Перейти к содержимому

Жемқорлыққа жол берілмейді!

109 қаралым

      Алматы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінде «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында түсіндіру іс-шарасы өтті. Жиында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық өзгерістер, мүдделер қақтығысын болдырмау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту мәселелері талқыланды.

     Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрсұлтан Сейдалиев және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы РМҚК Алматы облысы бойынша филиалының директоры Қазыбек Нұрсейітұлы қатысты. Спикерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру бағытындағы жаңашылдықтарға тоқталып, заң талаптарын сақтау мен қызметтік әдеп қағидаттарын ұстанудың маңызын атап өтті.

     Жиында негізгі назар мүдделер қақтығысын реттеуге аударылды. Заңнамада бұл ұғым нақтыланып, «ықтимал, нақты және орын алған мүдделер қақтығысы» деген үш түрге бөлінген. Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғаларға лауазымдық өкілеттіктерін жеке басының немесе өздеріне байланысты адамдардың мүддесі үшін пайдалануға тыйым салынады. Сондай-ақ жеке мүдделер туралы декларация тапсыру және мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда тиісті шаралар қабылдау тәртібі белгіленген.

     Бұдан бөлек, жақын туыстар мен өзге де байланысты тұлғалардың мемлекеттік органдарда бірлесіп қызмет атқаруына қатысты шектеулер күшейтілді. Кадрлық процестерді цифрландыру да ықтимал мүдделер қақтығысын ерте анықтауға мүмкіндік береді.

    Кездесу барысында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін көзделген жауапкершілік мәселесі де түсіндірілді. Заңсыз сыйақы алу немесе беру, кәсіпкерлік қызметке қойылған шектеулерді бұзу және мүдделер қақтығысын реттеу жөніндегі міндеттерді орындамау құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды қорғау тетіктері мен оларды материалдық көтермелеу тәртібі таныстырылды. Азаматтар мұндай фактілер туралы тәулік бойы жұмыс істейтін 1424 Call-орталығына хабарлай алады.

     Іс-шарада сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің маңызы да атап өтілді. Олардың міндетіне ұйым ішіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, мүдделер қақтығысын реттеу, контрагенттердің сенімділігін тексеру және алдын алу шараларының орындалуын бақылау кіреді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен ұйымдарда ішкі талдау жүргізіп, анықталған тәуекелдерді жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажеттігі айтылды.

    2026 жылғы 12 маусымда қабылданған заңнамалық өзгерістерге сәйкес, мүдделер қақтығысын болдырмау және реттеу мәселелерін қамтитын жаңа нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. Осыған байланысты мемлекеттік органдар мен ұйымдар жаңа талаптарды алдын ала зерделеп, жұмыс тәртібіне енгізуге дайындық жүргізуі қажет.

     Жалпы, мұндай кездесулер мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттырып, қызметтік жауапкершілікті нығайтуға бағытталған. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – заңбұзушылық орын алғаннан кейін әрекет етумен шектелмей, оның туындауына себеп болатын жағдайларды дер кезінде анықтап, жою. Ал адалдық пен ашықтық қағидаттарын сақтау – мемлекеттік органдарға деген қоғамдық сенімді арттырудың маңызды шарты.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

↑