Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БАЛАБАҚШАЛАРЫНДА РОБОТОТЕХНИКА БАҒЫТЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БАЛАБАҚШАЛАРЫНДА РОБОТОТЕХНИКА БАҒЫТЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

106 қаралым

  Қонаев қаласындағы «Ақдидар» балабақшасында педагогтер, тәрбиеленушілер мен ата-аналар бірлесіп әзірлеген робототехника және түрлі инженерлік жобалар көпшілік назарына ұсынылды. STEM бағытында ұйымдастырылған шараның мақсаты – балалардың бойында ерте жастан ғылым мен технологияға деген қызығушылықты оятып, зерттеушілік қабілетін дамыту.

    Іс-шара барысында балалар өз жұмыстарын таныстырып, оның қалай жасалғанын, қандай қызмет атқаратынын түсіндіруге тырысты. Бұл олардың көпшілік алдында сөйлеу, ойын жеткізу және өз еңбегінің нәтижесін бағалай білу дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.

      Балабақша меңгерушісі Наркес Сасенованың айтуынша, STEM бағытын дамыту жұмыстары Мемлекет басшысының цифрландыру мен технологиялық даму жөніндегі тапсырмаларымен үндеседі. Сондықтан балаларды жаңа технологиялармен ерте таныстыруды білім беру үдерісінің маңызды бөлігі ретінде қарастырады.

     – Мемлекет басшысының Жолдауында цифрландыру мен жаңа технологияларды дамытуға басымдық берілген. Біз де осы бағытты мектепке дейінгі тәрбиеден бастауды мақсат етіп отырмыз. Қазіргі таңда балабақшамызда арнайы робототехника кабинеті жұмыс істейді. Балалар бекітілген кестеге сәйкес аптасына екі рет келіп, робототехникамен айналысады. Мұндағы негізгі мақсатымыз – оларды инженерлік ойлауға, құрастыруға, ізденуге баулу. Себебі баланың ой-өрісін дамыту ең алдымен қол моторикасынан, саусақ қимылынан басталады. Құрастыру арқылы баланың ойлау қабілеті, қиялы мен шығармашылығы дамиды. Ал бүгінгі шараны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – бала, ата-ана және тәрбиеші арасындағы ынтымақтастықты нығайту, – дейді Наркес Армиянқызы.

     Балабақшада робототехника кабинетін жабдықтауға қамқоршылық кеңесі белсенді атсалысуда. Мұндай қолдау білім беру ұйымы мен ата-аналар қауымдастығы арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, балалардың жаңа дүниелерді үйренуіне де мүмкіндік береді.

     – Біздің ата-аналарымыз балалардың тәрбиесі мен балабақшадағы іс-шараларға бейжай қарамайды. Бүгінгі жобаларды әзірлеу кезінде де олардың үлесі зор. Осындай бірлескен жұмыстар арқылы баланың да қызығушылығы артады. Біз үшін ата-ана мен тәрбиешінің бір бағытта жұмыс істеуі өте маңызды. Өйткені баланың дамуы тек балабақша қабырғасымен шектелмеуі керек, – дейді ол.

     «Ақдидар» балабақшасында бүгінде 370 бала тәрбиеленіп, 16 топ жұмыс істейді. Білім беру мен тәрбие үдерісіне 38 педагог тартылған. Мамандардың барлығы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласы бойынша кәсіби білім алған. Ұжым балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, олардың танымдық, шығармашылық және еңбек дағдыларын дамытуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Сонымен қатар балабақша мектепке дейінгі жастағы балаларды ерте жастан еңбекке баулу бағытындағы республикалық пилоттық жобаға қатысуда.

    Осылайша, «Ақдидар» ұжымы STEM бағытын тек бір күндік көрмемен шектемей, күнделікті білім беру үдерісіне енгізуді көздеп отыр. Алдағы қалалық семинар да осы тәжірибені кеңінен таратуға мүмкіндік бермек. Мұндай бастамалар өзге мектепке дейінгі ұйымдардың да жаңа әдістерді меңгеруіне, педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына жол ашады. Шара соңында қамқоршылық кеңесінің мүшелері бүлдіршіндерге робот ойыншықтарын сыйға тартты.

     Осындай алғашқы қадамдар баланың бойындағы қызығушылықты оятып, ізденуге жетелейді. Бүгін ойыншық бөлшектерін біріктіріп жүрген бүлдіршін ертең инженер, сәулетші немесе жаңа технологияларды меңгерген маман болуы әбден мүмкін. Ең бастысы, сол қабілетті дер кезінде байқап, дамытуға жағдай жасау.

Қонаев қаласы

↑