«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны – ел арасында кітап оқу мәдениетін жаңғыртып, өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды егудегі ерекше бастамалардың бірі. Алатау қаласының тұрғыны ретінде бұл рухани қозғалыстың қоғамға, әсіресе жастарымызға берер пайдасы ұшан-теңіз деп білемін.
Кітап оқу – тек сөз тану немесе уақыт өткізу емес, ол – сананы ағарту, ойды ұштау және тұлғаны қалыптастыру. Марафон аясында қайта парақтаған, қазақ әдебиетінің алтын қорына енген классикалық шығармалардың бірі – Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесi. Бұл туындының тереңінде жатқан ғибрат пен тәрбиелік мән бүгінгі күнде де өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ.
«Көксерек» шығармасы табиғат пен адам арасындағы күрделі де нәзік қарым-қатынасты көрсетеді. Құртқаның бөлтірігін ұясынан тартып алып, үй жануарына айналдырмақ болған Құрмаштың әрекеті арқылы жазушы табиғат заңына қарсы келудің зардабын шебер суреттейді. Шығарма оқырманды табиғатты аялауға, оның заңдылықтарын құрметтеуге және аң-құсқа, қоршаған ортаға мейіріммен қарауға баулиды.
Құрмаш баладағы аңғал мейірім мен бауырмалдық кімді де болсын толғандырмай қоймайды. Дегенмен, шығарма жауапкершілік пен түсініктің қатар жүруі керектігін ескертеді. Баланың таза ниеті мен Көксеректің табиғи жыртқыштық инстинкті арасындағы қайшылық – оқырманға өмірдің ащы шындығын ұғындыратын үлкен сабақ.
Бүгінгі цифрлық дәуірде балалар мен жастардың бойында жанашырлық, заңдылықты құрметтеу, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді дамытуда мұндай туындылардың орны ерекше. Мұхтар Әуезов сөзінің қуатымен әрбір оқырманның жүрегіне ой салып, эмоциялық интеллектын арттырады.
Алатау қаласы сияқты жаңарып, дамып келе жатқан жас шаһардың тұрғындары үшін мұндай марафондарға қатысу – ортақ рухани кеңістік қалыптастырудың бастауы. Өйткені кітап оқыған ұлт қана бәсекеге қабілетті, парасатты әрі болашағы бұлыңғыр емес, айқын елге айналады.
Әрбір шаңырақта кітапқа деген сүйіспеншілік артып, «Көксерек» сияқты заңғар шығармаларымыз оқыла берсін!
Қалдықыз ЕСЕНБАЕВА,
Алатау қаласының тұрғыны

