Жолдауды басынан аяғына дейін тыңдап шыққандағы түйген негізгі ойым – халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің басты мақсаты ретінде айқындалған. Барлық бастама, жобалар мен атқарылатын жұмыстар осы мақсатқа қызмет етіп, өзара үйлестірілуі тиіс. Заң саласының маманы ретінде Жолдаудағы құқықтық мәселелерге қатысты үш маңызды жаңалыққа тоқталғым келеді. Бұлар алдағы кезеңде еліміздің құқықтық жүйесі мен экономикалық қатынастарының дамуына ықпал ететін елеулі оқиға болмақ.
Біріншісі – жаңа Азаматтық кодексті қабылдау.
Құрылтайға 2027 жылдың соңына дейін жаңа Азаматтық кодексті қабылдау міндеті қойылып отыр. Бұл – мүліктік және мүліктік емес қатынастарды заман талабына сай реттеуге, азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды қадам. Азаматтық кодекс ең күрделі әрі күнделікті өмірге қажетті ең маңызды нормативтік құқықтық акті екенін заңгерлер жақсы біледі.
Жаңа кодекс бизнестің дамуына кеңірек мүмкіндік беріп, әсіресе шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуіне, кәсіпкерлік қызметтің әртараптандырылуына жол ашуы керек. Азаматтық-құқықтық реттеу тетіктері іскерлік белсенділікті ынталандырып, кәсіпкерлердің өзара қатынастарында құқықтық айқындық пен сенімділікті қамтамасыз ететін болады.
Екіншісі – Салық кодексін жетілдіру.
Бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау мәселесі салық заңнамасын қайта қараумен де тікелей байланысты. Салық жүйесі мемлекеттің кірісін қамтамасыз етумен қатар, кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға және экономиканың тұрақты дамуына ықпал етуі тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда, Салық кодексінің нормаларын олардың тиімділігі, түсініктілігі және кәсіпкерлерге түсіретін әкімшілік жүктемесі тұрғысынан қайта қарау маңызды. Кәсіпкердің уақытын негізсіз рәсімдерге жұмсамай, өз ісін дамытуға мүмкіндік беретін құқықтық орта қалыптастыруымыз қажет.
Жалпы, тек Азаматтық және Салық кодекстері ғана емес, Еңбек кодексі мен басқа заңдар да бизнестің дамуына қаншалықты қолайлы жағдай жасайтыны тұрғысынан кешенді ревизиядан өтуі тиіс деп санаймын.
Мәселен, еңбек қатынастарында жұмыс беруші мен жұмыскердің мүдделері арасындағы тепе-теңдік маңызды. Жұмыс берушінің қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және еңбек шартын тоқтату мәселелерінде негізсіз кедергілерге тап болмауы керек. Сонымен бірге жұмыскердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделері де сенімді қорғалуға тиіс. Бұл екі тараптың мүдделерін қайшылықсыз шешу, теңгерімді сақтау кәсібилікті қажет етеді. Бұл ретте бизнес-климаты мықты елдердің, әсіресе АҚШ тәжірибесін негізге алған жөн.
Үшіншісі – Алатау қаласында инвестициялық сот құрылады.
Жолдауда Алатау қаласының конституциялық мәртебесіне сәйкес инвестициялық сот құру бастамасы да айтылды. Оның ағылшын құқығының қағидаттарына негізделуі шетелдік инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың халықаралық тәжірибеде танылған тетіктерін қолдануға мүмкіндік береді. Мұндай соттың құрылуы Алатау қаласына инвестиция тартуға қолайлы құқықтық орта қалыптастыруға, инвесторлардың сенімін арттыруға және инвестициялық дауларды шешудің тиімді тетіктерін дамытуға ықпал етеді.
Бұл шетелдік құқық негізінде қаралатын бірінші сот емес. Қазақстанда ағылшын құқығының қағидаттарына негізделген сот төрелігінің тәжірибесі Халықаралық Астана қаржы орталығында (МФЦА) қолданылып келеді. Алатау қаласында осындай соттың құрылуы бұл бағыттағы құқықтық тәжірибені кеңейте түседі. Инвестициялық даулардың жалпы сот істеріндегі үлесі аз болғанымен (1%-ға жетпейді), олардың экономикалық салмағы мен инвестициялық ахуалға ықпалы зор. Ең бастысы – инвесторларға берілетін құқықтық кепілдік және сенім.
Бұл бастаманың құқықтық тұрғыдан тағы бір маңызды қыры бар. Қазақстанның құқықтық жүйесі континенттік, соның ішінде романдық құқық дәстүріне негізделген. Дегенмен халықаралық тәжірибеде қалыптасқан өзге де құқықтық тетіктерді ұлттық заңнамаға сәйкес қолдану мүмкіндігі құқықтық жүйеміздің икемділігін арттырады.
Мұны құқықтық плюрализмнің оң тәжірибесі ретінде қарастыра аламыз. Экономиканың қажеттілігіне қарай тиімді құқықтық құралдарды пайдалануға жол ашатын перспективалы бағыт ретінде бой көтеруде. Түйіндей айтқанда, жаңа Азаматтық кодексті қабылдау, Салық кодексін жетілдіру және Алатау қаласында инвестициялық сот құру – Жолдаудағы құқықтық мәселелерге қатысты үш негізгі жаңалық. Олардың әрқайсысы өз алдына маңызды болғанымен, мақсаты бір: құқықтық ортаны жетілдіру, бизнестің дамуына жағдай жасау, инвестиция тарту және экономиканың тұрақты дамуына ықпал ету. Ал мұның түпкі нәтижесі халықтың әл-ауқатын арттыруға әкелуі тиіс.
Қазыбек Дәуітәлі,
Халық кеңесінің мүшесі, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры

