Перейти к содержимому

Шәкен Аймановтың соңғы шәкірті

31 қаралым

Иә, қайсыбір адам бұл дүниеден озса да, неге екенін, ол саған тірі сияқты көрінеді десем, Балтабайды да мен әлі күнге арамызда жүргендей сезінемін. Бәлкім, бұл бала күннен қатар өскен досқа деген қимастық шығар?! Тіпті, солай дегенде де, Балтабай тез ұмытылатын адам емес. Өйткені сонау ойын баласы кезінде-ақ ол өзінің болмыс-бітімімен, жүріс-тұрысымен, әрбір іс-әрекетімен өзі қатарлас балалардың арасынан ерекшеленіп тұратын. Ерекшелігі сол, ол өз ойын дұрыс болса да, бұрыс болса да, күлбілтелемей, қашанда ашық айтатын. Тіпті өз қатары түгіл, ересек адамның іс-әрекеті көңіліне қонбаса, ойын ішке бүгіп қалмайтын. Рас, тура айтып, туғанына жақпай қалатын да сәттері болатын. Бірақ мүлдем бос сөзге, өтірікке жоқ Балтабай мұндайда еш саспайтын. Түбінде шындықтың беті ашылатынына риясыз сенетін. Оның осындай қайтпас, қайсар мінезін айналасындағы достары да жақсы білетін. Содан да оның әр сөзіне қалтқысыз сенетін. Енді ойласам, бетіңе күліп, ту сыртыңнан әжуалап жүрмейтін мұндай досыңның болуы кімнің болса да арманы ғой. Балтабайдың да мына өмірден өтіп кетсе де, көңілден кетпеуінің бір сыры, бәлкім, осы қасиеттерінен болар?!

Қалай десек те, көп айтса көнді, жұрт айтса болды деп ешқашан өзінің қолайына жақпаған жайтты қоштай кетпейтін, ал айтса, қандай жағдайда да өз ойынан қайтпайтын, әрдайым өз пікірінде қалатын оның бірбеткейлігі де, қайсарлығы да, енді ойласақ, ана сүтінен, әке тәрбиесінен бойына сіңген мінез екен-ау.
Балтабайдың бірсөзділігі, қашанда ақиқаттың жағында қалатыны мектептегі мұғалімдерге де ұнайтын. Ұнағаны сол, оны бәрімізге үлгі тұтатын. «Сонау жаугершілік заманда туса, Балтабай, сөз жоқ, нағыз атақты батыр болар еді» дейтін олар сүйсіне. Бұл сөзге бәріміз үнсіз келісетін едік. Өйткені бұл жаны бар сөз болатын. Расында да, Балтабайдың түр-тұлғасы да батырға лайық ірі әрі келісті көрінетін. Топ баланың ішінде тұрса да, алдымен жарқырап көзге түсетін. Балтабайдың жан әлемін дүр сілкіндірген бір жайт әлі күнге есімізде. Әрине, бұл оқиға тек Балтабайға ғана емес, бәрімізге де ерекше әсер сыйлаған десем, атағы жер жарған Шәкен Аймановтың келуі біз үшін шын мәнінде зор қуаныш болды. Әрине, ол кісі жай келмепті. Біздің Қастек ауылында, Суықтөбе тауының баурайында «Алдар көсе» фильмін түсірмекші екен. Ағамыз уақыттың қадірін білетін адам ғой, ырғалып-жырғалып жүрмей, келген бетте-ақ жұмысқа қызу кірісіп кетті. Бұл кезде ауылда қонақүй қайдан болсын, ол кісінің Сейітмамыт ақсақалдың, яғни Балтабайдың үйіне түскені де біздің ішімізді қыз-қыз қайнататын. Әрине, бізді де түсінуге болады. Олай дейтінім, бұл тұрғыда да Балтабайдың бәсі бізден гөрі әлдеқайда жоғары еді. Айтары жоқ, біз күн сайын сабақтан қашып, сонау тау баурайында кино түсіріп жатқан жерге шаршап-шалдығып әзер жетіп, сол жерден атақты әртісті сыртынан, шала-шарпы көргенімізге мәз болсақ, Балтабайдың ол кісіні күнде көруге мүмкіндігі болуы өз алдына, тіпті Шәкен ағамызбен дастарқан басында бірге отырып, ертегіге бергісіз қызықты әңгімелерін тыңдаудың өзі ғаламат қой. Сол кездегі түсінігімізге сай бізге бұл Балтабайдың басына конған бақ болып көрінген. Енді ойласақ, бұл шынында да Балтабайдың басына қонған бақ екен-ау. Рас-ау, Шәкен ағамен күн сайын дидарласу, ой бөлісу, жан әлеміңді жаңа сезімдермен тербету әркімнің маңдайына бұйыра бермеген мүмкіндік. Сол мүмкіндік оның алдағы өмір жолының бағыт-бағдарын айқындап бергені де анық.
