Алматы облысының Іле ауданында кәсіпкерлік саласы өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып келеді. Өндіріс көлемінің артуы, инвестициялық жобалардың жүзеге асуы, жаңа кәсіпорындардың ашылуы мен жұмыс орындарының құрылуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруде.
29 қазанда Іле ауданында Кәсіпкерлер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиында аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов кәсіпкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың ауданның өркендеуіне қосып отырған үлесін атап өтті.
Ауданның экономикалық көрсеткіштері де оң динамиканы көрсетеді. Соңғы үш жылда өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 741 миллиард теңгеден 921 миллиард теңгеге дейін жетіп, 24 пайызға өсті. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 206 миллиард теңгеден 240 миллиард теңгеге дейін артып, 17 пайыздық өсім көрсетті.

Кәсіпкерліктің дамуы жаңа жұмыс орындарын ашумен тікелей байланысты. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, Іле ауданында жалпы құны 235,4 миллиард теңгені құрайтын 47 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оларды іске асыру нәтижесінде 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Оның ішінде 2026 жылы 16 жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып, олардың жалпы құны 151 миллиард теңгені құрайды. Бұл жобалар 1 600-ден астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Ауданда өндірістік және логистикалық бағыттағы жаңа жобаларға да басымдық берілуде. Олардың қатарында сусын өндіру, қойма кешендерін салу, құрылыс материалдарын шығару және өндірістік қуаттарды кеңейту бастамалары бар. Мұндай жобалар ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына және жергілікті экономиканың нығаюына ықпал етеді.
Кәсіпкерлікті дамытуда мемлекеттік қолдаудың да маңызы зор. Жеңілдетілген несиелер, субсидиялар және өзге де қолдау тетіктері кәсіпкерлерге өз ісін кеңейтуге, өндірісті жаңғыртуға және жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Салтанатты іс-шара барысында аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жүрген кәсіпорындар арнайы номинациялар бойынша марапатталды.
Атап айтқанда, «Carlsberg Central Asia» және «Kusto Group» компаниялары «Үздік инвестициялық жоба» номинациясына ие болды. «Джей Ти Ай Казахстан» компаниясы «Бюджеттің сенімді тірегі» номинациясы бойынша марапатталса, «Филип Моррис Казахстан» компаниясына «Жылдың үздік салық төлеушісі» атағы берілді. Ал «Шин-Лайн» компаниясы «Үздік өндірістік жоба» номинациясымен марапатталды.
Бұл марапаттар кәсіпорындардың табысты қызметін ғана емес, олардың инвестиция тартуға, өндірісті дамытуға, бюджет кірісін толықтыруға және ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға қосып отырған үлесін де айқындайды.
Кәсіпкердің жетістігі тек жеке бизнестің табысымен өлшенбейді. Оның артында жаңа жұмыс орындары, отбасылардың тұрақты табысы, жергілікті бюджетке түсетін кіріс және тұтас өңірдің дамуы тұр. Сондықтан кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау, қолайлы бизнес ортасын қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру – аудан дамуының маңызды бағыттарының бірі.
Іле ауданының экономикалық әлеуетін одан әрі арттыруда кәсіпкерлердің іскерлігі мен бастамалары ерекше маңызға ие. Өндірісті өркендетіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Іле ауданы

