2026 жылғы 28 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы жарияланды. Жастар ресурстық орталығының қызметі тұрғысынан қарағанда, саяси құжатта баса назар аударылған бағыттардың әрқайсысы маңызды. Себебі ел дамуының көрсеткіштері жастардың білім алуына, кәсіби қалыптасуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуына және қоғам өміріне белсенді араласуына жасалған мүмкіндіктермен де тығыз байланысты.
Жолдауда әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілікті анықтауға басымдық берілуі назар аударуға тұрарлық. Мұндай нысандардың қолжетімді болуы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, жаңа дағдыларды меңгеруіне және өз қабілеттерін дамытуына жағдай жасайды. Әсіресе аудан мен ауыл жастары үшін сапалы білім беру, спортпен айналысу және шығармашылықпен шұғылдану мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Бүгінгі жастар саясаты тек іс-шаралар өткізумен шектелмеуі тиіс. Оның негізгі нәтижесі – жас азаматтардың нақты мүмкіндіктерге ие болуы, өз кәсібін табуына қолдау көрсетілуі, бастамаларын іске асырып, қоғамның дамуына үлес қосуы. Осы тұрғыдан алғанда, жастар ресурстық орталықтарының міндеті – жастардың сұранысын зерделеу, олардың мәселелеріне назар аудару және білім беру ұйымдарымен, жұмыс берушілермен әрі қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, тиімді жобаларды жүзеге асыру.
Жолдауда жасанды интеллект негізіндегі цифрлық экономиканы құру міндетінің қойылуы да жастар үшін өзекті. Қазіргі еңбек нарығы үздіксіз өзгеріп жатқандықтан, цифрлық сауаттылықты арттыру, жаңа технологияларды меңгеру және заманауи мамандықтар туралы білім алу қажеттілігі арта түседі. Жастарды осы өзгерістерге бейімдеу үшін практикалық оқытуға, цифрлық дағдыларды дамытуға және жаңа идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бастамаларға басымдық беру қажет. Сонымен қатар жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру, еріктілік қозғалысын дамыту және қоғамдық бастамаларға қатысуын қолдау жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуы керек. Жастар ел өміріндегі өзгерістердің белсенді қатысушысы болуға, туған өңірінің мәселелерін шешуге және әлеуметтік жобалар арқылы қоғамға пайда әкелуге мүмкіндік алуы тиіс.
Менің ойымша, Жолдауда белгіленген міндеттердің маңыздылығы олардың нақты нәтижелері арқылы бағаланады. Қабылданған шешімдер халықтың күнделікті өмірінен көрініс тауып, әр өңірдің ерекшелігі мен қажеттілігіне сай жүзеге асуы қажет. Бұл ретте, жастармен жұмыс істейтін ұйымдардың да жауапкершілігі жоғары. Олар жастардың әлеуетін ашуға жағдай жасап, олардың сұранысына сай жұмыс жүргізіп, әр бастаманың нәтижесіне мән беруі керек.
Елдің болашағы – білімді, белсенді және жауапкершілігі жоғары ұрпақтың қолында. Сондықтан жастарға мүмкіндік жасау, олардың үнін есту және бастамаларын қолдау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс еліміздің адами әлеуетін нығайтып, өңірлердің дамуына және қоғамның тұрақты болашағын қалыптастыруға үлес қосады.
Мөлдір АБАТАЙҚЫЗЫ,
Талғар аудандық жастар ресурстық
орталығының басшысы

