Алматыдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде кесте өнерінің шебері, суретші Гүлмира Садықованың «Ине сыры – қуыршақ жаны» атты жеке авторлық көрмесі ашылды. Бұл – асықпай, баппен жасалатын әсемдік, адам қолының нәзік еңбегі, қарапайым мата, жібек жіп пен инені өнер туындысына айналдыратын уақыт, сабыр мен сүйіспеншілік жөніндегі көрме. Гүлмира Тұрсынқызы өзінің саналы ғұмырын ел шебінің сызатсыздығына арнаған сардардың аяулы жары. Бұл-бұл ма, біз білетін Садықовтар – шекарашы мамандығын атадан-балаға үзбей жалғастырып келе жатқан шекарашылар әулеті. Тіпті біз бұл туралы еліміздің ата басылымы – «Егемен Қазақстан» газетінің 2026 жылғы 7 мамырдағы мерекелік санында арнайы қалам тербеген болатынбыз…

Әлі есте, осы мақаланы жазу үшін отставкадағы полковник Пірімжан Садықовтың шаңырағында болып, әдемі сұхбат құрған кезімізде Гүлмира Тұрсынқызы өзінің сүйікті ісі бар екенін сөз арасында айтып қалған еді. Сол жолы өзінің «Инемен жазған кескіндеме» атты бірінші көрмесін 2019 жылдың желтоқсанында Ә.Кастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде өткізгенін баппен жеткізген шекарашының зайыбынан қазан айында картиналарын көпшілік назарына ұсынуды жоспарлағанын білдік. Білдік те елең ете қалдық…

… Сағат 16.00-ге белгіленген ашылу рәсіміне Шекара қызметінің аңыз адамдарының бірі генерал-майор Тоқтасын Бұзыбаев бастаған шекарашы ардагерлер қатысқан. «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының төрағасы запастағы полковник Назым Мұздыбаев, шекара шебінде, жел өтінде қызмет атқарған, бүгінде Алматыдағы «Ауыр машина жасау зауыты» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары запастағы полковник Асхат Тілеубердиев Гүлмира Тұрсынқызының қолөнерін жоғары бағалап, оның шығармашылығына қатысты жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, көрменің ашылу рәсімінде суретші әрі шебердің жолдасы Пірімжан Сайыпұлы да сөз кезегін алып, шекарашылар әулетінің ардақты келіні атанған жарының сүйікті ісіне үлкен құрметпен қарайтынын, әу бастан-ақ қолдау білдіргенін айта келіп, осыған қатысты қызықты оқиғаларымен бөліскен. Әрі қарай, жүргізуші жиналған қауымды музейдің үшінші қабатындағы көрме залына шақырған. Мұнда автордың 80-нен астам туындысы қойылыпты. Гүлмира Садықованың айтуынша, кейбір картиналарды жасауға бір жылдан аса уақыт кеткен. Ол ине мен жіпті көркемдік құрал ретінде пайдаланып, мате бетіне түрлі бейнелерді кестемен өрнектейді. Қуанарлығы, шебердің туындылары халықаралық деңгейде өз бағасын алып, EХРО Dubai көрмесіне қойылыпты. Бұған қоса, шекарашының жары көрмеге келушілердің назарына интерьерлік қуыршақтар топтамасын ұсынуды жөн көрсе керек. Бұл – шебердің көркемдік ізденістерінің тағы бір қырын аша түседі. Көрмеге қойылған картиналар мен әсем безендірілген қуыршақтардан біз әлем халықтарының ұлттық нақыштарын таныған едік. Бәрінен де сақ патшайымы Томиристің жауынгер қыздары өздерінің сыртқы батыр да батыл кейіптерімен бізді тәнті ете түскен… Қызық, осы сәт Гүлмира ханым не ойлады екен?.. 2 қарашаға дейін өз көрерменін күтетін көрмеден түйгеніміз, сөз жоқ, бұл – Гүлмира Тұрсынқызының өнер жолындағы көп жылғы ізденісінің зор табысы, шеберлігінің шыңы, шығармашылығының асқар биігі. Өнер әлеміндегі өзіне тән айшықты қолтаңбасы. Өйткені, ине мен жіп арқылы гардеробтан «шығып» қалған киімге екінші өмір сыйлау да көп адамның қолынан келе бермейтін қасиет. Қабырғаларға сән берген картиналар мен қуыршақтар – осының айғағы еді.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА, ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы

