Перейти к содержимому

Туризмді түлеткен

38 қаралым

Бүкіләлемдік туризм күні аясында облыстық әкімдікте саланың дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов өңір туризмін өркендету жолында тер төккен мамандарды марапаттады.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген Қанат Болатұлы аймақ туризмін дамытудағы ірі жобаларды тілге тиек етті. «Шетелдік туристер саны бойынша Алматы облысы еліміздегі өңірлер арасында үздік үштікке енді. Бұл көрсеткіш аймақтың халықаралық деңгейдегі туристік тартымдылығының жоғары екенін және еліміздің жетекші туристік бағыттарының бірі ретінде қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Туристер ең көп келген нысандар – «Іле Алатауы», «Көлсай көлдері» және «Шарын» ұлттық парктері. Жалпы, аталған үш ұлттық паркке биылғы 8 айда 1,92 миллион турист келген. Сондай-ақ Қонаев қаласындағы Қапшағай жағалауында 2 миллион адам демалған. Бүгінде облыста туризм саласында 48 туроператор мен 24 гид жұмыс істейді. Өңірде өткізілген Tengri Ultra, Sokol Fest, Winter Auto Drift Show, Central Asia Drift Show, Race Nation Kazakhstan, авиациялық және музыкалық фестивальдер сияқты ірі іс-шаралар туристік маусымды көктемнен қысқа дейін ұзартуға ықпал етті. Сонымен қатар жыл бойы туризммен қамтамасыз ету мақсатында 16 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың қатарында «TAU ELI Resort», «DAMELI COMPANY» ЖШС заманауи демалыс базасы, «Ақбұлақ» халықаралық туристік орталығы, Көлсай көлдеріндегі аспалы жол, «Қара шатқал» туристік аймағы және басқа да нысандар бар. Туристік инфрақұрылымды жыл бойы пайдалануға мүмкіндік беретін тау-шаңғы, экологиялық, спорттық, жағажай, этномәдени және іс-шаралық туризмнің өзара сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізілуде. Келушілер санының артуына байланысты биыл туризм саласынан бюджетке түсетін салық 40%-ға өсіп, 3,9 млрд теңгеге жетті. Бұл – Алматы облысының туристік әлеуетінің жоғары екенін көрсететін маңызды көрсеткіш. Бүгінгі марапат – туризм саласында қызмет етіп жүрген барша азаматтардың еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі», – деді Қанат Есболатов.
Салтанатты шарада Қазақстанның туристік индустриясында қызмет көрсету сапасын арт­тыруға үлес қосқаны үшін «Delmare», «Eco-hotel Aqbulaq», «Eco-hotel Aqbulaq» сынды демалыс орындарына «Сапа белгісі» берілді. Өңірдің туристік әлеуетін арттыруға және қызмет көрсету сапасын жетілдіруге қосқан елеулі үлесі, кәсіби білімі мен нәтижелі еңбегі үшін Мақпал Берікболова «Туризм саласының үздігі», «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Гүлмира Нысанбаева, «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметов пен өзге де азаматтар «Туризм саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қоса бірқатар үздік сала мамандары мен инвесторларға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.
«Туризм саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келемін. Елімізде аталмыш сала соңғы жылдары қарқынды даму үстінде. Біз туризмді дамыту үшін ерекше қорғалатын табиғи аумаққа келіп-кетушілерге көрсететін ақылы қызмет түрлерінің сапасын, жабдықтау деңгейін, сервисін түбірімен өзгерту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінгі марапат осы еңбектің жемісі деп ойлаймын. Еңбегімнің еленгеніне ризамын», – дейді Гүлмира Нысанбаева.
Туризм бағытында еңбек етіп жүрген жандарға құрмет бұл сала мамандарына шабыт сыйлап, туристік әлеуеті зор Алматы облысының ары қарайғы дамуына тың серпін бермек.

Ерзат АСЫЛ

↑