Перейти к содержимому

Отбасылық кәсіп – ортақ нәсіп

185 қаралым

   Қарасай ауданының Шамалған ауылының тұрғыны Ермек Ықыласов отбасының қолдауының арқасында Golden Maken компаниясын құрып, жиһаз өндірісін жолға қойды. Бұл өнімдер Қазақстанға танымал брендке айналды. Мұның өзі өнім сапасы мен ассортиментінің молдығын аңғартады.

    Бір қызығы, Ермек – отбасындағы жеті баланың кенжесі. Оның кәсібін бастауына ағасы Ержан, әпкелері Шолпан, Гүлмира және басқа да туыстары қолдау көрсетті. Олар көп жыл бұрын Жамбыл облысындағы Луговой стансасынан Шамалған ауылына қоныс аударған. Алғашында саудамен айналысқан олар кейін өздерінің отбасылық кәсібін ашуды ұйғарды.

– Он жылға жуық уақыт бойы тек жиһаз сатумен айналыстым, ал 2014 жылдан бастап жиһаз өндірісін жолға қоя бастадым, – дейді Ермек. – Кәсіпті бастауына 2008 жылы Шамалған ауылынан көлемі бір гектар болатын жер телімін сатып алуымыз негіз болды. Осы жерде жалпы аумағы 4 мың шаршы метр өндірістік база құрылды. Жұмысты өз қаражатымызға бастадық. Біраз уақыттан кейін «Даму» қорының қолдауының арқасында өндірістік құрал-жабдықтар сатып алып, кәсібімізді одан әрі дамытуға мүмкіндік туды. 2016 жылы жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында «Даму» қорының қолдауын екінші рет пайдаландық. Бұл қаржы қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға және айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік берді. 2025 жылы өндірісті жаңғырту үшін тағы да мемлекеттік қолдауға жүгіндік. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының «Өрлеу» бағдарламасы аясында Bereke Bank арқылы 12,6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алдық. Сондықтан мемлекеттік қолдаудың кәсібіміздің қалыптасып, дамуына тигізген ықпалы өте зор болды.

    Бүгінде кәсіпорында 25 адам еңбек етеді. Бірі шикізат дайындаумен айналысса, енді бірі ағаш өңдейді. Басқалары түрлі бөлшектер дайындап, дизайнмен және бұйымдарды көркем безендірумен айналысады.

    Отбасының мүшелері Шолпан мен Гүлмира жеке тапсырыстарды қабылдап, бухгалтерлік есепті жүргізеді, ұйымдастыру мәселелерін шешеді. Ал өндірісті Ержан басқарады. Осылайша шағын отбасылық кәсіп сенімді түрде дамып келе жатқан, алда әлі талай қызықты жоспары бар компанияға айналды.

Өндірісте табиғи ағаш, ламинацияланған ағаш-жаңқа тақталары, орташа тығыздықтағы ағаш талшықты тақталар, сондай-ақ полиакрилонитрил талшықтары негізіндегі жеңіл әрі жұмсақ синтетикалық материал – акрил қолданылады. Әртүрлі ағаш түрлерін өздері дайындайды. Әсіресе қарағашқа басымдық беріледі. Мұнда ағаштар кептіріліп, бұтақтары мен бұдыр-сіңірлерінен тазартылады, өңделіп, жиһаз жасауға жарамды күйге келтіріледі. Матрастардың басым бөлігі Ресейден әкелінеді, ал түрлі маталар осы төңіректегі сауда орындарынан сатып алынады.

    Өндірісте негізінен – ресейлік, қытайлық және италиялық технологиялар қолданылады. Жиһаздың жаңа үлгілерін әзірлеумен кәсіби конструкторлар мен дизайнерлер айналысады. Олар заманауи үрдістер мен сұранысты ескере отырып, сан алуан пішіндер мен стильдерді ұсынады. Мұнда өнімнің сапасы жоғары болғанымен, өзіндік құны салыстырмалы түрде төмен болатындай етіп ұйымдастырылған. Сондықтан тауар бағасы да қолжетімді.

    Golden Maken компаниясының СТ-KZ индустриялық сертификатының болуы да маңызды. Сонымен қатар компания Қазақстанның тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген. Бұл кәсіпорынның Қазақстан аумағында өнім өндіретін отандық тауар өндіруші мәртебесін растайды.

Ассортиментке келсек, оның түрі өте көп. Мұнда үстел, орындық, кереует, диван, жылжымалы есікті шкафтар, балалар сырғанақтары, жатын бөлме, асүй және кіреберіс жиһаздары, басқа да заттар өндіріледі.

     Дайын жиһаздар Алматы қаласындағы «ARMADA» сауда кешеніне және Қазақстанның басқа да сауда орындарына сатылымға шығарылады. Сонымен қатар Golden Maken Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Германия елдеріндегі серіктестерімен іскерлік байланыс орнатқан.

    Ермектің айтуынша, ең бастысы – адал еңбек етіп, өз кәсібіңді одан әрі дамыту. Сондай-ақ өнімнің өзіндік құнын дұрыс есептеп, шығындарды тиімді басқару маңызды. Дәл осы қасиеттер кәсіпті тұрақты ұстап, бәсекеге қабілетті болуға көмектеседі.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

↑