Бала болсақ та, сол тұста біз досы­мыз­дың бойынан, көзқарасынан, әлдеқандай беймәлім өзгерісті сезінетін едік. Содан да шығар, сол өзгерістің сырын білгіміз келетін. Алайда көп сөзге үйірлігі жоқ Балтабай оңай шешіле кетпейтін. Шәкен аға туралы да сөзін қысқа қайыратын.
– Ой, өткенде кино түсіру алаңына барып, өздерің де көрдіңдер ғой. Бір қарағанда, ол кісі күнде көріп жүрген өзіңе етене таныс адам сияқты. Бірақ, олай емес…
– Неге? – дейміз біз оның алқы­мынан алып.
– Білмеймін… Өз басыма ол кісі кейде мына тауға ұқсайтын сияқты. Неге десең, тауға шыққанда, оның биіктігі байқалмайды. Ал ауылға қайтқанда, артыңа қарасаң, әлгінде ғана баурайында асыр салған тау көз алдыңда асқақтап кетеді емес пе?! Ағаның әңгімесін тыңдағанда, алаңсыз күліп, мәз болсақ, артынша ол кісіні танымай қаласың, өйткені көз алдыңда жұмбақ адамға айналып, сенен алыстап кеткендей болады, – деді ол бірде.
– Апырай ә, сонда қалай? – дейміз біз дал болып.
– Неге екенін әзірге өзім де білмеймін. Ол кісіні көруге тағы да барамыз деп жүр едіңдер ғой. Егер барсаңдар, мен айтқан сырдың жұмбағын бәлкім сендер шешетін шығарсыңдар, – деді ол ендігі сөздің жүгін өзімізге аударып.
Мына сөзден кейін біз кино түсіру алаңына тағы да барып қайтуды ұйғарып, жолға шықтық. Кино түсіріп жатқан тұсқа жақындай бергенде бір байқағанымыз, киногерлер үзіліске шыққан екен. Шәкен ағамыз болса басқа жұрттан бөлектеу, бір бұтаның түбін саялапты. Әлдеқандай бір әнді ыңылдаған күйі жамбастап жатқан оның өзінен бұрын киімі көзімізге түсті. Жүдеу өмірге үйренген ауыл баласы болсақ та, ол кісінің үстіндегі әбден тозығы жеткен бешпеті мен мыжырайған тұмағы біртүрлі көзімізге тосын көрінген. Әрине, бұл Алдар көсені ойнау үшін киген киімі екенін іштей топшыласақ та, оның бұл болмысы көңілімізге қонатын емес. Содан да таңырқай қарап тұрып қалыппыз. Ағамыз да соны байқаса керек, орнынан атып тұрды да, бізге қарай жүрді. Ол кісінің шалт қимылына өзара дуылдасып отырған әріптестері елеңдеп қалып еді, ол жайланып отыра беріңдер дегендей белгі берген күйі жанымызға таянып келіп, әрқайсымызға бар ықыласымен қол беріп амандасып шықты. Біздің әлі де тосырқай қарап тұрғанымызды бай­қама­ған қалып танытқан ол: «Оу, осы сендер біздің Балташ батырдың достарысыңдар-ау шамасы?!» – деді тағы да. Бізде үн жоқ. Үнімізді өшіріп тұрған өз сықпытымыз екенін әрқайсымыздың ішіміз сезіп тұр. Өйткені жол-жөнекей шаң қауып, тер жуған түріміз де, алдымыздағы аға-әпкелеріміздің иығынан ауысқан олпы-солпы киімдеріміз де біздің ұсқынымызды қашырып тұрғаны анық. Әйтсе де Шәкен ағаның Балтабайды өзімсініп, біздің Балташ дегенін ешқайсымыз қалт жібермегеніміз анық. «Балтабай қандай бақытты. Мына кісі оны тап бір өз баласындай еркелетіп, біздің Балташ» деді ғой дегендей бір-бірімізге көзіміздің астымен қарап қоямыз.
