Перейти к содержимому

Әуелі борыш…

58 қаралым

ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының Ақжардағы техникалық және кәсіптік-даярлық бөлімінде әскери өмірдің алғашқы әліппесімен танысып жатқан жүздеген жас сарбаздың бірі – Мағжан Ғалым. Жоғары білім алып, кәсіби жолын бастауға мүмкіндігі бола тұра, ол әуелі Отан алдындағы борышын өтеуді таңдады. Әскери өмірді өз көзімен көріп, сарбаздықтың мәнін сезінуге деген ықылас Мағжанды әскер қатарына өз еркімен алып келді.

Дүние есігін Талдықорған қаласында ашқан Мағжан – Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің түлегі, ағылшын тілін еркін меңгерген жас маман. Алдында кәсіби жолын бастауға мүмкіндік тұрса да, ол әуелі әскери міндетін орындауды жөн көрді. Оның ұстанымы айқын: алдымен – Отан алдындағы азаматтық борыш, содан кейін – мамандық.

…Дегемен, біз өзіміздің жас жігітпен қызық жағдайда танысқанымызды айтпай кетпесек, болмайтын секілді?!

Департаменттің оқу базасы. Журналистің асай-мүсейін арқалап жеткен  бізді жылы қарсы алған шекаралық бақылау-өткізу постының кезекшісіне өзіміздің әдеттегідей сарбаздардың күнделікті тыныс-тіршілігімен танысуға келгенімізді айтқан соң ішке кедергісіз ендік. Сөйтсек, мұнда біз іздеген сарбаздар өздерінің саптық дайындықтарын шыңдап жатыр екен. Бұл – өз-өзінен түсінікті де. Шекара қызметінің сапын толықтырғандарына екінші айдың жүзі болған «Күз-2026» шақырылымының сарбаздарын алда Әскери ант қабылдау рәсімі күтіп тұр. Ал ер-азаматтың өмірінде бір-ақ рет болатын мұндай маңызды күнге мықты дайындықпен келу керек. Осыны жақсы білетін біз бөлім бастығы полковник Сағадат Әуезовке саппен жүруді еркін меңгеріп үлгерген сарбазбен сұхбаттасқымыз келетінін білдірдік. Тағы «өзі жоғары білімді, спортшы, бойына өнер қонған сарбаз» құба-құп болатынын айтуды «ұмытқан» жоқпыз.

Бар екен, қатардағы жауынгер – Мағжан Ғалым. Ақылды көздерімен таңдана қараған жас сарбазға өзімізді таныстырдық. Әрине, спортшы немесе таланты тас жарған сарбаздардың бірі емес. Есесіне, ол оңай шағылатындардың қатарынан емес. Хоббиі – әлем классиктерінің кітабын оқу.

– Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап елімізде ауқымды кітап оқу марафоны басталғанын білемін. Қуана қатысар едім, басында айтқанымдай, алдымен азаматтық міндетімді өтеуді шештім. Ал қалғанына үлгеретініме сенімдімін, – дейді ол ағынан жарылып.

– Дұрыс екен, бізге мынаны айтшы, осында келгелі не үйрендің, нені түсіндің? – деп бастырмалаттық.

Сарбаз жымиды. Сосын:

– Тәртіпке бағынуды үйрендім, ата-ана бауырларымның, уақыттың қадірін түсіндім. Бізді әскери өмірге үйретіп жатқан офицерлер мен кіші командирлер осы мамандықты өмірлік етіп таңдағандар. Соларға қарап бой түзесем, өзімнің құтылмайтыныма көз жеткіздім.

Осы жерге келгенде сәл үнсіз қалған сарбаз:

– Білесіз бе, мен – үйдің үлкенімін. Менің артымнан ерген бауырларыма дұрыс бағыт-бағдар беру – ағалық міндетім. Сондықтан, жоғары білім алуға, шет тілді білуге, әскерге өз еркіммен келуге ұмтылуым керек. Келісесіз бе? – деді.

Әрине, келісемін. Өйткені, Мағжан секілді жастарға Мағжан ақынның өзі «Сен лапылдап жанбасаң, аспан қалай ашылмақ…» деген сұрапыл сұрақты қойып кеткен. Ал менің алдымда ақын Мағжан іздеген жалын жүрек тұрғанына қапысыз сендім.

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметі

Алматы облысы бойынша департаментінің

баспасөз хатшысы      

↑