Перейти к содержимому

Ұстазым – ұлағатым!

46 қаралым

Жылысай ауылдық Мәдениет үйінде Ұстаздар күніне арналған салтанатты шара өтті. «Ұстазым – ұлағатым, үлгі-өнегем!» атты мерекелік жиынға Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсынов, білім беру ұйымдарының басшылары, ардагер-ұстаздар қатысты.

Мерекелік шара аудан мұғалімдері мен оқушылардың білім саласында жеткен жетістіктері қойылған арнайы көрмемен басталды. Аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтап, жас ұрпақ тәрбиесіндегі еңбектеріне жоғары баға берді.
Салтанатты шара барысында қажырлы еңбегімен танылған бірқатар мәртебелі мамандық иесі марапат төрінен көрінді. Атап айтар болсақ, Тасашы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гаухар Жеңісқызына «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі табысталса, сонымен бірге ағылшын тілі пәні мұғалімі Торғын Рахымжанқызы мен бастапқы әскери даярлық пәні мұғалімі Айбек Ермақанұлына Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ бірқатар білім беру саласының озық қызметкері облыс, аудан әкімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамотасына ие болды.
Ұрпақ тәрбиелеуде өзінің уақытын аямай, шәкірттерінің бақытын аялай білген жандарға арналған салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты. Кеш барысында аудан өнерпаздары мен Заманбек Нұрқаділов атындағы балалар өнер мектебінің оқушылары ән айтып, би билеп, ұстаздарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шәкірттердің жүректен шыққан жылы лебіздері мен өнерлері мұғалімдер қауымына үлкен қуаныш сыйлады.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы

↑