Адам жанының арашашысы – дәрігер. Басың ауырып, балтырың сыздағанда жүгінетінің – дәрігер. Бойыңды сырқат дендеп, тәнің ауыртпашылық сезінгенде жаның мен тәніңе шипа беретін де ақ халатты абзал жандар.
Осынау маңызды мамандықты өмірлік таңдауымен ұштастырып, халықтың алғысы мен құрметіне бөленіп жүрген Райымбек аудандық ауруханасының тәжірибелі дәрігері – Қасымбаева Назипа Нәкенқызы. Назипа Накенқызы 1960 жылы 8 желтоқсанда Қарасаз ауылында қарапайым, көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бала шағынан үстіне ақ халат киіп, дәрігер болуды армандаған Назипа апайымыздың бала арманы орындалып, Алматы қаласындағы Санжар Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. 1984 жылдан бастап, оқуын аяқтап, денсаулық сақтау саласында ерен еңбек етті. Өмірдегі алғашқы маңызды таңдауына қол жеткізіп, дәрігер атанған жас маман өмірлік серігін де сәтті жолықтырып, 1984 жылы отау құрады. Назипа Накенқызының жолдасы Сыдықов Сағындық Құсайынұлы 1960 жылы дүниеге келген. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып сан жылдар еңбек етіп, бүгінгі күні зейнеттік демалыста.
Осылайша, екі жас маман өз қызметтік жолдарын ауылда бастамаққа ниеттеніп, ауылға жол тартады. Жас дәрігер алғашқы еңбек жолын Қызылшекара ауылында балалар дәрігері болып бастайды. Дәрігерлік мамандық салғырттықты кешірмейді, жауапкершілік пен мұқияттылықты талап етеді. Дегенмен, Назипа дәрігер аталмыш мамандықты жандүниесімен жақсы көрді, сол себептен, қиындықтарға мойымады. Оның осынау күрделі мамандықты игеріп, шыңдалу жолындағы еңбегін атап айтар ұстаздары да жоқ емес. Мәселен, тіс дәрігері Секен Лешов, дәрігер Кілем Көгенбайұлы Жазықбаев, Ораз Өтемісұлы, білікті акушер маман Сақан аға, мейірбикелерден Дина, Әлия есімді кісілер, балалар дәрігері Қарлығаш апай сынды кісілерді әлі күнге дейін құрметпен есіне алып, Лешов Секен дәрігерді алғашқы ұстазым деп біледі.
Ақерке БИЖАН
Райымбек ауданы
