатқа ие болғанын айтты. Айман апа бір сәт үнсіз қалды. Қанша ойланса да, мұндай акцияға қатысқанын есіне түсіре алмады. Бірақ телефонның ар жағындағы жігіт оның аты-жөнін, туған жылына дейін дәл айтып отыр. Дауысы байсалды, сөзі орнықты. Тіпті компанияның атауын, акцияның ресми парақшасын да жіберуге дайын екенін жеткізді.

Абдырап қалған Айман апа қанша қуанғанымен де, қашан соңғы рет сауда үйіне барғанын білмей, қандай акцияға қатысқанын қайта-қайта сұрап әлек. Санасындағы сансыз сауалға әлгі жігіттің «Сіз дүкеннен сауда-саттық жасаған кезде автоматты түрде қатысушы болғансыз. Жүйе сіздің нөміріңізді кездейсоқ таңдап отыр» деген сөзі сенімді шыққандай болды. Айман апаның жүрегі жылып сала берді. 500 мың теңге. Бұл аз ақша емес. Көптен бері үйдің шатырын жөндету керек еді. Қыс түспей соны бітіріп алсам деп жүрген. Немересіне мектепке керек-жарақ әперу де жоспарында бар еді. Енді аяқ астынан ақшаға қарық болғалы тұр. Телефонның арғы жағындағы жігіт сөзін жалғастырды.
– Бірақ сыйлықты рәсімдеу үшін сіз шағын ғана комиссия төлеуіңіз керек. Бар болғаны он екі мың теңге. Содан кейін ұтыс сомасы сіздің картаңызға түседі, – деді. Айман апа кідіріп қалды.
– Неге мен ақша төлеуім керек?
– Бұл салық емес, апа. Рәсімдеу қызметінің төлемі. Сізге түсетін бес жүз мыңның жанында он екі мың теңге түк емес қой, – деп оның күмәнін сейілтті.
Айман апа шынында да он екі мың теңге үшін бес жүз мыңнан бас тарту ақымақтық емес пе деп ойлады. Сөйтіп ол айтқан шотқа ақшаны аударып жіберді. Бірнеше минуттан кейін қайта қоңырау түсті. Телефон соққан жігіт ұтыс иесінің төлемі қабылданғанын, бірақ өкінішке қарай жүйеде тағы бір мәселе туындағанын айтып, сыйлықтың нақты Айман апаның атына бекуі үшін ол кісіге банк картасының иесі өзі екенін растау керектігін жеткізді. «Қазір телефоныңызға SMS-код келеді. Сол кодты маған айтып жіберсеңіз болды», – деді.
Осы сәтте Айман апаның жүрегін әлдебір түсініксіз күдік қарып өтті. Телефонына шынымен де хабарлама келді. Кодтың астында ескерту де бар еді. Ол мәтінді толық оқуға үлгермеді.
– Кодты айта берейін бе? – деді ол.
– Иә, апа, бұл жай ғана растау коды. Айтпасаңыз, ұтысыңыз жойылып кетуі мүмкін, – деді әлгі жігіт
«Ұтысыңыз жойылып кетуі мүмкін». Осы сөз Айман апаның ойын қайтадан астан-кестең етті. Уәде етілген 500 мың көз алдында тұр. Ол келген кодты айтып жіберді. Ар жақтағы адам:
– Рақмет, апа. Енді бәрі дайын. Ақшаңыз жақын арада түседі, – деді де телефонды қоя салды.
Айман апа біраз уақыт үнсіз отырды. Бес минут өтті, он минут, он бес минут… Ақша түспеді. Жарты сағаттан кейін банк қосымшасын ашты. Сол сәтте оның жүрегі зу ете қалды. Шотындағы ақша азайып кеткен. Өзі аударған он екі мың теңгемен ғана шектелмеген. Банк шотынан бұдан әлдеқайда көп қаражат шешілген. Телефоны қолынан түсіп кете жаздады. Шошынып қалғаны соншалық, жаңағы қуаныштың бәрі әп-сәтте жоғалды. Бес жүз мың теңгенің орнына ол өз ақшасынан айырылған еді. Ал әлгі «ұтыс» дегеннің өзі ешқашан болмаған. Бірақ Айман апа сол сәтте ең алдымен өзіне емес, әлгі дауысқа сенгеніне өкініп қалды. «Неге SMS-хабарламаның астындағы ескертуді толық оқымадым? Неге банкке өзім хабарласып, бұл ұтыстың рас-өтірігін тексермедім? Неге асықтым?» деген сұрақтар санасын сан-саққа жүгіртті. Бір ғана кодтың артында өзінің маңдай терімен жиған ақшасы тұрғанын кеш түсінді. Ал телефонның ар жағындағы адамның байсалды дауысы, анық сөйлеген сөзі, аты-жөнін білгені – бәрі де сенімге кіру үшін жасалған айла екенін ұқты. Ең өкініштісі, алаяқтар Айман апаның қуанышын емес, оның адамдық сенімін пайдаланған еді. Алдымен аяқ астынан «сыйлық» ұсынып, кейін «комиссия» деген сылтаумен аз ғана ақша сұрады. Содан соң сол бір төлемді сылтау етіп, банк картасына қатысты мәліметке жол ашатын SMS-кодты айтқызды. Осы жерде көп адам байқамай қалатын ең маңызды нәрсе бар: банк жіберетін бір реттік кодтар төлемді растауға, интернет-банкингке кіруге немесе басқа да маңызды операцияларды бекітуге қолданылуы мүмкін. Сондықтан оны бөтен адамға айту – кілтті өз қолыңмен ұстата салумен бірдей.
