Алматы облысының басты индустриялық және аграрлық тіректерінің бірі саналатын Іле ауданында бүгінгі сайлау күні еңбек адамдарының ерекше белсенділігімен есте қалуда. Ауданның ірі өндіріс орындарында, логистикалық орталықтарында және ауыл шаруашылығы саласында табанды еңбек етіп жүрген еңбек әулеттерінің өкілдері сайлау учаскелеріне бірнеше буын болып бірге келіп, өз таңдауларын жасауда.
Іле ауданы — өңір экономикасының локомотиві. Мұнда ондаған жылдар бойы қалыптасқан зауыттар мен фабрикалар, агроөнеркәсіп кешендері жұмыс істейді. Осы кәсіпорындардың негізін қалап, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан жұмысшы әулеттер үшін туған жердің тағдыры мен елдің даму бағыты әрқашан бірінші орында. Бүгін сайлау учаскелерінен еңбек ардагерлерін, олардың жолын қуған балалары мен немерелерін бірге көруге болады.
Жұмысшы мамандық иелерінің айтуынша, кәсіби шеберлік пен еңбексүйгіштік сияқты, отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік те отбасында қалыптасады. Ауданның өндірістік әлеуетін одан әрі арттыру, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру, ауылдар мен кенттердің инфрақұрылымын жаңғырту — осының бәрі әр азаматтың сайлаудағы саналы таңдауына тікелей байланысты. Сондықтан еңбек династиялары дауыс беруге отбасылық мереке ретінде қарап, учаскелерге ерекше құрметпен келуде.
Комиссия мүшелері ел дамуына сүбелі үлес қосқан аға буын өкілдеріне ризашылықтарын білдіріп, жастарға үлгі боларлық осындай ұйымшылдықтың маңыздылығын атап өтті.
Еңбек әулеттерінің белсенді қатысуы Іле ауданындағы сайлау науқанына ерекше салмақ пен мазмұн беріп, еңбек адамының қоғамдағы орны мен беделін тағы бір мәрте айқындап берді.
«Алатау – Ақпарат»

