Перейти к содержимому

Ұлт мерейі

72 қаралым

Ұстаз – ұрпаққа білім беріп қана қоймай, оның бойына адамгершілік, отансүйгіштік, жауапкершілік секілді асыл қасиеттерді сіңіретін ұлы тұлға. Осы орайда Райымбек ауданында Мұғалімдер күніне арналған «Ұлағатты ұстаз – ұлт мерейі» атты аудандық мерекелік жиын өтті. Салтанатты шара Б.Мұқай атындағы Райымбек аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылды.

Мерекелік кеш «Ұстазыма» әнімен ашылып, оқушылар аяулы ұстаздарға өздерінің жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Шара барысында ұстаз еңбегінің қадір-қасиеті туралы тағылымды өлеңдер оқылып, ұстаздық мамандықтың қоғамдағы орны кеңінен дәріптелді.
Жиында сөз алған Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегіне жоғары баға берді. Сонымен қатар бірқатар білім саласының қызметкерлеріне түрлі деңгейдегі марапаттар табыстады. Атап айтқанда, Майгүл Бекейқызы «Құрмет» ордені, Гүлжан Сағыбекова «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Білім саласындағы жемісті еңбегі үшін Алмагүл Тағаеваға министрліктің Құрмет грамотасы, Райкүл Әміреева мен Ғалия Әділбековаға Алғыс хаты берілді.
Мерекелік жиында облыстық деңгейдегі байқауларда жүлделі орыннан көрініп жүрген ұстаздарға айрықша құрмет көрсетілді. Үздік жетістігімен дараланған мұғалімдер облыстық білім басқармасының, аудан әкімінің, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының марапатына қол жеткізді.
Жиын барысында жас мұғалімдердің атынан Мұхаметқали Хасенов сөз сөйлеп, ұстаздық жолдың жауапкершілігі мен абыройы жайында ой бөлісті.
Мерекелік кештің мазмұнын концерттік бағдарлама одан әрі аша түсті. Ұстазға арналған әндер шырқалып, қазақ билері орындалды. Әсіресе жас мұғалімдердің орындауындағы хор көрерменнің ыстық ықыласын тудырды.
Кеш соңында ұстаздарға ізгі тілектер айтылып, олардың ұрпақ тәрбиесі жолындағы еңбегіне алғыс білдірілді.
Ұстаз – ұлт болашағын қалыптастыратын ұлы мамандық иесі. Оның өткізген әрбір сабағы, шәкіртіне айтқан ақылы мен берген тәрбиесі – келешекке салынған инвестиция. Сондықтан ұстазға көрсетілген құрмет – білімге, болашаққа көрсетілген құрмет.

Ақерке БИЖАН

Райымбек ауданы

↑