– Мына батырлар сонша жерден шаршап-шалдығып келді ғой. Шөлдеген болар? Кәне, су әкеліңдер, – деді ол ендігі сәтте өз әріптестеріне қарап. Едәуір жол жүріп, кәдімгідей шөлдеп қалыппыз. Ұсынған судан тартынбай ішіп жатырмыз.
– Ал енді Алдар көсе бабаларың жайлы не білесіңдер? Соны айтың­даршы, – деді ол біз біраз сергігеннен кейін. Бұл жолы да жауап беруге ешкім асықпаған.
– Ойпырмай, сендер мүлдем ынжық екенсіңдер ғой, – деді ол тағы да бізден көңілі қалғандай таусыла сөйлеп. Мына сөз біздің намысымызға шоқ тастап жібергендей әсер етті білем, бәріміз қозғалақтап, іштей шамырқанып қалғандаймыз.
– Ой, аға, неге олай дейсіз? Алдымен сізге үйренісіп алайық дегеніміз шығар. Әйтпесе ынжық емеспіз. Алдар көсе жайлы білетініміз де аз емес, – дедім бір кезде шыдай алмаған мен.
– О, бәрекелді! Менің де сен­дерден күт­кенім осын­дай жауап қой. Енді сен мынаны айт­шы, Алдар көсе өмірде болған адам ба, жоқ ой­дан туған бейне ме? – деді ол енді маған қарай бұрылып. Осы кезде мен әкемнің сөзін есіме алдым. Ол кісі кітапты көп оқитын адам еді. Күн сайын маған жаңа ертегі айтудан жалықпайтын. Бірде осы Алдар көсе жайлы бір кеш бойы әңгімелеген. Сол кезде мен әкеме дәл осындай сұрақ қойғаным бар. Сонда ол «Кім біледі, бір кездері сондай бір тапқыр әрі әділетті адам өмір сүрген де болар. Ең бастысы, ұры-қарыдан, бай-шонжарлардан көп қорлық көрген халық осындай ел еңсесін көтерер, көпке жанашыр болар адамды аңсаған да шығар. Демек, бұл бейне адам қиялының жемісі болуы да мүмкін» деген. Мен не дер екен дегендей жауап күтіп тұрған Шәкен ағаға осыны айтып едім, ол кәдімгідей риза болып қалды. Ертесіне ол кісіні бетпе-бет көргенімізге масаттанған біз көрген-білгенімізді айналамыздағы балаларға айта бастап едік, Балтабай лепірген көңілімізді су сепкендей басты.
– Сендердің ол кісінің сұрағына тәп-тәуір жауап қайтарғандарың өте дұрыс болған екен. Алайда Шәкен ағамен сөйлесуге үлкен дайындық керек сияқты. Мен соны ұғына бастадым. Мысалы, Алдар көсе біз ойлағандай, күлкілі бейне емес, үлкен трагедиялық тұлға екен. Ал ағамыз оны қазақ халқының жоғын жоқтайтын күрескер адам ретінде көрсеткісі келеді, – деді ол. Әрине дәл осы тұста білгішсініп, әңгіме арасына киліккен Балтабайдың бұл сөзінің байыбына бойлай қоймағанымыз да рас. Алайда арада біраз жылдар өткенде, «Алдар көсе» фильмін қайталай көріп отырғанда ғана оның сол жолы не айтқысы келгенін айқын ұқтым десем де болады.
