Перейти к содержимому

Шекарашы атанған күн…

159 қаралым

Бүгін Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының Ақжардағы техникалық және кәсіптік-даярлық бөлімінің алды ығы-жығы, халыққа толы. Бұл – осыдан бірнеше ай бұрын ұлдарын әскерге үкілеп шығарып салған ата-ана, немерелерін сағынған ата-әже, досының өмірінде бір-ақ рет болатын маңызды сәтке куә болу үшін алыстан аптығып жеткен жалынды жастар… Аға-іні, әпке-қарындастар…


…Жексенбінің таңғы тоғызына белгіленген рәсімді Шекара қызметі ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Қайрат Талипов ашты. Сардардың «Армысыздар, шекарашы сарбаздар!», – деп күндей күркіреп шыққан дауысына салтанатты сап түзеген 500-ге жуық жас сарбаз: «Саулығыңызды тілейміз, полковник мырза!», – деп жауап берген. Бір деммен, әскериге тән нық дауыспен! Ал осыдан екі ай бұрын…
Осыдан екі ай бұрын осы бөлімнің қақпасынан енген кездегі жас жігіттер мүлде басқа болатын. Қазақ атамыз айтқандай «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі». Оларды алда әскери өмірдің темірдей қатаң тәртібі күтіп тұрған болатын. Барлығы уақытпен белгіленген. Таңғы жаттығу, саппен жүру, алаңдағы жаттығу, офицер мен кіші командирдің бұйрығын мүлтіксіз орындауға біртіндеп дағдылану…
Олар алғашқы күндері қақпаның арғы бетінде қалған азаматтық өмірді сағынды, ата-анасының, уақыттың қадірін түсінді. Осыған дейін кейбір жастар «сарбаз болу – бір жылыңды босқа өткізу» деп түсінетін. Жоқ, бұл – мүлде қате ұғым екеніне көз жеткізген кезде өзі-өзінен ұялған… Керісінше, кәмелеттік жасқа толып, әскер қатарына алыну – ер-азамат үшін мақтаныш екенін, ал мұнда тапқан қарулас – азаматтық өмірдегі ең жақын деген досыңнан да артық болатынын түсінесің. Сол-ақ екен, бойыңды бұрын-соңды болмаған сезім баурап әкетер еді…
Қарашаның екінші жексенбісінде болып жатқан рәсімдегі әрбір қимыл-қозғалысты суретке түсіру үшін қапылып жүрген біз осыны ойладық. Арасында тізіліп тұрған сарбаздардың қасына барып, жүздеріне үңілеміз. Сымша тартылған олардың көздерінен шоқша жайнаған жалынды көру үшін… Сеніңіз, осынау жүрекке жылу сыйлайтын сәттің куәсі болып келе жатқанымызға 28 жыл болды. Демек, бүгін шекарашы сарбаздардың 56-шы ант қабылдау рәсіміне қатысып тұрмыз!.. 56-шы… Тек неге екенін, әр жолы бірінші рет қатысып тұрғандай сезімде боламыз?! Мүмкін, мұның сыры оның атауында жатқан болар. Өйткені, жас сарбаз Отанының берік қалқаны болуға ант бергелі тұр еді…
…Бұл кезде сарбаздар бөлім бастығы полковник Сағадат Әуезовтың бұйрығымен, ант қабылдауға кірісіп кеткен болатын. Осынау сәтті суретке түсірудің қамымен жүрген біз департамент бастығы, полковник Қайрат Талипов пен шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі отставкадағы генерал-майор Марат Мажитовты көріп қалдық. Департамент басшысы мен өзінің саналы ғұмырын ел шебінің сызатсыздығына арнаған ардагер ант қабылдап болған сарбазды құттықтап, қолын құшырлана қысып жатты.
– Сіздерді бүгінгі айтулы күндеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін сіздер Отан алдында әскери ант қабылдап, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қатарына қосылдыңыздар.
Отан қорғау – қасиетті парыз. Әскери антына адал болып, тәртіп пен жауапкершілікті басты ұстаным етіңіздер. Алдағы қызметтеріңізде мол тәжірибе жинақтап, кәсіби білікті маман болуларыңызға тілектеспін. Еліміздің шекарасын қорғау жолында абыройлы қызмет атқарыңыздар!
Бұл – департамент басшысы полковник Қ. Талиповтың жас сарбаздарға арнаған ақ тілегі еді. Ал ата-аналар атынан сөз алған Кенжеғазы Соғымбаев жас жауынгерлерді ел тыныштығы жолында от кешкен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ерлік өнегесінен үлгі алуға шақырды. Сондай-ақ немересі Мейіржанның сарбаз атанған сәтін көру үшін Алматы облысы Қарасай ауданының Көлді ауылынан ат арылтып келген ақсақалдың тілегі Мұқағали Мақатаевтың «Отанымның шетіндемін» поэмасындағы ел шекарасын күзеткен жауынгердің өр рухымен үндесіп жатты. Сондай-ақ, сап түзеген сарбаздар атынан сөз сөйлеу құрметін иеленген қатардағы жауынгерлер Марғұлан Көлен мен Илья Бакиндердің мінберден саңқылдап естілген дауыстары көпшіліктің жүрегіне жетіп еді…
Әрі қарай, жиналған қауым шағын концертпен бірге Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобының сахналық көрінісін тамашалаған. Күрделі тапсырмаларды орындаумен ерекшеленетін әскери қызметшілер алаңды әп-сәтте тарсыл-гүрсілге айналдырып, шекара бұзушыны ұстаудың тәсілдерін паш етті.
Тағы бір айта кететін жайт, рәсім кезінде ата-аналар ұлдарының мерзімді әскери қызметтерін өткерген соң еліміздегі жоғары оқу орындарының біріне грантқа үміткер бола алатынын білді.
Мерекелік іс-шара аяқталған соң алғаш рет сарбаздарға жақындарымен бірге қалаға серуендеп келуге рұқсат берілді.


Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі
Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы

↑