Перейти к содержимому

Әдебиет – алтын көпір

49 қаралым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы қоғамда оқу мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға жол ашып отыр.

Осы бір ізгі ұстанымның жарқын көрінісіне айналған «Кітап тоғыстырған қос ел» атты әдеби кездесу Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасында өтті. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға, қос халықтың әдеби мұрасын насихаттауға арналған тағылымды кеш әзербайжан әдебиетінің көрнекті өкілі, халық жазушысы, ақын Джавад Джавадлының туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Әдеби кешті Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ержан Алаштуған жүргізді. Кештің құрметті қонақтары қатарында Джавад Джавадлының қызы, ақын әрі жазушы, әдебиеттанушы-ғалым Джаля Джафарова, ұлы Әлискер Джавадлы және тележурналист, режиссер Руфат Мурадлы болды. Қаламгердің ұрпақтары мен әдебиет өкілдерінің бас қосуы кездесудің мазмұнын тереңдетіп, тарихи жады мен ұрпақтар сабақтастығының мәнін аша түсті.

Кеш барысында Джавад Джавадлының өмірі мен шығармашылығы, оның басынан өткерген тарихи кезеңдері туралы кеңінен сөз қозғалды. Әсіресе Қазақстанда саяси қуғын-сүргіннің зардабын тартқан қаламгердің тағдырына арналған бейнежазбаның көрсетілуі көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Бір адамның өмір жолы арқылы тұтас дәуірдің қайшылығын, сөз бостандығы үшін күрестің салмағын, қалам мен рухтың қадірін аңғаруға мүмкіндік туды.

Қаламгер тағдыры – тек жеке адамның өмірбаяны ғана емес, ол – тарихтың айғағы, уақыттың үнсіз куәгері. Қандай кезеңде де шындықты ту еткен шығармашылық иелерінің мұрасы кейінгі ұрпақ үшін рухани бағдар болып қала береді. Осы тұрғыдан алғанда, Джавад Джавадлының өмірі мен әдеби мұрасын кеңінен таныстыру – тарихи әділеттілікке құрмет білдірумен қатар, әдебиеттің адамзаттық құндылықтарын дәріптеудің де маңызды көрінісі.

Кездесуге қатысқан студенттер мен оқырмандар әзербайжан қаламгерінің шығармашылық әлемімен танысып, оның өмір жолы туралы тың мәліметтер алды. Қонақтардың естеліктері мен ой-пікірлері әдеби мұраның қадірін тереңірек түсінуге жол ашты. Әдебиет төңірегіндегі осындай жүздесулер оқырманның таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, өзге халықтың тарихы мен мәдениетіне деген құрметін арттыра түседі.

Кештің тағы бір тағылымды сәті – Әзербайжан елінен арнайы әкелінген кітаптардың кітапхана қорына табысталуы болды. Бұл сыйлық – жай ғана кітап алмасу емес, екі елдің мәдени мұрасын өзара танытуға бағытталған игі қадам. Әрбір кітаптың бетінде бір халықтың тарихы, дүниетанымы, ұлттық болмысы мен рухани ізденісі жатыр. Сондықтан кітапхана қорына қосылған жаңа әдебиеттер оқырманға әзербайжан әдебиетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде кітапхана ұжымы да қазақ халқының ежелден қалыптасқан қонақжайлық дәстүріне сай шетелдік меймандарға құрмет көрсетіп, иықтарына ұлттық шапан жапты. Бір-біріне ықылас білдіріп, рухани сыйластық танытқан қос ел өкілдерінің жүздесуі мәдениеттер үндестігінің мәнін айқындай түсті.

Руханият тоғысқан бұл жүздесу қатысушылардың жүрегінде жылы әсер қалдырып, қазақ-әзербайжан әдеби байланыстарының одан әрі нығаюына негіз болды. Осындай игі бастамалар жалғасын тауып, кітап арқылы жалғасқан достықтың ауқымы кеңейе берсін. Өйткені кітап оқитын ұлт – рухани тамыры терең, танымы кең, өзге мәдениеттерге құрметпен қарайтын зерделі ұлт.

Еркенжан БАҚЫТЖАН,

Алматы облыстық орталық әмбебап

 кітапханасының қызметкері

↑