Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ұстаздың басты міндеті – сапалы білім беру

Ұстаздың басты міндеті – сапалы білім беру

28 қаралым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Ел дамуының алдағы бағыттары айқындалған Жолдауда білім беру саласындағы өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Әсіресе ұстаздардың мәртебесін қорғау, мұғалімдерді артық жүктемеден босату, білім сапасын арттыру және ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жағдай жасау жөніндегі Президенттің сөздері бізге, білім саласының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктейді.

Мемлекет басшысы Жолдауында: «Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек», – деп нақты айтты.

Шын мәнінде, бұл – бүгінгі білім саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі. Өйткені мұғалімнің басты жұмысы – есеп толтыру емес, шәкірт тәрбиелеу. Қазіргі таңда ұстаздарымыз түрлі цифрлық платформалармен жұмыс істеп, күнделікті есеп беруге де уақыт жұмсайды. Мұндай жұмыстардың мұғалімнің негізгі міндетіне кедергі келтірмеуі маңызды.

Президенттің ұстаздардың абырой-беделін қорғау жөніндегі пікірі де көңілге қонымды. Мектеп – тек білім беретін мекеме емес, жас ұрпақтың адамдық болмысы қалыптасатын тәрбие ордасы. Сондықтан мұғалімге құрмет көрсету, мектептегі тәртіпті сақтау тек білім мекемесінің ғана емес, ата-ананың, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Мемлекет басшысының осы жауапкершілікті ерекше атап өтуі кездейсоқ емес.

Жолдауда инклюзивті білім беру мәселесіне де баса назар аударылды. Президент елімізде ерекше білім алуға мұқтаж 237 мыңнан астам бала бар екенін айтып, оларға қажетті жағдай жасауды, маман тапшылығын азайтуды тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстар ауыл мектептері үшін де маңызды. Өйткені әр бала қай жерде тұрса да, сапалы білім алуға және өз қабілетін дамытуға мүмкіндік алуы тиіс.

Бүгінде білім саласына қойылатын талап та, мұғалімге артылатын жауапкершілік те жоғары. Заман ағымына сай цифрлық технологияларды меңгеру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, оқушының шығармашылық қабілетін дамыту – күнделікті жұмысымыздың бір бөлігіне айналуы қажет. Алайда қанша жерден технология дамығанымен, баланың жүрегіне жол табатын, білімге қызықтыратын басты тұлға – ұстаз болып қала бермек.

Мектеп басшысы ретінде мен үшін Жолдауда көтерілген мәселелердің мәні терең. Біз білім сапасын тек көрсеткішпен бағалап қоймай, әр баланың жетістігіне, тәрбиесіне, болашағына жауапкершілікпен қарауымыз керек. Себебі бүгін мектеп партасында отырған шәкірт – ертең елдің дамуына үлес қосатын азамат. Президент айтқандай, қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда. Ендеше сол қуатты қалыптастыратын ұстаздардың еңбегіне құрмет көрсетіліп, шәкірттеріміздің сапалы білім алуына толық жағдай жасалса, білім саласындағы өзгерістердің нақты нәтижесін көреріміз анық.

Қарлығаш ДИҚАНБАЙ,

Абай атындағы мектеп-гимназия директоры

Ұйғыр ауданы

↑