Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында ел алдындағы стратегиялық міндеттерді айқындай отырып, қоғамдағы бірлік пен келісімнің, тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын атап өтті. Бұл мәселелерді қазіргі кезеңде еліміздің тұрақты дамуы мен қоғамдық сенімді нығайту тұрғысынан өзекті деп санаймын. Мемлекеттің қуаты тек экономикалық көрсеткіштермен немесе жүзеге асырылған жобалармен өлшенбейді. Оның негізінде азаматтардың өзара сенімі, заңға құрметі және ортақ мақсат жолындағы ынтымақтастығы жатыр.
Жолдаудағы маңызды тұстардың бірі – қолға алынған жұмыстардың сапасы мен тиімділігіне қойылатын талап. Қандай да бір бастама нақты нәтижеге жеткізіп, халықтың өміріне оң өзгеріс әкелуі тиіс. Мемлекеттік органдардың қызметі де осы өлшеммен бағаланғаны жөн. Жоспарланған жобалардың уақтылы орындалуы, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы және қабылданған шешімдердің халыққа түсінікті болуы мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен бірге тәртіп пен жауапкершілікті нығайту әр азаматтың жеке ұстанымынан басталады. Қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау, қоршаған ортаны қорғау, заң талаптарын сақтау және өз міндетін адал орындау – өркениетті қоғамның маңызды белгілері. Бұл құндылықтар күнделікті өмірде берік орныққанда ғана ортақ игілікке бағытталған бастамалардың нәтижесі тұрақты болады.
Еліміздің жаңа даму кезеңіндегі міндеттерін жүзеге асыру мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікке байланысты. Әр азамат өз ісіне адал болып, қоғамдық мүддені құрметтеп, ел дамуына шамасына қарай үлес қосуы қажет. Ал мемлекеттік құрылымдар халықтың сұранысына сай жұмыс істеп, нақты нәтижеге қол жеткізуге ұмтылуы тиіс.
Менің пайымдауымша, алдағы кезеңнің басты өлшемі – айтылған міндеттердің іс жүзінде орындалуы. Қоғамдық бірлік, жауапкершілік және жүйелі еңбек өзара ұштасқанда ғана тұрақты даму қамтамасыз етіледі. Сондықтан бүгінгі міндет – ортақ мақсатты нақты іске айналдырып, ел болашағы үшін жауапкершілікті әр деңгейде сезіну.
Айжан ӘБІТ,
Еңбекшіқазақ ауданының жастар
ресурстық орталығының басшысы

