Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Бала тәрбиесі мейірімнен басталады

Бала тәрбиесі мейірімнен басталады

43 қаралым

Іле ауданы Өтеген батыр ауылындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы Мәдениет үйінде өңіріміздегі аналар мен психологтарға арналған «QASYNDAMYN» форумы өтті. «Мейірімге негізделген тәрбие» тақырыбындағы басқосуда бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі, отбасындағы сенім мен жылылық, жасөспірімдердің психологиялық саулығы және ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту мәселелері талқыланды. Форумның бас спикері, тәжірибелі гештальт-психолог Лейла Мирас бала жанын түсінудің маңызына тоқталды.

Бала тәрбиесі – бір күннің немесе бір адамның ғана еншісіндегі шаруа емес. Ол – отбасынан басталып, қоғаммен жалғасатын, әрбір ата-ананың жүрегінен орын алуға тиіс жауапты міндет. Кейде баланың бар тілегі – қымбат ойыншық та, сәнді киім де емес, жанында отырып әңгімесін тыңдайтын, көңіл күйін түсінетін, құшағына басып, бар екенін сездіретін жақын адамының жылуы. Адам өмірінде айрықша мәні бар құндылықтарды ортаға салған тағылымды кездесуге Іле ауданы әкімдігі, аудандық жастар ресурстық орталығы мен білім бөлімі мұрындық болды. Шараға бала тәрбиесіне бейжай қарамайтын аналар, психологтар, педагогтер мен сала мамандары жиналды.

Форум жұмысын ашып берген облыстық балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Дәулет Шайтұрсынұлы бала тәрбиесінің қоғам алдындағы жауапкершілігіне тоқталып, ата-ананың отбасындағы рөлін кеңірек түсінудің қажеттігін атап өтті.

– Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ жауапкершілік. Біз кейде баланың материалдық қажеттілігін өтеуді басты міндет санап, оның жандүниесіне үңілуге, сезімін түсінуге, бірге уақыт өткізуге жеткілікті көңіл бөле бермейміз. Ал балаға ең алдымен ата-анасының ықыласы, мейірімі мен жылылығы қажет. Тәрбие тек талап қоюмен шектелмейді, ол – тыңдай білу, түсіне білу және әрдайым жанынан табылу. Бүгін осы маңызды мәселені талқылау үшін бас қосып отырмыз. Осы орайда өңірімізге арнайы ат басын бұрып, тәжірибесімен бөлісуге келген Лейла Мирас ханымға айрықша алғысымды білдіремін. Сіздің кәсіби тәжірибеңіз бен тағылымды ойларыңыз бүгінгі форумға қатысушыларға үлкен ой салып, бала тәрбиесіне жаңаша көзқараспен қарауға ықпал етеді деп сенемін, – деді ол. Осыдан кейін Дәулет Шайтұрсынұлы балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған мұндай кездесулердің маңызды екенін айтып, Лейла Мирасқа облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

 «Мейірімге негізделген тәрбие» курсының авторы Лейла Мирас жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бағытында жұмыс істеп, 250-ден астам жастың өмірін сақтап қалуға көмектескен маман ретінде танылған. 2023 жылы Аланиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көрсеткен көмегі үшін «Жыл әйелі» марапатына ие болған. Қазіргі уақытта Binom мектептерінің эмоциялық ахуал мәселелері бойынша бас кеңесшісі әрі Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы суицидтің алдын алу жөніндегі Жобалық кеңестің бас кеңесшісі қызметін атқарады.

Тренингті бастаған Лейла Мирас бала тәрбиесіндегі мейірімнің, эмоциялық байланыстың және ата-ананың ішкі дайындығының маңызына кеңінен тоқталды. Оның пайымынша, баланы тәрбиелеу дегеніміз – оған үнемі ақыл айтып, талап қою немесе әр қадамын бақылау емес. Ең алдымен, баланың жеке тұлға екенін мойындап, оның сезімі мен ойын құрметтей білу қажет. Өйткені әр баланың өзіндік мінезі, қабылдау ерекшелігі, ішкі әлемі бар. Үлкендер үшін болмашы көрінетін оқиғаның өзі бала жүрегіне салмақ салуы мүмкін. Сондықтан оны тыңдау, сезімін жоққа шығармау, түсінуге талпыну – ата-ананың басты ұстанымына айналғаны жөн. Кездесу барысында «Баланың қателігін қалай қабылдау керек? Оның көңіл күйіндегі өзгерісті қалай байқауға болады? Жасөспіріммен сенімді қарым-қатынасты қалай қалыптастырған жөн? Ата-ана өз эмоциясын басқара отырып, баланың сезіміне қалай құрметпен қарай алады?» сынды сауалдар төңірегінде әңгіме өрбіп, қоғам үшін де, әрбір отбасы үшін де өзекті жайттар айтылды.

Лейла Мирас бала тәрбиесіндегі кейбір олқылықтар үлкендердің жаман ниетінен емес, психологиялық сауаттың жеткіліксіздігінен, қарым-қатынас жасаудың тиімді жолдарын білмеуінен туындап жататынын кеңінен баяндады. Басқосудың тағы бір маңызды тұсы – ата-ананың өз болмысын да түсінуіне назар аударылуы. Балаға дұрыс бағыт беру үшін алдымен ересек адамның өзінің эмоциялық жағдайы тұрақты болғаны жөн. Шаршаған, күйзеліске түскен немесе өз сезімін басқара алмай жүрген ата-ананың баламен қарым-қатынасында түсініспеушілік туындауы мүмкін. Сондықтан балаға мейірім сыйлау жолы үлкендердің өзіне де қамқорлық танытып, ішкі жандүниесіне үңілуінен басталады. Танымал психолог бұл – ата-ананың әлсіздігі емес, керісінше, жауапкершілігін терең сезінуі  екенін айтады.

– Бүгінде жасөспірімдер арасындағы психологиялық қиындықтар, жалғыздық сезімі, өзіне деген сенімсіздік, отбасындағы түсініспеушілік мәселелері қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс. Әсіресе ақпараттық кеңістіктің ықпалы күшейген кезеңде баланың ішкі әлеміне үңілу бұрынғыдан да маңызды. Кейде ата-ана баласының сабағын, күнделікті жүріс-тұрысын бақылағанымен, оның көңілінде не болып жатқанын аңғармай қалуы мүмкін. Ал балаға дер кезінде көрсетілген ықылас пен қолдау талай қиындықтың алдын алуға септігін тигізеді, — деді Лейла Мирас.

 Форум аясындағы мазмұнды әңгіме қатысушыларға бала тәрбиесіне басқа қырынан қарауға мүмкіндік берді. Өйткені мейірімге негізделген тәрбие – баланың барлық қалауын орындау немесе оған шексіз еркіндік беру емес. Ол – талап пен түсіністіктің, тәртіп пен жылылықтың, жауапкершілік пен сенімнің арасындағы үйлесімді табу.

Тағылымды кездесу ата-аналар мен мамандардың өзара тәжірибе алмасуына, бала тәрбиесіне қатысты ортақ мәселелерді талқылауына жол ашты. Әсіресе психологиялық білімді тек мамандар ортасында қалдырмай, оны отбасылық қарым-қатынастың ажырамас бөлігіне айналдыру қажеттігі айқын сезілді. Балаға шекара қоюмен қатар, оның сезімін құрметтеу де маңызды екенін көңілге түйген көпшілік аталмыш форумнан айрықша әсерге бөленіп тарқасты.Іле ауданы

Құралбек СӘБИТОВ

↑