Ауылдық жерлерде мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін төрт түлік – негізгі табыс көзі әрі отбасының күнкөрісі. Сондықтан мал ұрлығы шаруашылық иесіне елеулі материалдық шығын келтіреді. Кей жағдайда қараусыз жайылған малдың жоғалуы немесе қораның дұрыс жабылмауы да ұрлыққа қолайлы жағдай туғызады.
Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін мал иелері қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтауы қажет. Малға таңба салу, ен салу, құжаттарын реттеу, жайылымдағы қозғалысын бақылау және қора-жайды бекіту – мүлікті қорғаудың маңызды шаралары.
Сонымен қатар күмәнді көлік пен бөгде адамдардың әрекетін байқаса, тұрғындар полицияға хабарлаудан тартынбағаны жөн. Өйткені бір адамның сақтығы тұтас ауылдың қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін.
АЙЖАРЫҚ КӨПТІЛЕУОВ