Айман апа мұны енді жақсы түсінді. Бірақ оның басынан өткен жағдай жалғыз оның өкініші болып қалмауы керек еді. Өйткені мұндай қулықтың құрбанына айналатындар аз емес. Алаяқтар адамның жасын да, әлеуметтік жағдайын да таңдамайды. Біріне – ұтыс, біріне – арзан несие, енді біріне банк қызметкері немесе құқық қорғау органы өкілі болып хабарласады. Сценарий өзгергенімен, көздегені бір. Адамның қорқынышын немесе қуанышын пайдаланып, асығыс шешім қабылдату.
Айман апа сол күні банкке бірден хабарласып, картасын бұғаттады. Құпия деректерінің қауіпсіздігін тексертіп, құқық қорғау органдарына арызданды. Ақшасының бәрін қайтара алған-алмағаны бөлек мәселе еді. Бірақ болған жағдайдан кейін ол бір нәрсені анық түсінді. Алаяқтан қорғанудың ең сенімді жолы – оның сөзіне сенбей, өзің тексеру. Содан бері телефонына бейтаныс нөмір хабарласса, Айман апа асықпайтын болды. «Сізге сыйлық шықты», «шотыңызға ақша түсті», «картаңыз бұғатталды», «сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр» деген сөздердің қайсысын естісе де, әңгімені сол жерден тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне өзі қайта хабарласады. Банк қызметкері ешқашан телефон арқылы SMS-кодты, PIN-кодты, картаның толық деректерін немесе мобильді банкингке кіруге арналған құпия мәліметтерді сұрамайтынын да енді жақсы біледі. «Сыйлық алатын адам неге алдымен ақша төлеуі керек?» деген қарапайым сұрақтың өзі оның ең үлкен сабағына айналды. Шын мәнінде, бейтаныс адам уәде еткен оңай ақшаға қызығып, өз ақшаңнан айырылып қалу – алаяқтардың дәл күтетін сәті. Сондықтан күтпеген жерден келген ұтысқа қуанып үлгермей тұрып, оның қайдан шыққанын анықтап алған жөн. Акцияға шынымен қатыстым ба, компанияның ресми сайтында мұндай ақпарат бар ма, хабарласқан нөмір сол ұйымға тиесілі ме – мұның бәрін асықпай тексеруге болады.
Айман апа кейін осы оқиғаны жақындарына айтып берді. Балаларына, көршілеріне, құрбы­ларына: «Телефонның ар жағындағы адам өзін кіммін десе де, бірден сене салмаңдар», – деп қайта-қайта ескертті. Тіпті, немерелеріне де банк картасы, құпия сөз, SMS-код сияқты дүниелердің не үшін қажет екенін түсіндірді. Өзі ұтылған ақшаны қайтара алмаса да, біреудің дәл сондай қателікке ұрынуына жол бермеуді үлкен міндет санады. Бір күні көршісі телефон шалып, «Маған да бір компаниядан хабарласып, сыйлық ұтып алғанымды айтты» дегенде, Айман апа көршісінің сөзін соңына дейін тыңдап алып:
– Ең алдымен ештеңе төлеме. Екіншіден, ешқандай код айтпа. Үшіншіден, телефонды қоя сал да, компанияның ресми нөмірін өзің тауып хабарлас, – деді.
Сол сәтте Айман апа өз басынан өткен оқиға­ның бекер болмағанын сезінді. Оның жоғалтқан ақшасы қайтпауы мүмкін. Бірақ сол өкініш біреудің ақшасын сақтап қалса, бір адамның алданып қалуына жол бермесе, онда оның көргені өзгелерге сабақ болғаны. Алаяқтықтан сақтанудың жолы кейде күрделі емес. Бейтаныс қоңырауға бірден сенбеу, асықпай ойлану, ақпаратты ресми арнадан тексеру, алдын ала ақша аудармау және ең бастысы, SMS-код пен банкке қатысты құпия мәліметтерді ешкімге айтпау жеткілікті. Өйткені алаяқтың ең мықты қаруы – адамның картасы емес, оның сенімі. Ал Айман апа үшін бес жүз мың теңгелік «ұтыс» өміріндегі ең қымбат сабаққа айналды. Ол сол күні ақша емес, абай болудың бағасын түсінді. Содан бері телефоны шыр ете қалса, бейтаныс нөмірге емес, ең алдымен өз ақылына құлақ асады. «Асықпа. Тексер. Содан кейін ғана шешім қабылда» дейді өзіне. Мүмкін, біреудің дәл осы үш ауыз сөзді уақытында есіне түсіруі оның бар ақшасын сақтап қалар?!

Құралбек СӘБИТОВ

↑