Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады

Жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады

32 қаралым

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Кенешов пен қызметкерлері және ерікті жастардың тікелей эфирде тыңдағанына куә болдық.

Бұл – жастардың ел болашағына бейжай қарамай, қоғамдағы маңызды өзгерістерге қызығушылығының айқын көрінісі. Сондай-ақ еліміздің жарқын болашағы жолында үлес қосуға дайын екенін анық аңғартады. – Облыстық және аудандық орталықтарда жастар Жолдауды тікелей эфирде тыңдады. Мұның жастардың мемлекеттік саясатты түсініп, өздерінің азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және қоғамдағы игі бастамаларға белсенді атсалысуына септігін тигізетіні анық. Маңызды құжатта мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, бюрократияны жою және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Президенттің 2027 жылды жаппай Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсынысы да маңызды бастамалардың бірі болды. Мұның еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, жаңа нысандар салуға, елдімекендердің әлеуетін арттыруға жол ашатыны сөзсіз. Сондай-ақ цифрлық экономиканы дамыту, жасанды интеллектіні түрлі салаға енгізу және азаматтарға жаңа табыс көздерін қалыптастыруға мүмкіндік беру міндеттері айқындалды. Бүгінгі технологиялық өзгерістер кезеңінде білімді, бәсекеге қабілетті әрі жаңашыл ұрпақ қалыптастырудың маңызы зор. Әрбір реформаның нәтижесі азаматтардың күнделікті өмірінен көрініс табуы тиіс. Біздің ортақ міндетіміз – ел болашағы үшін жауапкершілікпен еңбек етіп, жасампаздық пен жаңашылдыққа негізделген қоғам қалыптастыру, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Кенешов.

– Мемлекет басшысының Жолдауында елдің болашақ дамуы, жаңа технологияларды енгізу, инфрақұрылымды жаңғырту және қоғамдағы жауапкершілікті нығайту мәселелері көтерілді. Президенттің заманауи технологияларды дамытуға және әр азаматтың өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасауға қатысты айтқаны жастар үшін маңызды деп санаймын. Әрбір жас өзгерістердің белсенді қатысушысы бола алады. Өскелең ұрпақ білімге ұмтылып, жаңа дағдыларды меңгеріп, елге пайдалы бастамаларды жүзеге асыруға атсалысуы керек. Ерікті жас ретінде ел дамуына үлес қосу күнделікті өмірдегі қарапайым істерден басталады деп ойлаймын. Волонтерлік қызмет бірлесе әрекет етуді, ортақ мақсатқа жұмылуды және жастардың жауапкершілігін арттырып, қоғамда өзара қолдау мен сенімді нығайтады. Еліміздің дамуына бағытталған үлкен мақсаттар осындай күнделікті игі істермен ұштасқанда ғана нақты нәтижеге айналатыны анық, – дейді еріктілер қатарын толықтырып жүрген белсенді жастың бірі Меруерт Берікқызы.

– Бүгінгі Президент Жолдауында көтерілген мәселелер еліміздің болашағы үшін маңызды. Әсіресе цифрлық экономиканы дамыту, жаңа технологияларды енгізу және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бастамалары жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Менің ойымша, қазіргі жастар заман талабына сай білім алып, жаңа дағдыларды меңгеріп, еңбек нарығындағы өзгерістерге дайын болуы керек. Белсенді жас ретінде мен қоғамның дамуына өз үлесімді қосу үшін тек мүмкіндікті күтпей, өзім де бастама көтеруге тырысамын. Жастарға арналған білім беру, спорт және шығармашылық кеңістіктердің дамуы әрқайсымыздың өз қабілетімізді ашуымызға көмектеседі. Сонымен қатар елдің дамуы тек мемлекеттік шешімдерге емес, әр азаматтың жауапкершілігі мен еңбегіне де байланысты деп есептеймін. Ең бастысы, Жолдауда айтылған бастамалар нақты жүзеге асып, жастардың болашағына оң әсер етіп, халықтың өмір сапасын жақсартса деймін, – деді «Жасыл ел» жасағында еңбек еткен Әмір Ерболұлы.

Облыс жастарының бас қосып, Жолдауды тікелей эфирде тыңдауы – маңызды құжатпен танысу ғана емес, олардың ел болашағы жолындағы бастамаларды қолдап, қоғам игілігі үшін жауапкершілік танытып, ортақ мақсат жолында жұмыла алуының көрінісі. Мұндай игі шаралардың жастардың мемлекеттік саясатты түсініп, өздерінің азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және қоғамдағы игі бастамаларға белсенді атсалысуына септігін тигізетіні анық. Жолдауда аталған міндеттер жастар үшін де ерекше маңызға ие. Өйткені елдің ертеңі – жас ұрпақтың қолында.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

Қонаев қаласы

↑