Қоғамның тыныштығы мен елдің тұрақты дамуы ең алдымен заңның үстемдігіне және қоғамдық тәртіпке байланысты. Заң – мемлекеттің тірегі болса, тәртіп – сол заңның күнделікті өмірдегі көрінісі. Сондықтан заңды құрметтеу мен тәртіпті сақтау әр азаматтың ортақ міндеті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау мәселесіне ерекше мән беріп келеді. «Заң және тәртіп» қағидаты – әділетті, қауіпсіз әрі жауапты қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды ұстаным. Өз құқығын білу – құқықтық сауаттылықтың белгісі болса, өзгенің құқығын құрметтеу – азаматтық мәдениеттің көрінісі.
Тәртіпті қоғам бір күнде қалыптаспайды. Ол отбасындағы тәрбиеден, мектептегі жауапкершіліктен, еңбек орнындағы мәдениеттен және қоғамдық ортадағы өзара құрметтен басталады. Қоғамдық орында тазалық сақтау, жол қозғалысы ережесін бұзбау, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, бөтен адамның құқығына қол сұқпау – мұның барлығы заң мен тәртіп мәдениетінің қарапайым көріністері. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген Бауыржан Момышұлының қанатты сөзі тәртіптің адам өміріндегі маңызын дәл көрсетеді.
Заңды білу, әсіресе, жас ұрпақ үшін маңызды. Жастар өз құқықтары мен міндеттерін біліп, интернеттегі қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке және жауапкершілікке саналы түрде қарауы қажет. Бұл бағытта кітапханалардың да атқаратын жұмысы маңызды. Кеген ауданы Жалағаш ауылдық кітапханасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кітап көрмелері, ақпараттық сағаттар, пікірталастар мен танымдық кездесулер ұйымдастырылып келеді. Кітап – құқықтық білімнің де маңызды көзі. Конституцияны, заңдарды, құқықтық әдебиеттерді оқу арқылы азамат өзінің қоғамдағы орны мен жауапкершілігін терең түсінеді.
Әділетті қоғам қалыптастыру – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл – әр азаматтың күнделікті әрекетінен басталатын ортақ жауапкершілік.
Жансая ҮСЕН,
Жалағаш ауылдық кітапханасының қызметкері
Кеген ауданы

