Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Автокөлік әкелу және оны рәсімдеу ережелері өзгерді

Автокөлік әкелу және оны рәсімдеу ережелері өзгерді

26 қаралым

Қыркүйектің соңынан бастап Қазақстанда шетелден автокөлік әкелу және оны рәсімдеу ережелері өзгерді. Жаңа талап бойынша, зертханалар жеке тұлғалардан бес жыл толмаған және өзіне алған көліктердің ғана құжатын қабылдайды.

Қазақстандықтар енді шетелден мерзімі бес жылдан асқан көлік әкеле алмайды. Өткен айдан бастап сырттан кірген машиналардың электрондық паспортын, яғни кедендегілердің тілінде айтқанда «ЭПТС» рәсімдеу тәртібі өзгерді. Жаңа талап бойынша бұдан былай шығарылған мерзімі 2021 жылға жетпейтін темір тұлпарларды тіркеу мүмкін емес. Зертханалар жеке тұлғалардан тек қана мерзімі 5 жылдан аспаған және жеке пайдалануға алған көліктердің құжатын қабылдамақ.
«Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 23 қыркүйектегі №474 бұйрығына сәйкес (25 қыркүйектен бастап күшіне енді), жеке тұлғалар жеке пайдалануы үшін әкелетін бес жылдан асқан автокөліктерге көлік құралдарының электрондық паспорты рәсімделмейді. Сондықтан мұндай автокөлікті әкеліп, оны Қазақстанда әрі қарай пайдалану үшін рәсімдеу мүмкін емес», – деп мәлімдеді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Ал Ресей мен Қырғызстан сияқты Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінен кірген 5 жылдан ескі машиналар рәсімделсе, оларға «аяқталмаған» деген мәртебе беріледі. Бұлай қабылданған көліктер Қазақстанда алғашқы тіркеуден өтпейді. Айта кетсек, бүгінде 1 адам жеке пайдалануға сырт елден жылына бір көлік қана тіркей алады. Қажет болған жағдайда салмағы 3 жарым тоннаға жетпейтін тіркемені немесе автоүйді қосымша әкелуге болады. Ал елге кірген соң құрылғыны жеке пайдалануға арналған тәртіппен рәсімдеу қажет. Бұл жағдайда кедендік төлем төлейді. Оның мөлшері есептеу тәсіліне қарай көлік құнының 48%-ын немесе қозғалтқыштың әр текше сантиметрі үшін 1 жарым еуроны құрайды.
Электронды көлік паспортына қатысты талаптар да өзгерді. 2026 жылғы 23 қыркүйектегі бұйрыққа сәйкес, жеке тұлғаларға шығарылғанына бес жылдан аспаған көліктерге ғана электронды паспорт рәсімделеді. Сонымен қатар электронды паспорттағы көлік иесі туралы мәліметтер жолаушылардың кедендік декларациясындағы декларант туралы деректермен сәйкес келуі тиіс. Үшінші елден жеке пайдалануға әкелінген көлікке конструкция қауіпсіздігі туралы куәлік те шектеулі түрде беріледі. Мұндай құжатты бір күнтізбелік жыл ішінде бір реттен артық рәсімдеуге болмайды. Бұған қоса, көлікті сәйкестендіру, VIN-кодын тіркеу және зертханалық тексеру талаптары күшейтіледі. Қандай талаптар енгізілуі мүмкін? Қазақстан билігі көлік импортына қатысты қосымша шектеулерді де қарастырып жатыр. Олардың қатарында жеке тұлғалар әкелетін көліктерге қойылатын экологиялық талапты Еуро-4-тен Еуро-5 деңгейіне көтеру, әкелінетін көліктердің жасына бес жылдық шектеу енгізу, көлікті алғаш рет тек құжаттарда импорттаушы ретінде көрсетілген адамның атына тіркеу бар. Алайда бұл ұсыныстар әзірге дайындық кезеңінде. Сондықтан оларды қолданысқа енгізілген талаптар ретінде қарастыруға болмайды.
Қазақстан автомобиль одағының мәліметінше, елде шамамен 5,6 млн көлік бар. Соның 44 пайызға жуығы 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Сарапшылар көлікті шетелден сатып аларда оның бағасымен қатар тарихы мен заңдық тазалығын да тексеруге кеңес береді. Кей жағдайларда көлік сатып алынғаннан кейін оның бұрын іздеуде болғаны немесе күмәнді тарихы бары анықталуы мүмкін. Қазір мемлекеттік органдар техникалық талаптарды тексеру, утильалым төлеу, кеденнен өткізу, электрондық паспорт алу және мемлекеттік тіркеу рәсімдерін бір жүйеге келтірумен айналысып жатыр.

Ерзат Асыл

↑