Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Мемлекеттік грант – кәсіпке берілген мүмкіндік: Жетіген тұрғыны Замира Шахаева өз кәсібін дөңгелетіп отыр

Мемлекеттік грант – кәсіпке берілген мүмкіндік: Жетіген тұрғыны Замира Шахаева өз кәсібін дөңгелетіп отыр

23 қаралым


Еңбекке деген ынта мен табандылық адамға талай мүмкіндікке жол ашады. Ал мемлекеттік қолдау сол мүмкіндіктерді жүзеге асыруға серпін береді. Бұған Алатау қаласының Жетіген шағынауданының тұрғыны, көпбалалы ана Замира Шахаеваның өмір жолы жақсы мысал бола алады.
2026 жылы Замира Шахаева мемлекеттік қайтарымсыз грант бағдарламасы аясында 400 АЕК көлемінде қаржылай қолдауға ие болды. Ол бөлінген қаражатты тиімді пайдаланып, сүт өнімдерін өндіру кәсібін дамытуға қажетті сүт сауатын арнайы агрегаттар сатып алды.
Бүгінде ол өз шағын кәсібін дөңгелетіп, сүт өнімдерін өндірумен айналысып келеді. Бұл кәсіп Замира үшін тек табыс көзі ғана емес, сонымен қатар отбасының берекесін арттырып, балаларымен бірге болуға мүмкіндік беретін маңызды іс.
Көпбалалы ана үшін бала тәрбиесі мен еңбек жолын қатар алып жүру оңай емес. Алайда Замира мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланып, кәсібін отбасынан алыстамай-ақ жүргізудің жолын тапты. Ең бастысы, балаларын қасында ұстап, олардың тәрбиесіне көңіл бөле отырып, өз еңбегімен табыс тауып отыр.
Оның айтуынша, мемлекеттік грант шағын кәсіптің дамуына үлкен қолдау болды. Бұрын қол еңбегін қажет ететін жұмыстарды арнайы құрылғылардың көмегімен жеңілдетіп, өндіріс процесін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік туған.
Мұндай бастамалар мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көрсетеді. Қайтарымсыз гранттар азаматтардың кәсіп бастауына, өз ісін дамытуына, табыс көзін қалыптастыруына және отбасылық әл-ауқатын жақсартуына жол ашады.
Замира Шахаеваның оқиғасы – еңбекқорлықтың, аналық жауапкершіліктің және мүмкіндікті тиімді пайдаланудың жарқын үлгісі. Оның шағын кәсібі үлкен жетістіктерге бастайтын алғашқы қадамға айналып отыр.
Өз кәсібін ашып, адал еңбегімен табыс тауып отырған Замира Шахаева секілді азаматтар – қоғамның дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдары. Мемлекеттік қолдау мен жеке ынта ұштасқанда, шағын бастаманың өзі үлкен нәтижеге жеткізетіні сөзсіз.


Толқын ОДАШҚЫЗЫ

Алатау қаласы

↑