Перейти к содержимому

Ұлттық құндылық ұлықталды

35 қаралым

Облыстағы аудандар мен қалалардың төл мәдениетін дамыту, насихаттау, рухани-ағартушылық байланыстарды нығайту, ұлттық өнерді сақтау және дәріптеу, талантты жандардың жетістіктерін көрсету мақсатында қолға алынған «Ауылым – алтын бесігім» атты Мәдениет күндері байқауы Қарасай ауданында жалғасты.

Ауқымды шараның салтанатты ашылуында Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов сөз алып, ұлт құндылықтарын ұрпаққа жалғас­тыратын «Ауылым – алтын бесігім» атты байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім меңгерушісі Төлеужан Ғұмаров та жиылған жұртшылықты өнер мерекесімен құттықтады.
Байқаудың алғашқы бөлімінде аудандық Мәдениет үйінің алдын­да «Ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұра» және «Тарих тудырған тұлғалар» көрмесі, «Ұлттық дәстүр – ұрпақ­қа аманат», «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» тақыры­бында сахналық көрініс жұртшы­лық назарына ұсынылды. Бұл жерде Қарасай ауданында өнер­дің сан сала­сында еңбек етіп жүрген азамат­тар баршылық екенін айта кеткен орынды. Ең бастысы, шараны ұйымдас­тырушылар қолда барды ашып көрсетуге барынша мән бергені байқа­лады. Әрбір көрмеден ұлтымыздың асыл қазынасы мен мол мұра­сын көріп, қызықтауға жағдай жасал­ған. Мұнда зергердің қолынан шыққан көздің жауын алатын әшекейлер мен тұрмыста пайда­­ланатын бұйымдар, осы өңірде дүние­ге келіп, халқына қызмет жасаған танымал тұлғалар, ұлтымыздың салт-дәстүрі айшық­тала келіп, бүгін­де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастама­сымен қолға алынып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдар­­­ламасы және «Заң мен тәртіп» қағи­даты аясында атқарылып жатқан жұмыс­­тарды да тамашалауға мүмкін­­дік болды. Сонымен қатар «Мәдениет – Жасанды интеллект – Болашақ», «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясын­да поэтикалық шеру, «7 әдеби кітап» көрмесі көрермен назарына ұсынылды. Шалқар өнер мектебінің шәкірттері дайындаған «Саксофон», «Фортепиано», «Скрипка», «Баян», «Қобыз» қойылымдары да ешкімді бейжай қалдырмағаны анық.


Осыдан кейін облыс орталығынан арнайы жеткен әділқазылар алқасы мен шараны тамашалауға келген жұртшылық Мәдениет үйінің алдын­дағы тақырыпқа сай безендірілген сахнаға жақындады. «Дияр» және «Гүлназ» би тобы «Гүлдер» биін орындағаннан кейін бала Жамбыл сахнаға шығып, жырдан шашу шашты.
Мәдениет үйінің кең де жарық залында «Қарасайдан тараған әуен» атты гала-концертте «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, «Темірен» театры, «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблі, жыр-терме, айтыс мектебінің өнерпаздары, «Парасат» әжелер мен аталар ансамблі, Қаскелең қаласының өнер мектебі, «ARTSPORT» өнерпаздары сахна сәнін келтіріп, «Балақай» қуыршақ театры, сондай-ақ қолөнер шеберлері, суретшілер мен зергерлер жиналған көпшілікке әсем де әсерлі әндер мен көріністер ұсынды. Байқау шартына сәйкес «Темірен» театры «117 пәтер» әлеуметтік драма­сын сахналады. Иә, Қарасай жастар театрының әртістері орындаған бұл қойылым оны тамашалаған әрбір адамның жүрегін толқытып ой салғаны сөзсіз.
Бұл жерде «Авторлық ән» номи­нациясы бойынша Шамалған ауылдық Мәдениет үйінің директоры Жарқын Рақымқаштың «Тойға шашу» әні, «Классикалық ән» номинациясы бойынша аудандық Мәдениет үйінің әншісі Ерлан Леспаевтың орындауындағы «Conte partiro» әні, топтық би номинациясында Эльмира Сұлтанбекова жетекшілік жасайтын Жібек Жолы ауылдық Мәдениет үйінің «Шаттық» би тобының өнері, «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша Н.Жуасбектің орындауындағы Ж.Жабаевтың «Балаларға арнау», Ә.Әпенов әуелете шырқаған Д.Рақышовтың әні «Саясында алманың», Ә.Тілеш орындаған К.Әзірбаевтың «Бастау», Е.Ағайдар шырқаған Қ.Байғабылұлының «Үш меркі» әні, «Ұрмалы аспап» номинациясы бойынша «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі­нің өнері, «Би» номинациясы бойынша «Үшқоңыр» ансамблінің бишілері, «Сүйемелдеуші би» номинациясы бойынша «Дуэт» би тобы тамаша өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Осынау тамаша өнер кешін дайын­даған қоюшы режиссер Анар Бөлекбаеваның, дыбыс режиссері Серік Шәлімбетов пен Едіге Байгелдиннің, жарық режиссері Қазыбек Сатылхановтың, жүргізушілер Медет Рысбек пен Айдана Кенбаеваның шеберлігіне де тәнті болдық. Өнер ұжымдарының шығармашылық жетістігін бір арнаға тоғыстырып, жүректерге жететін қойылым қалыптастыру, ауданның мәдениет саласындағы жетістіктерін барынша ашып көрсету өз ісіне деген сүйіспеншілік пен шеберлікті көрсетсе керек.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы

↑