Алматы облысының аудан, қалалар арасында ұйымдастырылған «Ауылым – алтын бесігім!» атты облыстық байқау аясында Іле ауданының «Ұлт рухы ұялаған Іле» атты мәдениет күні жоғары деңгейде өтті. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, халқымыздың бай мәдени мұрасын дәріптеуге бағытталған ауқымды шара Өтеген батыр ауылындағы Нұрғиса Тілендиев Іле аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылып, 2000-нан астам көрерменнің басын қосты. Мерекелік шара Іле ауданының әкімі Қайыржан Серікбайұлы Жақсымбетовтың құттықтау сөзімен бастау алды. Аудан басшысы ұлттық мәдениетімізді сақтау мен дамыту, өскелең ұрпаққа ата-баба мұрасын насихаттау және ауданның рухани-мәдени әлеуетін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Салтанатты шараға Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбеталиев арнайы қатысты. Айтулы шара Іле топырағының төл перзенті, даңқты композитор Нұрғиса Тілендиевтің ескерткішіне тағзым етумен бастау алып, гүл шоқтары қойылды. Былтыр композитордың 100 жылдық мерейтойына орай құрылған «Саз Нұрғиса» жас домбырашылар ансамблі күйден шашу шашса, аудан жастары «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» бастамаларын насихаттады. Мәдениет күні аясында «Дала дәстүрі – бабалар мұрасы» атты ауданымыздың үздік қолөнер шеберлерінің ағаш, темір, сүйек және теріден әзірленген бірегей туындылары мен ұлттық мұрамызды танытатын тағылымды көрмелер көпшілік назарына ұсынылды. Халқымыздың салт-дәстүрлері мен арқан тартыс, асық ату, қазақша күрес, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындары дәріптеліп, ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қазынасы кеңінен насихатталды. Сонымен қатар «Достықтың думанды шаңырағы» атты халықтар достығы биі этнос өкілдерінің мығым бірлігін паш етсе, халықтық атағы бар ұжымдардың бірлескен театрлық композициясы сахнаның ажарын аша түсті. Мәдениет үйі ғимаратының үш қабаты толық қамтылған көрмеде «Тарих туған тұлғалар», «Дала дидары», «Өнерге өрілген мұра» атты айдарлар қамтылып, аудан кітапханашылары мен қолөнершілер тақырыпты аша білді. Айтуған Шәйімұлы атындағы айтыс-жыр мектебінің жас шәкірттеріне де тыңдаушылардың ықыласы ерекше болды. Мерекелік бағдарламаның шарықтау шегі аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен галаконцертке ұласты. Сахна шымылдығын «Дәуірдің дара үндері» атты қойылым ашып, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев пен композитор Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылық байланысы сахналанды. Халықтық «Сарытауқұм» ән-би ансамблінің орындауындағы Нұр ағаның «Әлқисса» күйі, вокалды топтың орындаған «Қарлығаш» әні мен үлгілі «Айжан» би ансамблінің «Өмір өткелдері» биі келген халыққа ерекше әсер қалдырды. Жас орындаушылардың дәстүрлі әндері мен вокалды-инструменталды ансамблдің сүйемілдеуімен орындалған «Тамшы» әнін әнші Тұрғынәлі Дәуіт нақышына жеткізіп орындай білді. Галаконцерттің соңы жергілікті ақын Баян Топарқызының сөзіне жазылған, мәдениет саласының үздігі Қарлығаш Ахметбаеваның «Қанат жайған, әсем Ілем» атты жаңа әнмен қортындыланды. Қазылар алқасының төрағасы ақын, композитор Төлеужан Ғұмаров сөз алып, аудан өнерпаздарына ерекше алғысын білдірді. Тағы бір айта кететіні, былтырғы дәл осы байқауда Іле ауданы бас жүлде иеленіп, жеңіл автокөлік жеңіп алған болатын. Осылайша әсем ән мен мың бұралған би, ұлттық нақыштағы өнер туындылары көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлап, Іле өңірінің мәдениетінің биік деңгейін паш етті. Көрермен ретінде шараға қатысқан аудан жұртшылығы да айтулы мәдениет мерекесін ұйымдастырған ұйымдастырушылар мен барша өнерпаздарға зор ерекше ықыластарын білдіріп жатты. Мәдениет күні ұлттық болмысымызды айшықтап, дәстүрімізді дәріптеген, өнер мен руханиятты тоғыстырған тағылымды мереке екенін тағы бір дәлелдеді.
Іле ауданы