Ауылымызға бір жаз ғана қонақ болып келген Шәкен ағаның әр адамға ерекше әсер сыйлағаны, бір көрген кісіге де туысындай етене жақын болып кеткені жайлы аңызға бергісіз әңгімелер сол тұста желдей есіп жатты. Ал ағамыз Алматыға қайтар кезде ауыл адамдарының қимастықпен оны шығарып салғаны да есте. Әсіресе жұртшылықты оның дәл аттанарда бала Балтабайды бауырына басып: «Балташ, сенен гениальный әртіс шығады. Мен оны көріп те, сезіп те тұрмын. Рас айтам, сенің бойыңда бәрі бар. Ақыл да, батырға тән тұлға да, мені таныдың ба деп тепсініп тұрған талант та, тіпті әркімге бұйыра бермейтін сырт келбет те, қысқасы, өнер адамына қажет қасиеттің бәрі бар. Саған айтар ақылым сол, мектеп бітірген соң басқа салаға алаңдамай, өнерге баулитын оқуға бар. Өйткені енді сен бойыңдағы осы бір қасиетті ұштауың керек», – деді деген сөз ауыздан ауызға тарап жатты.
Шіркін, Балтабай бала болса да сол кезде-ақ нағыз сабаз екен-ау. Жұрт аузында жүрген әлгіндей сөзге әлдекімдер құсап, күпініп шыға келген жоқ. «Шәкен ағамыз көпті көрген білікті адам ғой. Сондай кісінің бата бергеніне қуанып-ақ қалдым. Алайда бәрі адамның өзіне байланысты», – деді ол бұл жолы да сөзін қысқа қайырып.
Уақыт өте келе кез келген жайт ұмы­тыла бастайтыны хақ. Балтабай төңірегіндегі бұл әңгіме де саябыр­сыған. Ал ауылдағы 8 сыныптық мектепті бітіріп, бәріміз жан-жаққа тарыдай шашылып кете барғанда мүлдем ұмытылды десем де болады. Алайда сана түкпірінде қалған сол әңгіме арада бірқатар уақыт өткенде қайта жаңғырған. Өйткені Балтабай театр сахнасынан, экраннан сомдаған кейіпкерлер галереясы қазақ өнерінің тарихына алтын әріппен жазыла бастады. Е, біздің Балтабайға қазақ өнерінің корифейі бекер үміт артпаған екен. Талантты баланы тап басып таныпты-ау десті жұрт. Иә, дәп осы тұста кезінде Балтабайдың жігерін жанып, намысын қайраған өнерге деген ынтасын оятқан алғашқы ұстазы өзге емес, Шәкен Аймановтың өзі болғанына көпшіліктің еш күмәні қалмады.
Уақыттың өзі дәлелдегеніндей, өнерді өрге сүйрейтін де, оны өркен­дететін де мінезді адамдар ғой. Ал біздің Балтабай да мінезді тұлға болатын. Ол алдына нендей мақсат қойса да, сол асуды алмай тынбайтын қайсар мінезінің арқасында театр сахнасынан, экраннан талай-талай өлмес бейнелерді сомдай жүріп, режиссер ретінде де өнер әлеміне зор үлес қосты. Міне, осы тұста режиссер Балтабай екеуміздің шығармашылық жолымыз ойламаған жерден түйісе кеткені бар.
Түйісе кеткені сол, сонау бір тұста мен драмалық туынды жазуға әуестене бастаған едім. Тіпті сол алғашқы тырнақалды туындыларымның бір-екеуін республикалық драматур­гиялық байқауларға жолдағаным да бар. Қызық болғанда, сол алғашқы туындыларым жүлделі орындарды иеленіп, өзімді де таңғалдырып қойған еді десем, бірде бүгінгі қазақ өнерінің корифейлерінің бірі Талғат Теменовпен тосыннан жолығысып қалғанбыз. Сол кезде Тәкеңнің аман­дықтан кейін: «Туындыңыз байқауда жүлдеге ие болған екен. Құтты болсын! Енді сол дүниелеріңізді театрларға ұсынып көріңіз. Біздің театрға да жіберсеңіз болады», – дегені бар еді.
– Ұнамай қалуы мүмкін ғой, – дедім мен.
– Ұнамаса, ұнамады деп айтамыз. Алдымен оқып көру керек қой.
Мына сөзден кейін мен ойлана келе сиясы әлі кеппеген бір-екі пьесамды жастар театрының электронды пош­тасына салып жібердім. Алайда дәме­лене қоймадым. Өйткені театрлар көбіне кәсіби драматургтермен жұмыс істеуді өздеріне қолай көреді екен дегенді естігенім бар. Алайда көп ұзамай Талғаттың өзі телефон шалған. Бұл кезде Тәкең Ғабит Мүсірепов атындағы жастар театрының директоры болатын.
