Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ақсақал өнегесі – азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі

Ақсақал өнегесі – азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі

37 қаралым

Бүгін еліміздің барлық өңірінде мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтуде. Таң сәріден сайлау учаскелерінде ерекше қарбалас пен мерекелік көңіл күй қалыптасты. Қалыптасқан игі дәстүрге сай, дауыс беруге алғашқылардың бірі болып аға буын өкілдері келді. Олар өздерінің белсенді азаматтық ұстанымымен қоғам өміріне жауапкершілікпен қараудың үлгісін көрсетіп, өскелең ұрпаққа туған өлкенің болашағына бейжай қарамаудың маңызын ұғындыруда.

Ю. Гагарин атындағы №8 мамандандырылған гимназияда орналасқан №820 сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ахат Солтанқұлов келді. Таңғы уақытқа қарамастан, ардагер көтеріңкі көңіл күймен дауыс беру орнына жетті. Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері қадірлі қонақты жылы қарсы алып, құрмет белгісі ретінде естелік сыйлық табыстады. Дауыс беру жәшігіне бюллетень салмас бұрын ақсақал халқымыздың дәстүріне сай жиналған қауымға және барша елге ақ батасын берді.

– Бүгін – өңіріміз бен бүкіл еліміз үшін маңызды күн. Біздің таңдауымыз қалаларымыз бен ауылдарымыздың ертеңі қандай болатынына, халықты толғандырған өзекті мәселелердің қалай шешілетініне тікелей әсер етеді. Мен ұзақ өмір сүріп, бейбітшілік пен бірліктің қадірін жақсы түсіндім. Сондықтан әрбір тұрғынды, әсіресе жастарды, ел тағдырына бейжай қарамай, сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасауға шақырамын. Елімізде әрдайым татулық, тұрақтылық пен береке-бірлік салтанат құрсын! – деді ақсақал.

Байқаушылар мен сайлау комиссиясы мүшелерінің айтуынша, аға буын өкілдерінің сайлаудың алғашқы сәттерінен бастап белсенділік танытуы бүкіл науқанға ерекше серпін беріп, жұртшылықты ортақ мақсат төңірегінде біріктіруге ықпал етеді.

Айта кетейік, еліміздегі сайлау учаскелері сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Дауыс берушілер партиялық тізімдер және бірмандатты сайлау округтері бойынша облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттарын сайлайды.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Талғар ауданы

↑