Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында көпбалалы ана мемлекеттік гранттың қолдауымен кәсібін кеңейтуде

Алматы облысында көпбалалы ана мемлекеттік гранттың қолдауымен кәсібін кеңейтуде

68 қаралым

Алатау қаласындағы Құйған шағынауданының тұрғыны Әйгерім Жеңісқызы Дүйсенбек – отбасы мен кәсіпті қатар алып жүрген, еңбегімен көпке үлгі болып отырған көпбалалы ана. Ол – өз кәсібін үлкен қаражатсыз-ақ, үй жағдайында бастап, біртіндеп дамытып келе жатқан еңбекқор жан.
Әйгерім Жеңісқызы бастапқыда тұрғындардың тапсырысы бойынша торт, бауырсақ және түрлі тәтті тағамдар әзірлеп, сатумен айналысқан. Үйде отырып-ақ табыс табуды мақсат еткен ол уақыт өте келе тұтынушылардың сұранысын зерттеп, өз кәсібінің аясын кеңейте бастады. Әрбір тапсырысқа жауапкершілікпен қарап, өнімдерінің сапасына мән беруінің арқасында тұрақты тұтынушыларын тапты.
2026 жылы Әйгерім Жеңісқызы кәсібін одан әрі дамыту мақсатында бизнес-жоспар әзірлеп, Алатау қаласының Мансап орталығына ұсынған. Нәтижесінде көпбалалы ана мәртебесі бойынша 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік грантты жеңіп алды.
Бұл қаражат кәсіпкердің жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Грант қаражатына жартылай дайын тағам өнімдерін сақтауға арналған үлкен тоңазытқыш, қамыр илеуге қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, өндіріс көлемін арттыруға жағдай жасады.
«Бұл мемлекеттік грант менің кәсібімнің тек көлемін ғана емес, жұмысымның сапасын да жақсартуға үлкен септігін тигізді. Бұрын тапсырыстарды үй жағдайында шектеулі көлемде қабылдайтынмын. Қазір мүмкіндігім кеңейді. Тоңазытқыш алып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Соның арқасында жұмысымды жүйелі түрде жүргізіп, тұтынушыларға өнімнің бірнеше түрін ұсына бастадым», – дейді Әйгерім Жеңісқызы.
Бүгінде оның кәсібіне деген сұраныс артып келеді. Ол тапсырыс бойынша бауырсақ, түрлі тоқаштар, тұшпара, кеспе, қамыр өнімдері және басқа да жартылай дайын тағам түрлерін әзірлейді.
Әсіресе, уақыт үнемдеуді қалайтын тұрғындар арасында дайын және жартылай дайын өнімдерге сұраныс жоғары. Тұтынушылар санының артуы кәсіпкерді кәсібін одан әрі ұлғайтуға ынталандырды. Осыған байланысты Әйгерім Жеңісқызы үй жағдайындағы жұмысын кеңейтіп, жеке шағын ғимараттың құрылысын бастап кетті.
Бұл – оның алға қойған мақсатына қарай жасаған кезекті қадамы. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, өнім түрлерін көбейтіп, кәсібін тұрақты табыс көзіне айналдыруды жоспарлап отыр.
Әйгерім Жеңісқызы мемлекеттік қолдаудың арқасында көптеген нәзік жанды аруларға өз ісін бастауға мүмкіндік бар екенін айтады. Оның сөзінше, кәсіп ашуға ниетті адамға, ең алдымен батылдық, еңбекқорлық және нақты жоспар қажет.
«Мемлекетімізде үйде отырған көпбалалы аналарға кәсіп бастауға мүмкіндік беретін осындай бағдарламалардың бар екеніне ризашылығымды білдіремін. Бұл қолдау мен үшін үлкен көмек болды. Сондай-ақ Алатау қаласының Мансап орталығының ұжымына ерекше алғысымды айтқым келеді. Мамандар бізге бағыт-бағдар беріп, бизнес-жоспар дайындау мен құжаттарды рәсімдеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осындай қолдаудың арқасында өз кәсібімді дамытуға мүмкіндік алдым. Ең бастысы, адамға ниет пен талпыныс керек. Еңбек етемін деген жанға мүмкіндік әрдайым табылады», – дейді кәсіпкер ана.


Толқын ОДАШҚЫЗЫ

Алатау қаласы

↑