– Жұмеке, жіберген дүниелеріңізді қарап шықтым. Одан әрі театр режиссерлеріне де ұсынып едім, олардың да көңілінен шыққан сияқты. Қолыңыз қалт еткенде театрға келіп қайтыңыз. Пьесаңызды сахнаға қоюға ниет білдіріп отырған режиссермен де өзара ақылдасып алғаныңыз жөн, – деген соң театрға келсем, мен іздеген адам өзіме етене таныс Балтабай екен. Шынын айту керек, онымен ой бөлісу, пікір алмасу өзіме де оңай болатынына кәдімгідей қуанып қалдым. Ол менің «Жынды көбелек» атты туындымды таңдаған екен. Бұл бүгінгі қайшылығы көп жастар өмірі жайлы өзекті мәселені қозғайтын дүние еді. Алайда бұл жолы Балтабай мені көп бөгеген жоқ. «Сен бүгін қайта бер. Бұл дүниені әртістермен бірге талқылап та алдым. Енді оны сахнаға әзірлеу қалды. Кейіпкерлерді сомдайтын әртістер де белгілі. Енді оның сахналық нұсқасы әбден піскен кезде саған өзім хабарласамын. Сол кезде кем-кетігі жайлы екеуміз ақылдасамыз ғой», – деді ол. Осы жолы өрекпіген көңілім олқы түсіп қайтқанымен, Балтабай уәдесінде тұрды. Көп ұзамай ол сахналық нұсқа дайын екенін айтып, мені қайтадан театрға шақырды. Осы жолы екеуміз өзара келісіп, бұл дүниені «Сағым қуғандар» деген атпен көрермен назарына ұсынуға келістік. Сондай-ақ әртістер тобының қатысуымен кейбір иін қандыра түсетін тұстары жайлы да өзара пікірлескеніміз де есте. Ең қызығы, осы бас қосуда Балтабай әріптестерінің алдында екеуміздің бала кезден бірге өскенімізді айтқанда, мен едәуір ыңғайсызданып-ақ қалдым. Неге десеңіз, сахнаға мына дүниені таныстықпен қойғалы жатыр деп ойлап қалса, Балтабай үшін өте ыңғайсыз болады ғой деймін ғой баяғы. Сол қаупімді айтып едім, ол рахаттана күліп алды да: «Ол жағына қам жеме. Мен жүрген орта өзіме ұнамаған нәрсені ешқашан қолға алмайтынымды өте жақсы біледі», – деді ол. «Е, бала кездегі мінезің еш өзгермеген екен-ау», – дедім сол сәт мен де іштей еріксіз сүйсініп.
Сонымен Ғ.Мүсірепов атындағы театр менің сахна өнеріндегі тұсауымды кесті десем, Балтабайдың режиссерлік шешімі пьесаның айтар ойын одан әрі айшықтап жібергені соншалық, көрермен қауым бұл дүниені демін ішіне тарта отырып қызықтаған. «Ең соңында сахнадағы оқиғаға бар жан-тәнімен елітіп кеткен көрермен қауым бір сәт сілтідей тынып отырып қалды да, тек әлден уақыттан кейін ғана дуылдата қол соғып, көпке дейін тұрып алды», – деп жазды журналистер қауымы сол күнгі премьера хақында. Айтары жоқ, Балтабайдың қолы жеңіл болды. Олай дейтінім, осыдан кейін еліміздегі бірқатар театрлар бірінен кейін бірі осы дүниені өз сахналарында қоя бастады. Алайда бұл басқа әңгіме.
Енді, міне, өзінде де, өнерінде де қылаудай жасандылығы жоқ сол Балтабайдың арамыздан кеткеніне де бір жыл өтіпті-ау. Өкінішті-ақ. Қайран Балтабай деп аһ ұрғаннан еш шара жоқ. Ажал – айтысатын дау емес, алысатын жау емес. Алланың бұйрығымен мына өмірге келген адамның мәңгілік мекеніне кететіні хақ. Тек көңілге медет тұтатынымыз, ол бұл өмірден жай ғана өте шыққан жоқ. Қазақ өнеріне өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Бұл дегеніңіз, оның көз алдымыздан кеткенімен, рухани ғұмыры жалғаса береді деген сөз.

Жұмагүл Солты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

↑