Перейти к содержимому
Басты бет / Әлеумет / «Заң және тәртіп»: жылыту маусымындағы қауіпсіздік

«Заң және тәртіп»: жылыту маусымындағы қауіпсіздік

131 қаралым

Жылыту маусымының басталуына байланысты газ және пеш жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау ерекше маңызға ие.

Алатау қаласында тұрғындардың бір бөлігі үйлерін табиғи немесе сұйытылған газбен жылытады, ал кейбірі көмір және басқа да қатты отынды пайдаланады. Жылыту түріне қарамастан, барлық жабдық жарамды күйде болуы, ал түтін мұржалары мен желдету арналары уақытылы тексеріліп, тазартылуы қажет.

Газ жабдықтарын пайдалану кезінде газ құрылғыларын өз бетінше жөндеуге немесе қайта орнатуға қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар газдың таралуын анықтайтын датчиктер мен қауіпсіздік жүйелерінің жарамдылығын үнемі бақылау маңызды.

Пешті пайдаланған кезде оны қараусыз қалдыруға, от жағуды балаларға тапсыруға, от тұтату үшін тез тұтанатын сұйықтықтарды қолдануға және ақаулы пешті пайдалануға болмайды. Жанғыш материалдар жылыту құрылғыларынан алыс жерде сақталуы тиіс.

Ерекше қауіп – түсі де, иісі де жоқ көміртегі тотығы, яғни улы газ. Уланудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу таза ауаға шығып, бөлмені желдетіп, медициналық көмекке жүгіну қажет.

Өрт болған жағдайда 101 немесе 112 нөміріне, ал газдың ағып кетуіне күдік туындаса, 104 нөміріне хабарласыңыз.

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында қауіпсіздік ережелерін сақтау – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Қырағылық танытып, жылыту жабдықтарын уақытылы тексеру өрттің алдын алып, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.

«Заң және тәртіп» әр адамның жеке жауапкершілігі мен әр шаңырақтағы қауіпсіздіктен басталады.

Асқар ЮСУПОВ
Алатау қаласы

↑