Перейти к содержимому

ЖОЛДАУ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

54 қаралым

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің алдағы даму кезеңіне арналған маңызды міндеттер айқындалды. Мен үшін Жолдаудағы басты ұстанымдардың бірі – кез келген реформаның нақты нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрініс табуы тиіс.

Сапалы медициналық көмек, қолжетімді білім, жақсы жол, таза ауыз су және жайлы өмір сүруге қажетті жағдай – әрбір азамат үшін маңызды. Сондықтан әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға, өңірлерде халыққа қажетті нысандарды салуға басымдық беру айрықша мәнге ие. Келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсыныс та елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бастама деп есептеймін.

Алматы облысы үшін де бұл міндеттердің маңызы зор. Өңіріміз дамыған сайын тұрғындардың сұранысы артып, инфрақұрылымға деген қажеттілік күшейе түседі. Сондықтан әрбір жоба халықтың нақты сұранысына негізделіп, сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асуы қажет. Құрылыс жұмыстары жаңа нысандар салумен ғана шектелмей, жұмыс орындарын ашуға, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс.

Жолдауда экономиканың тұрақты дамуы, инфляцияны тежеу, азаматтардың табысын арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету және отандық өндірісті дамыту – экономиканың тұрақтылығын нығайтатын негізгі факторлар. Экономикалық өсімнің нәтижесі әрбір отбасының әл-ауқатынан көрінуі керек.

Сонымен қатар цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту – уақыт талабына сай маңызды бағыттардың бірі. Заманауи технологиялар өндіріс тиімділігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге және азаматтардың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға қызмет етуі қажет.

Мен Жолдауда атап өтілген заңға құрмет, тәртіп, адал еңбек және ортақ жауапкершілік қағидаттарын да ерекше маңызды деп санаймын. Әділетті қоғам құру – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, баршамызға ортақ жауапкершілік. Ол әр азаматтың өз ісіне адал қарауынан, заңды құрметтеуінен және ел игілігі үшін еңбек етуінен басталады.

«Әділет» партиясы үшін де бұл қағидаттар айрықша маңызды. Әділеттілік – әр азаматқа тең мүмкіндік беру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қабылданған шешімдердің халық мүддесіне қызмет етуі.

Жолдауда белгіленген міндеттерді нақты іспен жүзеге асыру – ортақ мақсатымыз. Ең бастысы, қолға алынған бастамалардың игілігін халық сезініп, әрбір өңірдің дамуы тұрғындардың өмір сапасының жақсаруынан көрінуі тиіс.

Гүлжан ЛЕСБЕКҚЫЗЫ,
Іле аудандық саяси кеңесінің мүшесі

↑