Жұмыр жердегі барлық мемлекет үшін экономиканың басты күретамыры – жолдар. Тақтайдай тегіс жолдардың арқасында адамдар діттеген жеріне жетсе, мемлекеттер арасында жүк тасымалын реттей алып жатыр.
Бұл салаға туризм әлеуетін де қоссақ артық емес. Бір сөзбен айтқар болсақ, жол инфрақұрылымы арқылы экономиканың көптеген салалары дами түсетіні белгілі. Қазақ «Атың барда – желіп жүріп жер таны, асың барда – беріп жүріп ел таны», – дейді. Бұрынғы бабаларымыз аттың қомында желіп жүрсе, бүгінгілер темір тұлпар тізгіндеп, жол рақатын сезіп келеді.
Әсіресе, соңғы жылдары елімізде автомобиль жолдарының құрылысы қарқын алып, оның сапасын арттыру мәселесі де шешімін табуда Үкімет жол сапасын жақсарту мақсатында қыруар қаражат бөліп, стратегиялық жоспарлар жасауда.

Жөнделмеген жол – өзекті мәселе. Ойқыш-ұйқыш жолдардың жырын жолаушылар жақсы біледі. Шағымға жауап беретіндей қандай шаруа атқарылып жатыр?.. Осыны білмекке республикалық маңызы бар «Кеген-Нарынқол» күре жолының 40 шақырымында жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарымен танысып қайттық.
Мердігер мекеме – «Нұрлы жол-7» ЖШС республикалық маңызы бар «Кеген-Нарынқол» күре жолын былтырдан бері орташа жөндеу жұмыстарымен айналысып келеді. Ал, техникалық қадағалауды «KZСтройэксперт» ЖШС жүзеге асырды. Жобаның жалпы құны – 8,002 млрд теңге.
Қазіргі таңда олар үш бағыт бойынша тас жолдардың жиектерін тегістеу, ортаңғы жолақтарын сызу, көпір жақтауларын жасау сынды жұмыстарын жүргізуде.
Атап айтқанда, жолды орташа жөндеу жұмыстары бірнеше бағытты қамтиды. Бұл бағыттағы жобалар бағыттарға бөлініп, жалпы ұзындығы 0–74 шақырымды құрайды. Жоба аясында жолдарды ретке келтіру жұмыстары жалғасуда.
Сала мамандарының айтуынша, республикалық «Кеген-Нарынқол» күре жолын жөндеу жұмыстары былтырғы жылы көктемде басталған.
– Аудан тұрғындарының өтініштері ескеріліп, жол төсемдері қалпына келтірілуде. Жалпы жолдарды ретке келтіру жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр, алдағы уақытта жол жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, – деді Жағыпар Қазтайұлы.
Аудан халқының сөзінше, жылдар бойы асфальт көрмеген 74 шақырым ескі жол төсемі қайта өңделіп, екі қабатта 10 см болатын ірі және ұсақ қиыршықталған асфальт жабындысы төселіп, меже толық орындалды. Бұған аудан тұрғындары дән риза. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартумен қатар, ауыл көркін ашары хақ. Жолдың сапасы тұрғындардың да, тапсырыс берушінің де көңілінен шығып отыр.
– Біздің ауданымызда үлкен бір өзгеріс, жақсы бастама қолға алынды. Жол мәселесі көптен бері өзекті мәселенің бірі еді. Жағдай жаман емес, қазір жақсы. Жол мәселесін тұрғындар жиындарда аудан, облыс басшыларына айтқанбыз. Ойлаған ісіміз оңынан болып, мәселе түбегейлі шешімін табуда. Күндіз-түні жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан азаматтарға алғысымызды білдіргім келеді, – дейді Сарыжаз ауылының тұрғындары.
Жол – экономиканың күретамыры, байланыстың алтын арқауы. «Бір жол бар жақын, жақын да болса алыс», – деп Жиренше шешен айтқандай, алысты жақын етіп, адамдардың қарым-қатынасына, барыс-келісіне әсер ететін жолдың сапасы кімді болса да бейжай қалдырмасы анық.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
